ВС РК - Постановление от 06.04.2022 по делу 6001-22-00-3гп/75 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/75

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 6 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Т.Ә.Ибрашев, Б.Ж.Тоқтарова,

талап қоюшы К[...], өкілі – адвокат К[...], жауапкер Н[...], өкілі – З[...] қатысуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында

К[...] Н[...] моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі – адвокат К[...] келтірген өтінішхаты бойынша түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К[...] жауапкерден 10 000 000 теңге моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда 2020 жылғы 20 тамызында Н[...] жол көлік оқиғасын жасағанын, жол апатынан жұбайы С[...] қайтыс болғанын, осы оқиғадан жан азабын тартқанын көрсеткен.

Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қою арыз ішінара қанағаттандырылып, Н[...] талап қоюшының пайдасына 7 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысы және 201 459 теңге сот шығындары өндірілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшының өкілі К[...] өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, істі қараған кезде сот материалдық құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, осы сот актісінің күшін жойып, жаңа сот актісін қабылдауды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік

құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, 2020 жылғы 20 тамызда Н[...] «Audi Q5» маркалы, мемлекеттік нөмірі 151 ҒТА/06 автокөлігімен Жол жүру ережелерін бұзып, алдында бір бағытта келе жатқан С[...] басқаруындағы «Газ 2705 264» маркалы, мемлекеттік нөмірі 451 ҒDA/06 автокөлігімен соқтығыс жасаған.

Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан, талап қоюшының жұбайы С[...] келтірілген дене жарақаттардан Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Атырау қаласы №2 сотының 2021 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен Н[...] Қылмыстық кодекстің 16-бабының 1-бөлігіне сәйкес есi дұрыс емес күйде болғанына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған. К[...] өзінің талап қою арызын Н[...] кінәсінен жұбайынан айырылып қалғанымен, осы оқиғадан тартқан жан азабымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының уәждерін ескеріп, Азаматтық кодекстің (бұдан әрі – АК) 917, 934, 951-баптарын және «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 нормативтік қаулысында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алып, талап қою арызды ішінара қанағаттандырып, Н[...] 7 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысын өндірген.

Н[...] өкілі өндірілген моральдық зиян өтемақысы өте көп деп санап, апелляциялық шағымында шешімді өзгертуді сұраған.

Апелляциялық сот алқасы, АК-нің 930-бабының 3-тармағына сілтеме жасап, яғни Н[...] жүйке ауруы және ақыл-ойының кемiстiгi салдарынан өз iс-әрекетiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiне-өзi ие бола алмайтын адам деп танылуына байланысты, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойған.

Алайда, мұндай тұжырыммен келісуге болмайды, өйткені олар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмауының материалдық құқық нормаларының бұзылуының негізінде жасалған.

АК-нің 930-бабының 3-тармағына сәйкес егер зиянды жүйке ауруы және ақыл-ойының кемiстiгi салдарынан өз iс-әрекетiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiне-өзi ие бола алмайтын адам келтiрсе, сот зиянды өтеу мiндетiн осы адаммен бiрге тұратын еңбекке қабiлеттiлерге: зиян келтiрушiнiң осындай жағдайын бiлген, бiрақ оны әрекетке қабiлетсiз деп тану және оған қорғаншылық жасау туралы мәселе қоймаған жұбайына, атаанасына, кәмелетке толған балаларына жүктеуi мүмкiн.

2020 жылғы 13 қарашадағы № 3803/137 сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес Н[...] жол-көлік оқиғасын жасаған кезде

уақытша психикалық ауытқушылықта болуына байланысты өз iс-әрекетiнiң мәнiн және қоғамдық қауіптілігін түсiне алмаған күйде болған.

Сонымен қатар, осы сараптама қорытындысында Н[...] созылмалы психикалық аурумен, кемақылдылықпен және психикасының өзге де дерттерімен ауырмайтыны анықталып көрсетілген.

АК-нің 930-бабының 1-тармағының 2 абзацына сәйкес егер жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiрiлсе, сот жәбiрленушi мен зиян келтiрушiнiң мүлiктiк жағдайын, сондай-ақ басқа да мән-жайларды ескере отырып, зиянды өтеу жөнiндегi мiндеттi зиян келтiрушiге толық немесе iшiнара жүктей алады.

Сондықтан істі қарау барысында осы көрсетілген нормасы қолдануға тиіс болған.

Апелляциялық сот алқасының жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені олар істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық қаулыны заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот каулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдыруға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 14 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі – адвокат К[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.К.Шәріпов

Т.Ә.Ибрашев

Судьялар

Б.Ж.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья

Б.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.