6001-23-00-3гп/241
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 12 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Ж.Бектұрғановтың
судьялар Ш.С.Иманиязованың, А.С.Савинованың,
талапкер Б[...], оның өкілі Ж[...],
жауапкер Т[...], оның өкілі Д[...], Н[...] қатысумен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Б[...] жауапкерлер «ТТ[...]» ЖШС-не, «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ-на зиянды өтеу сомаларын ұлғайтылған түрде өндіру, өтеу сомаларын ұлғайтып төлеу міндетін жүктеу, сақтандыру төлемдерін, моральдық зиян өтемақыcын, шығындарды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі Ж[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б[...] «ТТ[...]» ЖШС-не және «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ-на зиянды өтеу сомаларын ұлғайтып, 9 683 317 теңге өндіруді, айына 228 942 теңгеден төлеп тұру міндетін жүктеуді, моральдық зиянның өтемі ретінде 10 000 000 теңге өндіруді, мұқтаждығына қарай емдеу, басқа да медициналық, әлеуметтік көмек шығындарын өтеуді, бес еселенген жылдық жалақысы ретінде 2 929 020 теңге өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. «ТТ[...]» ЖШС-нен Б[...] пайдасына моральдық зиян өтемақысы ретінде 2 000 000 теңге өндірілген, талап қоюдың қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Ж[...] өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мәнжайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс
қолданылмағанын, асыраушысыз қалуына байланысты, оған өтелетін зиян екі есе кем есептелгенін көрсетіп, талап қою арызын толық көлемінде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Арызданушының өтінішхатты қолдаған пікірін, Серіктестіктің қарсылығын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
2003 жылғы 03 шілдеде жазатайым оқиға салдарынан Б[...] өндірісте жүріп ауыр дене жарақатын алған, 2003 жылғы 21 шілдеде оған І топ мүгедектігі белгіленген, оқиғаға жұмыс берушінің кінәсі 100 % деп танылған,.
2003 жылғы 28 қазанда ЖАҚ-ның жұмысы тоқтатылып, құқықтық мирасқоры ретінде «ТТ[...]» ЖШС болып қайта құрылған.
«ТТ[...]» ЖШС 2003 жылғы тамыздан бастап 2021 жылғы тамызға дейін Б[...] жоғалтылған табысы үшін ай сайын 39 700 теңгеден төлеп келген. 2021 жылғы 01 тамыздан бастап жоғалтылған табыс сомасын ай сайын өтеу 42 500 теңгеге ұлғайтылған, яғни сол кездегі Қазақстан Республикасының ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем жүргізілуде.
Жергілікті соттар талап қою арызын ішінара қанағаттандырып, Б[...] ауыр дене жарақатын алуына «ТТ[...]» ЖШС-нің тікелей қатысы болмағанын, қазіргі таңда жауапкерде жұмыс көлемінің азайғаны, барлығы тоғыз штаттық бірлікте жұмыс істейтінін көрсеткен.
Сонымен қатар, талап қоюшының жоғалтылған айлық табысын Қызылорда облысы бойынша шикі мұнай және табиғи газ өндіру саласындағы мұнай және газ өндіру жөніндегі оператордың орташа айлық жалақысы мөлшеріне теңестіріп өндіру, сонымен бірге айына 228 942 теңгеден төлеп тұруды міндеттеу талабын қанағаттандырусыз қалдыруын сот 2003 жылғы қазан айында «ТТ[...]» ЖШС құрылғаннан бастап мұнай және газ өндіру операторы қызметі қысқартылған, жауапкердің қызмет көрсету түрі өзгерген, шикі мұнай және табиғи газ өндіру саласына қатысты қызметтермен айналыспайды дегенімен негіздеген.
