№6001-24-00-6ап/2552
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нурбаев болып,
талап қоюшының өкілі Н.Е.Кантаровтың,
мүдделі тұлға - «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілдері Г.Б.Айсагалиеваның, А.Ержанұлының, А.М.Кусаиновтың қатысуыларымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Хайрулла Айтбекович Кашкинбаевтың Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкіміне, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – «Өрт сөндіру қызметі» ММ) өрт сөндірудегі әрекетсіздігін заңсыз деп танып, оның салдарынан келген материалдық шығынды өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 наурыздағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 шілдедегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Х.А.Кашкинбаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 наурыздағы шешімімен талап қоюды ішінара қанағаттандырған.
«Өрт сөндіру қызметі» ММ-нің 2023 жылғы 9 маусым 17 сағат 36 минут шамасында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі аумағында қураған қамыс шөптен шыққан өртті сөндірудегі әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.
«Өрт сөндіру қызметі» ММ-нің әрекетсіздігінен Х.А.Кашкинбаевтың пайдасына оған келтірілген материалдық залал 11 983 340 (он бір миллион тоғыз жүз сексен үш мың үш жүз қырық) теңге және сот шығысы 100 000 (бір жүз мың) теңге өндірілген.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Соттармен анықталғандай, 2023 жылғы 9 маусымында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі аумағында қураған қамыс шөптен өрт шыққан.
Аталған мекенжайдағы «Ақсұңқар» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары шұғыл желілеріне қоңырау шалып, өрт туралы хабарлаған. Өрт сөндіру қызметінен ешбір өрт сөндіруші келмеген.
Сол күні сағат 22.48 шамасында талап қоюшының №58 үйінің шатырында өрт шығып, жедел түрде өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалған.
Өрт сөндіру бөлімшелерінен қызметкерлері келіп, үйдің өртін сөндірген.
2023 жылғы 23 маусымдағы №21-13-2.2/43 санды Департаменттің қорытындысына сай №58 үйдің өртенуі осы үйдің аумағынан тысқары жердегі қураған қамыс пен шөптің өрт көзінен орын алуы мүмкін екендігі жазылған.
Талап қоюшы «Консалтинг и оценка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне №58 үйдің өрттен келген шығынын есептеу мақсатында жүгініп, оның 11 983 340 теңге көлемінде құрайтынын анықтаған.
Талап қоюшы өрт сөндіру қызметкерлері уақытылы келмеуіне байланысты оның үйінде өрт болмас еді деген уәжімен сотқа жүгініп, жауапкерлердің әрекетсіздігінен келген материалдық шығынды өтеуді сұраған.
Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкердің өртке қарсы ерікті құралымын жіберумен ғана шектеліп, өрт болған орынға бармауы, оның толық сөндірілгеніне және жанындағы үйге қауіп төну ықтималын анықтамағаны өрт сөндірудегі тікелей кәсіби міндетін атқармағаны туралы тұжырымға келген.
Алайда, жергілікті соттар істі мәні бойынша қарап, келесі мәнжайларды ескермеген.
ӘРПК-нің 102 - бабының екінші бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
ӘРПК-нің 3 - бабының жетінші бөлігінің 2) тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды. Сот алқасы талап қоюды кері қайту қажет деп санайды, себебі талап қоюда келтірілген мән-жайлар жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дау болмайды, жауапкерлердің іс әрекеттері әкімшілік іс жүргізу тәртібімен заңсыз деп танылуға жатпайды.
Бірақ жергілікті соттар ӘРПК-нің аталған талаптарын бұза отырып, істі мәні бойынша қараған.
Талап қоюшыға талап қоюмен, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жалпы соттың қарауына жүгінуге құқылы екендігі түсіндіру қажет.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
ӘРПК-нің 138 - бабының үшінші бөлігіне сай, осы баптың екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылғанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, әкімшілік талап қою қайтаруға жатады деп санайды.
Сот актілерінің күші арызданушының уәждері бойынша жойылмайтынын назарға ала отырып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 наурыздағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Хайрулла Айтбекович Кашкинбаевтың Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкіміне, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне өрт сөндірудегі әрекетсіздігін заңсыз деп танып, оның салдарынан келген материалдық шығынды өндіру туралы талап қою кері қайтарылсын.
«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялыққұтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.