ВС РК - Постановление от 02.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/574 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 2 қараша 6001-23-00-6ап/574 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ж.Б. Ермагамбетова, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры – К[...],

талап қоюшы Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне іс-әрекеттерін заңсыз деп тану және жер учаскесіне құқықты табыстау туралы акт қабылдауға (рәсімдеп беруге) мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оларды бұзуды сұраған.

Жауапкерлер өкілдері және мүдделі тұлға «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі істі мобильді видеоконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сондықтан жауапкерлер және мүдделі тұлғаның өкілдерін сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, прокурордың сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 3 қарашада «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Қаржы басқармасы) веб-портал арқылы Шымкент қаласының білім басқармасының «№93 «Қазығұрт» бөбекжай-балабақшасы» мемлекетттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының аты аталған бөбекжай-балабақшасы (бұдан әрі - Балабақша) мүліктік кешен ретінде сатылатыны туралы хабарлама жарияланған.

2021 жылғы 23 қарашада өткен сауда-саттық қорытындысымен талап қоюшы Т[...] жеңімпаз болып анықталған. 2021 жылғы 25 қарашада №31225-ЭТП электрондық сатып алу-сату келісім-шартымен мүліктік кешен 46 591 299 теңгеге талап қоюшыға сатылған

Т[...] 2022 жылғы 2 мамырда Шымкент қаласы әкімінің атына өтініш жазып, онда сатып алған Балабақша ғимараты орналасқан алаңы 0,1972 га жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстауды сұраған.

«Шымкент қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің 2022 жылғы 10 маусымдағы дәлелді бас тарту хатымен талап қоюшының өтініші жер комиссиясының 2022 жылғы 9 маусымдағы отырысында қаралып жер учаскесінің кадастрлық құнын бағалау актісі ұсынылмаған деген негізбен қанағаттандырудан бас тартылғаны хабарланған.

Талап қоюшы бұл бас тартумен келіспей, жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырусыз қалдырғанда жауапкерлердің ұстанымымен келісіп, сауда-саттыққа Балабақша ғимараты жер учаскесінсіз шығарылғанын. 2021 жылғы 7 қыркүйектегі №03/09/2021 жылғы бағалау актісіне сәйкес бағалау объектісі - мүліктік кешен ретінде Балабақша болғанын, актіде көрсетілген мүліктің жер учаскесімен бірге құны деген сөздер қателесіп жазылып кеткенін. Сатып алу-сату келісім шартында да мүліктік кешен ретінде тек Балабақша ғимаратының сатылғандығын негізге алған.

Сондықтан сатып алушыға жер учаскесін жеке меншік құқығына рәсімдеп беру Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі -Заң) 97, 99-бабтарының, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 493-бабының 1-тармағының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 Қаулысымен бекітілген «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасының» (бұдан әрі – Қағида) 10-тармағының талаптарына қайшы келеді деп есептеген.

Жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра өздері сілтеме жасаған заңдарды дұрыс түсіндірмеген.

Бұл жағдайда материалдық құқық нормалары бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі.

АК-нің 493-бабының 1-тармағына сай кәсiпорынды сату шарты бойынша сатушы тұтас алғанда кәсiпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сатып алушының меншiгiне (осы Кодекстiң 119-бабы) беруге мiндеттенедi, бұған сатушы басқа тұлғаларға беруге құқығы болмайтын құқықтар мен мiндеттер қосылмайды.

Заңның 136 бабының бірінші бөлігіне сай мүлiктiк меншiк ретiнде мемлекеттік кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуіне арналған мүліктің барлық түрлері, оның ішінде ғимараттар, құрылыстар, жабдық, құрал-сайман, шикiзат, өнiм, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондайақ оның қызметiн дараландыратын белгiлеулерге (фирмалық атауы, тауар таңбалары) құқықтар және басқа да ерекше құқықтар кіреді.

Осы Заңның 99-бабында да жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтетіні тікелей көзделген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 52-бабына сай осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi .

Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.

Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы ауысады.

Қағиданың 10-тармағына сәйкес жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскесіне құқық сатып алушыға өтеді. Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке төлейді.

Жер кодексінің 52-бабының 3-тармағына сай үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.

Соттар сауда саттыққа жер учаскесі мүліктік кешен құрамында шығарылғанын ескермеген.

Әкімдік пен Қаржы басқармасы сауда-саттық ұйымдастырғанда конкурс шарттарында сатылатын Балабақшаның жер учаскесінің тағдыры жайлы анық және түсінікті шарттар қоймаған. Нәтижесінде сауда-саттық өтіп, жеңімпаз анықталғаннан кейін ғана, өздерінің кінәсінен орын алған әрекетсіздіктің орнын толтыру мақсатында, жер учаскесін бөлек сатып алу қажет деген заңға сиымсыз талаптар қойған.

ӘРПК-нің 13-бабына сай әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.

Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.

Жер учаскесіне қатысты даулы мәселенің туындауына сатып-алушы Т[...] кінәсі сотта анықталмаған.

Сондықтан бұл азаматтың сенім құқығы қорғалуы тиіс.

Істің бұл тұрғысында істі жаңадан қарауға жібермей, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру жайлы жаңа шешім қабылдануға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Т[...] талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жауапкерлер Шымкент қаласының әкімінің, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің іс-әрекеттері заңсыз деп танылсын.

Шымкент қаласының әкімі және «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі Т[...] жер учаскесіне құқықты табыстау туралы акт қабылдауға (рәсімдеп беруге) мәжбүрленсін.

Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Өміралиев

Е.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.