ҚАУЛЫ
2022 жылғы 13 қазаны Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судьясы – Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар – Ж.Б. Ермагамбетова, Д.А.Токмурзина болып,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры Д[...],
талап қоюшының өкілі Д[...],
жауапкердің өкілі Б[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] (бұдан ары қарай-талап қоюшы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан ары қарай – салық басқармасы) салық берешегін тоқтатуды мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А[...] сотқа берген талап қою арызында өзінің 2018 жылдың 1 желтоқсанында қайтыс болған әкесі А[...] атында 68 732 теңге көлемінде салық қарызына қарсылық білдіріп, берешегін тоқтату туралы өтініш жолдаған. Бірақ жауапкердің өтінішті қанағатандырудан бас тартқанын көрсетіп, соттан жауапкерді салық берешегін тоқтатуды мәжбүрлеуді сұраған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жолдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің пікірін және прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңының ( бұдан ары қарай- Салық кодексі) 47 бабының 1 тармағының талабына сәйкес, жеке тұлғаның қайтыс болған күніне немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде оны қайтыс болды деп жариялау күніне жиналып қалған салықтық берешегін оның мұрагері (мұрагерлері) мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде және мұраны алған күнге ондағы үлесіне пропорционалды түрде өтейді.
Жергілікті соттармен анықталғандай, талап қоюшы А[...] әкесі А[...] 2018 жылдың 1 желтоқсанында қайтыс болған.
Сондай-ақ қайтыс болған А[...] атына «MITSUBISHI PAJERO» мен ВАЗ 21043 маркалы екі дана автөкөліктер тіркелген және 2014-2016 жылдарға төленбей қалған 68 732 теңге көлеміндегі мүлік салығы қалған.
Бүгінгі күнге талап қоюшы немесе басқа жеке тұлғалар қайтыс болған А[...] автөкөліктеріне мұрагер ретінде танылмаған. Яғни, талап қоюшы және басқа жеке тұлғалар 2018 жылдың 1 желтоқсанында қайтыс болған А[...] салықтық берешектері үшін жауап бермейді, сондықтан сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюшының құқықтары бұзылмаған және талап қоюшы мұраны қабылдағаннан кейін ғана сотқа жүгінуге құқылы деген тұжырымдарымен толығымен келіседі. Бұдан басқа жауапкермен талап қоюшыға берілген жауап хатта салық басқармасында 2018 жылдың 1 желтоқсанында қайтыс болған А[...] қатысты салықтар туралы ғана мәліметтер көрсетілген.
Сонымен қатар, жауапкердің талап қоюшыға оның 2018 жылдың 1 желтоқсанында қайтыс болған әкесі А[...] салық берешегін тоқтатудан бас тарту әрекеті талап қоюшыға қандайда бір міндеттеме жүктемейді, талап қоюшының құқықтарын бұзбайды.
Сондықтан іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері заңды, ақылға қонымды, парасаттылық қағидатына сай қабылданған деп санайды. Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Ж. Ермагамбетова Д. Токмурзина Көшірмесі дұрыс Судья Д. Токмурзина
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.