ВС РК - Постановление от 12.06.2025 по делу 6001-25-00-6ап/292 (Административное)

№6001-25-00-6ап/292

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 12 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры

Н.А.Молдахановтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Утепбергенова Магрипа Муратовнаның жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың, конкурс қорытындылары туралы хаттамалардың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға «И.Беркенова» жеке кәсіпкердің өкілі Б.К.Сералиевтің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 26 шілдедегі №431010000-КпОПО-32302234 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған; Басқарманың 2024 жылғы 4 шілдедегі және 2024 жылғы 31 шілдедегі №12483743-1, 2024 жылғы 10 шілдедегі №12483382-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған;

2024 жылғы 12 тамызда жасалған №7, 2024 жылғы 23 тамызда жасалған №46 қызмет көрсету туралы шарттары жарамсыз деп танылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы кассациялық шағымда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Басқарма «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «І.Қабылов атындағы №12 ақпараттық технология мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-№12 мектеп-лицейі), «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Абылайхан атындағы №140 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі- №140 орта мектеп) тапсырысы бойынша балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға конкурстар ұйымдастырған.

№12 мектеп-лицейі бойынша конкурсқа қатысуға ЖК Утепбергенова, ЖК К.Е.Ниязова (бұдан әрі-ЖК Ниязова), ЖК Махамбетова, «Өрлеу-сапа өндірістік бірлестігі» ЖШС өтінімдерін тапсырып, барлығы конкурсқа қатысуға жіберілген. 2024 жылғы 4 шілдедегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып ЖК Г.Махамбетова танылған. Конкурс нәтижесімен келіспеген әлеуетті өнім беруші ЖК Утепбергенова Департаментке шағымданып, шағымды қарау нәтижесімен 2024 жылғы 26 шілдеде Департаментпен №431010000-КпОПО-32-302234 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама қалыптастырылған.

Хабарламаға сәйкес 2024 жылғы 31 шілдеде қорытындылар қайта

қаралып, ЖК Махамбетова жеңімпаз деп танылған.

2024 жылғы 12 тамызда №12 мектеп-лицейі мен ЖК Махамбетова арасында №7 қызмет көрсету туралы шарт жасалған.

№140 орта мектебі бойынша конкурсқа қатысуға ЖК Орынбасар, ЖК Утепбергенова, ЖК Ниязова, ЖК Бекбулатова, ЖК Беркенова өтінім беріп, ЖК Орынбасардан басқалары конкурсқа қатысуға жіберілген.

2024 жылғы 4 шілдедегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып ЖК Беркенова танылған.

Конкурс нәтижесімен келіспей, талап қоюшы Департаментке шағымданып, Департаментпен 2024 жылғы 31 шілдеде №431010000-КпОПО31-302744 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама қалыптастырылған. Хабарламаға Басқармамен қарсылық беріліп, қарсылық қанағаттандырылып, хабарламаның күші жойылған.

2024 жылғы 23 тамызда №140 орта мектеп пен ЖК Беркенова арасында қызмет көрсету туралы №46 шарт жасалған.

Талап қоюшы сотқа жүгініп, конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды және камералдық хабарламаны заңсыз деп тануды сұраған. Оған негіз ретінде әлеуетті өнім берушілермен ұсынылған диетолог пен технологтың біліктілігі қағида талаптарына сәйкес келмейтіні, 2019-2021 жылдарға шот-фактуралар қағаз тасығышта ұсынылғаны, еңбек шарттарының мерзімдері өткені жөнінде уәждер келтірген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.

Сот актілеріне ЖК «Махамбетова» кассациялық шағымын қайтарып алуына байланысты, іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «И.Беркенова» шағымы шегінде қаралады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен» (әрі қарай - Қағида) реттеледі.

Аталған Қағидаға сәйкес конкурс жеңімпазы төменгі өлшемшарт бойынша айқындалады: қызмет көрсету нарығында тиісті аймақта өткен жылдағы жұмыс тәжірибесі; арнайы білімі, біліктілі бар аспаздың болуы; аспаздың еңбек өтілі 1 жылдан кем емес болуы; арнайы білімі, біліктілігі бар диетологтың болуы; қоғамдық тамақтану саласында жоғары, орта - техникалық білімі бар технологтың немесе техник – технологтың болуы. Осы өлшемшарттар бойынша барынша көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады. Екі және одан да көп әлеуетті өнім беруші бірдей балл санын жинаған жағдайда, жұмыс тәжірибесі өлшемшарты бойынша ең көп балл жинаған конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылады.

Жұмыс тәжірибесі бойынша баллдар саны тең болған кезде конкурсқа қатысуға өтінімі басқа әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерінен бұрын түскен конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.

ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-303/2020 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидалары және қосымша және формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану қағидаларының (бұдан әрі - №ҚР ДСМ-303/2020 Қағида) 2-тармағында біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге, сондай-ақ негізгі мамандық ішінде жаңа (қосымша) құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны деп көрсетілген. №ҚР ДСМ-303/2020 Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларының деңгейлері базалық, орта, жоғары, мамандандырылған болып бөлінеді.

Аталған конкурсқа ұсынылған барлық әлеуетті өнім берушілердің құжаттары конкурс құжаттамасына сай келмеген.

Бұл мән-жайлар ЖК «И.Беркенова» еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді. Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «И.Беркенова» жеке кәсіпкердің өкілі Б.К.Сералиевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.