ВС РК - Постановление от 17.10.2023 по делу 6001-23-00-3гп/421 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/421

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 17 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші - судья Н.Қ. Сұлтанов,

судьялар Б.Р. Ералиева, Ғ.Ж.Мырзаке,

прокурор К[...],

талап қоюшы «Қызылорда облысы, [...] бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі – РММ) өкілі К[...],

жауапкелер: «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі – ЖШС) өкілі М[...],

дара кəсіпкер «Бағжан» (бұдан əрі – «Бағжан» ДК) Ш[...],

қатысуымен мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысы, [...] бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің жауапкерлер «А[...]» ЖШС-не, «Бағжан» ДК-не мəмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы «Қызылорда облысы, [...] бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

«Қызылорда облысы, [...] бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-і (бұдан əрі – Мекеме, салық органы) жауапкерлер «А[...]» ЖШС-не (бұдан əрі – Серіктестік), «Бағжан» ДК-не (бұдан əрі – Кəсіпкер) арасында жасалған келесі мəмілелерді:

  • 2019 жылғы 27 наурыздағы №№ESF-[...]-201903276330531, ESF-[...]-20190327-6358098, ESF-82092130121420190327-63636509, ESF-[...]-20190327-63927260 электронды шорт-фактуралармен дəлелденетін;

  • 2019 жылғы 9 сəуірдегі №5,

  • 2019 жылғы14 мамырдағы №9,

  • 2019 жылғы 5 шілдедегі №33,

  • 2019 жылғы 18 шілдедегі №37,

  • 2019 жылғы 19 шілдедегі №38,

  • 2019 жылғы 22 шілдедегі №39,

  • 2019 жылғы 23 шілдедегі №40,

  • 2019 жылғы 24 шілдедегі №41,

  • 2019 25 шілдедегі №42 келісім шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімімен Мекеменің талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облысының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мекеме өтінішхатында жергілікті соттар ұсынылған дəлелдемелерге біржақты баға бергеніне, материалдық жəне процестік құқықтық нормалары бұзылғанына сілтеме жасап, дауланған сот актілерінің күшін жойып, салық органының талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Серіктестік өкілі Басқарманың өтінішхатына берген пікірінде дауланған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Мекеме өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, Серіктестік өкілінің жəне Кəсіпкердің жергілікті соттар актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, азаматтық іс құжаттарын зерделеп, наразылық уəждерін талқылап, кассациялық сот алқа келесідей тұжырымға келді.

АПК-ның 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, «Бағжан» ДК-і Қызылорда облысы, [...] дара кəсіпкер, ал «А[...]» ЖШС-і Қызылорда облысы Қызылорда қаласында заңды тұлға ретінде уəкілетті мекемелерде тіркеліп, жергілікті салық органдарында қосымша құн салығын төлеушілері болып тіркеуден өткен.

2022 жылғы 28 ақпанында «Бағжан» ДК-не қатысты жүргізілген салықтық зерттеу жұмыстарының нəтижесінде Кəсіпкер тіркелген мекенжайында орналаспағандығы анықталып, бұл туралы №1494 санды актісі толтырылған.

Салық органының мəліметтері бойынша электрондық шот фактуралардан (бұдан əрі – ЭШФ) анықталғандай 2019 жылы Кəсіпкердің жалпы айналым сомасы 129 467 324 теңге құраған, қосымша құн салығы (бұдан əрі - ҚҚС) -15 536 078 теңге, алайда 300.00 нысаны бойынша айналым сомасы 74 686 736 теңгеге, ҚҚС сомасы 8 962 404 теңгеге салық

декларациясын тапсырып, айналым сомасы 54 780 588 теңгеге, ҚҚС сомасы 6 573 671 теңгеге айырмашылығы анықталған.

ЭШФ бойынша Кəсіпкер 2019 жылы Серіктестікке жалпы сомасы 41 967 002 теңгеге, оның ішінде ҚҚС сомасы 4 496 465 теңге, қызмет көрсеткен (топырақты толтыру, топырақты төгу жəне тығыздау, жүкті тиеутүсіру, ыдыстар мен қоймаларды тазалау, жөндеу жұмыстары жəне т.б.) жəне тауарлар жеткізген (розеткалар, сорғылар, шкафтар, тақталары, құбырлар, батуттар, клеёнкалар, төсеме тақтайлар).

