ҚАУЛЫ
2023 жылғы 29 маусым 6001-23-00-6ап/37 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып,
талап қоюшы М[...] өкілі –
Н[...],
мүдделі тұлға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының өкілі – К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Атырау облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Полиция департаменті) 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №18 хаттамасының М[...] тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою, тұрғын жайға мұқтаж деп тану және тұрғын үй төлем ақысын тағайындау туралы қолайлы акт қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қарашадағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Полиция департаментінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №18 хаттамасының М[...] тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жауапкер Полиция департаменті талап қоюшы М[...] тұрғын үйге мұқтаж деп танып, тұрғын үй төлемдерін тағайындауға қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттелген.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот акісінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер немесе оның өкілі сот алқасының отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы және мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда М[...] пен оның жұбайы ішкі істер органдарында қызмет атқарады.
2019 жылғы 22 қарашадағы сатып алу-сату шарты бойынша С[...] «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау қаласы, Береке ықшам ауданы, [...] үй, [...] пәтерді ипотекалық несие арқылы сатып алған. Пәтер кепілге берілген. 2021 жылғы 10 қыркүйекте және 2021 жылғы 2 қарашада М[...] Департаменттің тұрғын үй комиссиясына жолдаған баянатында ипотекалық несие арқылы тұрғын үй сатып алғанын көрсетіп, тұрғын үй төлемдерін тағайындауды сұраған.
2021 жылғы 30 қыркүйектегі Департаменттің тұрғын үй комиссиясының шешімімен М[...] Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-3 бабына сәйкес оны тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған. Талап қоюшы бұл шешіммен келіспей сотқа жүгінген. Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда мынадай заң нормаларын негізді басшылыққа алған.
Заңның 101-3 бабының тармағында егер ерлі-зайыптының екеуі де ішкі істер органдарының қызметкерлері болып табылса, тұрғын үй төлемдері ерлізайыптылардың таңдауы бойынша олардың біреуіне жүргізілетіні көзделген.
Заңның 101-3 бабының 1-тармағына сәйкес ішкі істер органдарының қызметкерлері, егер олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса; Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануында тұрғынжайы болмаса тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.
Осы Заңның 101-5 бабына сай тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны тұрғынжайды меншікке, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу мақсаттарында қолданады.
М[...] меншігінде тұрғын үй тіркелгенімен, ол несие беруші Банкке кепілге қойылған. Тұрғын үй төлемдері талап қоюшыға ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып тұрғынжайды меншікке алу мақсатында қажеттілігінен туындаған.
Соттардың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Атырау облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.