Б[...] мұқтаждығына қарай емдеу, басқа да медициналық, әлеуметтік көмекке кеткен шығындарын өтеуді міндеттеу туралы талаптарын талап қоюшымен тиісті дәлелдемелер келтірмегендіктен, сақтандыру төлеміне қатысты бөлігі бойынша талап қоюдың мерзімі өтіп кеткендіктен қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымға келген.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерін анықтау кезінде талап қоюшыға келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, оның моральдық және физикалық субъективтік бағалануын ескермеген деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 951-бабының 1-тармағына сай моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы, оның ішінде өзіне қарсы құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда - жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзім тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
АК-нің 952 бабына сәйкес, моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбірленушінің не оған қарсы жасалған құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективті бағалауы да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң не ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тиіспеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы; құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы (жақын туыстарын өлтiру, мүгедектiкке алып келген дене жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыстан немесе тұрғын үйден айыру және т.б.); ұятқа қалдыратын жалған мәлiметтер тарату сипаты мен аясы; жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары (қызметтік, отбасылық, тұрмыстық, материалдық, денсаулық жағдайы, жасы және басқалары), өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi. Моральдық зиян өтелуге тиiс мүлiктiк зиянға қарамастан өтеледi.
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақастан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, моральдық зиянды өтеу зиян келтірушінің кінәсі анықталған кезде жүргізіледі.
Б[...] өндірістегі оқиға салдарынан ауыр дене жарақатын алып, мүгедек болып қалуына жауапкердің кінәлілігі анықталды.
Нормативтік қаулының 7-тармағы негізінде, cот өтемақы сомасын ақылпарасаттылық пен әділдік өлшемдерін негізге ала отырып анықтайды.
Моральдық зиян өтемақысының мөлшерін, егер оны анықтаған кезде азаматтың өзіндік мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты мән-жайлар ескерілсе, ақыл-парасатқа сай әрі әдiл деп есептеген жөн. Ақшалай өтемақының мөлшері құқыққа қарсы әрекет жасалғаны үшін және оның зиян келтірушіге келтірілген салдары үшін жауапкершілік шарасы болады. Бiрiншi сатыдағы сот өндiрген моральдық зиян өтемақысының мөлшерi, егер бұл мөлшер жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейтiн болса, жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаралуы мүмкiн.
Аталған нормативтік қаулының 8-тармағында соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерін анықтаған кезде азаматқа келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, оның субьективті мәліметтерді, атап айтқанда: өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтардың (өмірі, денсаулығы, бостандығы, тұрғын үйге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық құпиясы, ар-намысы мен қадір-қасиеті және т.б) өмірлік маңызын; жәбірленушінің басынан кешірген жан немесе тән азабының дәрежесін (бас бостандығынан айырылуы, дене жарақаттарының келтірілуі, жақын туыстарынан айырылуы, еңбек қабілетін жоғалтуы немесе оның шектелуі және т.б); моральдық зиянды өтеу үшін қажет болып табылатын зиян келтірушінің кінәсінің түрін назарға алуы қажет екені түсіндірілген.
Бұл ретте, жергілікті соттардың Б[...] пайдасына өндірілген моральдық зиян мөлшері әділдік пен парасаттылық өлшемшарттарына сәйкес келмеуі салдарынан, оның ауыр дене жарақат алғанын, бірнеше жылдар бойы төсекке танылғанын, еңбек қабілетін жоғалтқанын, тән азабының ауырлығын басшылыққа ала отырып, моральдық зиян мөлшері ұлғайтылуға жатады деп санайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген басқа уәждеріне жергілікті соттармен тиісті баға берілді.
АПК-ның 224-бабына сәйкес, сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. Процессуальдық нормаларды сақтай отырып, материалдық немесе процестік құқық нормаларды дұрыс қолданып, қабылданған шешім заңды болып табылады.
Жоғарыдағылар негізінде, кассациялық сот алқасы өтінішхат ішінара қанағаттандырылуға, моральдық зиян өтемақысы 4 000 000 (төрт миллион) теңгеге дейін ұлғайтылуға жатады деген қорытындыға келеді.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 қазандағы қаулысы өзгертілсін.
Аталған сот актілерінің талап қоюшы Б[...] пайдасына жауапкер «ТТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен өндірілген моральдық зиян өтемақысы 4 000 000 (төрт миллион) теңгеге дейін ұлғайтылсын.
«ТТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Б[...] өкілі Ж[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
М.Бектұрғанов
Судьялар Ш.Иманиязова
А.Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.