Салық есептілік нысандарына сəйкес Кəсіпкердің меншігінде автокөлік құралдарының, арнайы техника, жер, мүліктерінің жоқтығы анықталған.

Серіктестікке көрсетілген қызметтерді Кəсіпкердің салық есептіліктері бойынша «Т[...]» ЖШС-нен алып, есеп-айырысқаны жөнінде ЭШФларда көрсетілген.

Алайда, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен «Т[...]» ЖШС-нің мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылған.

Сонымен қатар «Т[...]» ЖШС-нің басшысы Ж[...] Қызылорда қаласының №2 сотының 2021 жылғы 8 қазандағы үкімімен Ө[...] адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы бірлесіп, 2019 жылдың қазан айымен 2020 жылдың маусым айы кезеңінде жалған жасалған мəміле түрінде «Т[...]» ЖШС-нің атынан, əр түрлі кəсіпкерлік мекемелерге жалған шот-фактуралар жазғанын, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігімен кінəлі деп танылған.

Салық органы жүргізген талдаудың нəтижесінде Кəсіпкер атында қажетті активтердің жоқтығы, салық жүктемесінің төмендігі анықталғандықтан Шарт пен ЭШФ-да белгіленген қызмет көрсетуге жəне тауар жеткізуге мүмкіндігі болмағанымен негіздеп жауапкерлер арасында мəмілелерді Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі – АК) 158-бабының 4-тармағына (үшінші тұлға алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетімен) жəне 160-бабының 1-тармағына (тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз жасалған жалған мəміле) сəйкес жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар Кəсіпкердің тіркеу орны бойынша табылмағаны, активтерінің болмауы, жұмысшыларының жоқтығы, жабдықтаушысының тіркелуінің жарамсыз деп танылғаны даулы мəмілелердің жарамсыз деп танылуына əкеп соқтырмайды.

Кəсіпкер салықтық есептілігін дұрыс тапсырмауы, өздігінен даулы мəмілелердің жарамсыздығына əкеп соқтырмайды, төленбеген салықты салық органы заңда көзделген шараларды қолдану арқылы өндіріп алуға тиісті.

Серіктестік пен Кəсіпкер арасында жасалған мəмілелер бойынша объектілер жасалып, көрсетілген қызмет ақылары толықтай төленіп, жұмыс

атқарғандығын дəлелдейтін жеткілікті құжаттар сотқа ұсынылғанын атап, жергілікті соттар Мекеменің талап қоюы негізсіз деген тұжырымға келген.

Кассациялық сот алқа, жергілікті соттардың бұл тұжырымдары іс бойынша анықталған мəн-жайларға қайшы келіп, соттар дауды шешу барысында материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп табады.

Мекеме мəмілелердің жарамсыздығы туралы талап қоюды АК-нің 158, 160-баптарымен негіздеген. Бұл нормалар мəміле мазмұнының заңға сəйкес келмеуіне, сондай-ақ нақты заңды салдарларды туғызу ниетінсіз тек формальды түрде жасалған жалған мəмілелерге қарсы бағытталған.

АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дəлелдемелермен расталуға тиіс мəн-жайларының ешқандай басқа дəлелдемелермен расталуы мүмкін емес. Осы кодекстің 73-бабының 2- бөлігіне сəйкес істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мəн-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық жəне процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды. Тұлға осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда істі сот талқылауына дайындау барысында не сот талқылауы барысында ашылған жəне сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дəлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы. «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 400-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сəйкес тауарларды алушы төлеуге жататын қосылған құн салығы мөлшерін оны беруші бюджетке енгізген сомаға азайтуға (есепке жатқызуға) құқылы.

