ВС РК - Постановление от 21.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1485 (Административное)

6001-23-00-6ап/1485

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 21 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Н.Ү.Қайыпжан, Б.Т.Нажмиденов болып,

талап қоюшы О[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне (бұдан әрі – Әкімшілік), «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік мекемесіне іс-әрекеттерін заңсыз деп тану және арызды қайта қарауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы О[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

Шымкент қаласының әкімі және «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің О[...] 2022 жылғы 31 шілдедегі арызын қарау барысындағы іс-әрекеттері заңсыз деп танылып, О[...] арызын заңда көзделген тәртіппен қайта қарап, тиісті шешім қабылдау міндеті жүктелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағым уәждерін жанжақты талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 7-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігінде әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті екені көзделген.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы О[...] 2022 жылғы 31 шілдеде Шымкент қаласының прокуратурасына арыз жолдап, онда Басқарманың лауазымды тұлғалары соңғының бұған дейін жазған арыздарын жан-жақты, толық қарамағандарын, көрсетілген заң бұзушылықтар тексерілмегенін көрсетіп, кінәлі тұлғаларды тиісті жауапқа тартуды сұраған.

Аталған арыз Шымкент қаласының Абай аудандық прокуратурасы «e-Otinish» бірыңғай платформасы арқылы 2022 жылғы 3 тамызда Шымкент қаласының әкіміне жоғары тұрған орган ретінде қарауға жолдаған.

Алайда, әкімнің бірінші орынбасары М[...] жоғарыда көрсетілген заң талаптарын орындамай түскен арыз шағым бойынша істің мән-жайын толық зерттеместен іс-әрекетіне шағым келтіріліп отырған органға, яғни Басқармаға жолдаған.

ӘРПК-нің 91-бабының төртінші бөлігіне сай әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

Бұл жағдайда Басқарма үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт не әкімшілік әрекет жасап, шағымды қарайтын органға шағымды жіберуге құқылы болған, алайда Басқарма талап қоюшыға қолайлы әкімшілік акт қабылдамаған не әкімшілік әрекет жасамаған, өз әрекетіне түскен шағымды қарайтын жоғары тұрған органға жібермей, заң талаптарын бұзып өзі қарап, Басқарманың атынан жауап берген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттардың шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдамағанын, әкімшілік іс жүргізу тәртіптерінің бұзылуына жол берілгенін, сол себепті жауапкерлерге О[...] арызын ӘРПК-нің талаптарына сай қайта қарап, әкімшілік істі қарау нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдау міндетін жүктеу жөніндегі тұжырымен толық келіседі.

ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілгенін, ал жауапкердің сотта зерттеліп дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің

  1. тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

Н.Ү. Қайыпжан Б.Т. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.