Салық кодексінің 190-бабының 3-тармағына сəйкес салықтық есепке алу бухгалтерлік есепке алу деректеріне негізделеді; ал «Бухгалтерлік есеп жəне қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1- бабының 2) тармақшасы бойынша бастапқы есепке алу құжаттары - бухгалтерлік есеп жүргізуге негіз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактісінің жəне оны жасауға берілген құқықтың қағаз жəне электрондық жеткізгіштегі құжаттық растамасы.

Осы нормалар бойынша қаралудағы талапты дұрыс шешу үшін қаржышаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалуын, шынайы алғашқы құжаттардың, еңбек жəне материалдық ресурстардың болуын анықтау қажет, алайда жергілікті соттар көрсетілген қағидаларды сақтамаған.

АК-нің 616-бабының 1-тармағы жəне 617-бабының 1-тармағы бойынша мердiгерлiк шарты бойынша бiр тарап (мердiгер) екiншi тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгiлi бiр жұмысты атқаруға жəне белгiленген мерзiмде оның нəтижесiн тапсырысшыға өткiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы жұмыс нəтижесiн қабылдап алуға жəне оған ақы төлеуге (жұмыстың бағасын төлеуге) мiндеттенедi. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң тəуекелiмен орындалады.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң қарамағында: соның материалдарымен, күштерiмен жəне қаражатымен орындалады.

Демек мердігер шартта белгіленген міндеттемелерді орындау үшін оның жеткілікті материалдар, құралдар, техника жəне жұмыскерлер болуы тиіс.

АК-нің 458-бабына сəйкес тауар жеткізілімі туралы шарт бойынша сатушы өзі өндіретін немесе сатып алатын тауарларды сатып алушыға беруі қажет.

Яғни, сатушы ретінде тиісті тауарларды өндіруге мамандандырылған немесе оларды сатып алумен айналысатын коммерциялық ұйым болуы шарт.

Іс бойынша анықталғандай 2019 жылы Кəсіпкер түзілген шарттар бойынша Серіктестікке топырақты толтыру, топырақты төгу жəне тығыздау, жүкті тиеу-түсіру, ыдыстар мен қоймаларды тазалау, жөндеу жұмыстары қызметтерін атқарып жəне розеткалар, сорғылар, шкафтар, тақталары, құбырлар, батуттар, клеёнкалар, төсеме тақтайларды тауарлар жеткізген.

Аталған жұмыстарды атқару үшін Кесіпкер өзімен келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер немесе жалдамалы жұмысшыларды пайдаланғандығы туралы салық декларацияларында мəліметтер көрсетілмеген, шарттар немесе басқа тиісті дəлелдемелер ұсынылмаған. Топырақты алып келу, төгу жəне тегістей жұмыстарында қолданылуға тиіс көліктердің бар екендігі, оларды пайдалану жөніндегі құжаттар анықталмаған.

АК-тің 689-бабының 2-бөлігінде, «Автомобиль көлігі туралы» Заңның 32-бабында жəне Қазақстан Республикасы Инвестициялар жəне даму министрінің 2015 жылғы 30 сəуірдегі №546 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларының 42, 45тармақтарында бекітілгендей тауарларды растайтын əрі бастапқы есепке алу құжаттары болып табылатын тауар-көлік жүкқұжаттары мен жолдама парақтары Кəсіпкермен ұсынылмаған. Кəсіпкер тегістеу үшін қажетті топырақты жеткізуді міндеттенген шарттары бойынша, аталған тауар таралған пайдалы қазбаларға жатады, Қазақстан Республикасы «Жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 12-бабының 4-тармағы, 232-бабының талаптарына сай оларды өндіру лицензия бойынша жүзеге асырылады.

Анықталғандай Кəсіпкердің кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиясының болғаны туралы дəлелдемелерді ұсынбаған.

Сонымен қатар, Кəсіпкердің ЭШФ мəліметтерінде «Резервуарлар мен сыйымдылықтарды мұнай шламынан тазарту» қызметі көрсетілген.

Аталған қызметтерді атқару үшін Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 12 шілдедегі «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» №245 бұйрығына сəйкес қызмет жасайтын адамның біліктілігі болу қажет.

Азаматтық істі қарау барысында Серіктестік көрсетілген қызметті атқару үшін тиісті лицензиясы бар екендігін дəлелдемеген.

Кəсіпкер сот отырысында 2019 жылғы 5 шілдедегі №33 шарт негізіндегі тауарларды «Т[...]» ЖШС-нен алмағандығын «БТР[...]» ЖШС-нен алғанын көрсеткен. Алайда, талдамалық есептілік конструкторы мəліметтеріне бойынша, жеткізушісі «Т[...]» ЖШС деп көрсетілген.

Сонымен қатар Кəсіпкер тарапынан 2019 жыл үшін тапсырылған 300.00 нысанды жəне 220.00 нысанды салық есептіліктерінде «БТР[...]» ЖШС көрсетілмеген.

Аталған мəн-жайлар дауланған келісім шарттардың іс жүзінде орындалмағанын көрсетеді, өйткені жұмыстар атқарылмаған, тауарлар жеткізілмеген, шарттар мен өзге құжаттарға формальді түрде қол қойылған, сондықтан АПК-нің 66-бабының 1-бөлігінің 8) тармағы жауапкерлер тарапынан ұсынылған дəледемелер жарамсыз деп табылуға тиіс.

Жергілікті соттар аталған мəн-жайларға дұрыс баға бермей, шарттар орындалғаны ұсынылған шот-фактуралар мен орындалған жұмыстардың актілерімен дəлелденеді деп көрсетіп, бұл дəлелдемелерге АПК-нің 68бабының талаптарына сай дұрыс баға бермеген.

Мұндай жағдайларда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға құқықтық негіздер болмаған.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың ауқымының дұрыс айқындамай жəне анықтамай, сот актілеріндегі сот түйіндері істің мəн-жайларына сəйкес келмегендігі, іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына əкеп соқтырған. Көрсетілген мəн-жайлар АПК-нің 427-бабының 1-бөлігінің талаптарына сəйкес сот актілерін қайта қарау үшін негіз болып табылады.

Осыған орай, кассациялық сот алқа іс бойынша қабылданған жергілікті соттар актілерін өзгертіп, Мекеменің талап қоюдың қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде сот актілерінің күшін жойып, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп табады.

АПК-нің 115, 117 баптарының негізінде жауапкерлерден мемлекет пайдасына əр қайсынан соттың бірінші сатысында төленуге жататын 7 658 теңгеден (2022 жылғы айлық есептеу көрсеткіші 3 063 теңге х 50% х 10 дауланған мəмілелер саны : 2 жауапкер) жəне кассациялық сот сатысында төленуге жататын 4 313 теңгеден (2023 жылғы айлық есептеу көрсеткіші 3 450 теңге х 50% х 10 дауланған мəмілелер саны х 50% кассациялық саты үшін : 2 жауапкер) мемлекеттік баж үлестік тəртіппен өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімінің, Қызылорда облысының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша «Қызылорда облысы, [...] бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

«А[...]» ЖШС мен «Бағжан» ДК арасында 2019 жылғы 27 наурыздағы №№ESF-[...]-20190327-6330531, ESF820921301214-20190327-6358098, ESF-[...]-20190327-63636509, ESF-[...]-20190327-63927260 электронды шорт-фактуралармен дəлелденетін мəміле жəне 2019 жылғы 9 сəуірдегі №5, 14 мамырдағы №9, 5 шілдедегі №33, 18 шілдедегі №37, 19 шілдедегі №38, 22 шілдедегі №39, 23 шілдедегі №40, 24 шілдедегі №41, 25 шілдедегі №42 шарттар жарамсыз деп танылсын.

Жауапкерлер «А[...]» ЖШС-нен жəне «Бағжан» ДК-ден мемлекет пайдасына əр қайсынан соттың бірінші сатысында төленуге жататын 7 658 (жеті мың алты жүз елу сегіз) теңгеден жəне кассациялық сот сатысында төленуге жататын 4 313 (төрт мың үш жүз он үш) теңгеден мемлекеттік баж үлестік тəртіппен өндірілсін.

Талап қоюшы «Қызылорда облысы, [...] бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Төрағалық етуші Н. Сұлтанов Судьялар Б. Ералиева Ғ. Мырзаке Көшірмесі дұрыс судья Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.