Қ А У Л Ы
2026 жылғы 22 қаңтар №6003-25-00-2к/3651 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі О.А.Жумановтың және жауапкер өкілі Г.К.Алдабергеновтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Азамат» шаруа қожалығы (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Су ресурстар және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан (бұдан әрі - Кәсіпорын) келтірілген зиян сомасын өндіру туралы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпорын тарапынан жер учаскесіне су берілмегенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 917-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).
Анықталғаны, талап қоюшыға Түркістан облысының Жетісай ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 31 наурыздағы №304 қаулысына сәйкес Түркістан облысы, Жетысай ауданы, Мақталы ауылдық округі, 72 квартал, 358 учаске мекенжайындағы кадастрлық номері 19-325-072-358, алаңы 6,5 га, нысаналы мақсаты «шаруа қожалығын жүргізу үшін» деп жер учаскесі (бұдан әрі - жер учаскесі) уақытша ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.
2024 жылғы 15 қаңтарда Кәсіпорынның Түркістан филиалы (қызмет беруші) мен талап қоюшы (су тұтынушы) арасында арналар арқылы су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған. Шарттың 2-тармағына сай қызмет беруші су тұтынушыға Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын №1 қосымшаға сәйкес айларға бөле отырып, сапаға қойылатын талаптарға жауап беретін К-34-12 магистральдық құбыржолдар және арна арқылы көлемі 269 000 текше метр ағын су беруге міндеттенген. Талап қоюшы өзіне тиесілі егістік жер учаскесіне қауын дақылын егкенін, Кәсіпорын тиісті түрде жер учаскесіне су бермеу салдарынан егкен егіндері өспегенін, нәтижесінде материалдық шығын келгенін көрсетіп, Кәсіпорыннан 14 553 675 теңге мүліктік залал өндіруді сұраған.
Іске тіркелген су беру-қабылдау актілеріне қарағанда, Кәсіпорын талап қоюшыға 2024 жылғы мамыр айында 139 194 теңгені құрайтын 130 текше метр және тамыз айында 129 557 теңге құрайтын 121 текше метр ағын су жеткізгені, яғни Шартпен көзделген су мөлшерінің 93,3% бергені көрінеді.
Бұл мән-жайды талап қоюшы жоққа шығармай, пайдаланған ағын суы үшін 2024 жылғы 12 ақпанда 122 500 теңге, 2024 жылғы 15 шілдеде 22 000 теңге төленгені туралы кіріс кассалық ордерлерін ұсынған.
Дегенмен, АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта талап қоюшы өз талаптарын растайтын мән-жайларды дәлелдей алмады (егін дақылдарын сатып алған мөлшері мен оған жұмсалған қаржы, егуге кеткен шығын мен егілген дақылдың мөлшері, егілген дақылдардан алынған және алынбай қалған жемістің мөлшері жөнінде бухгалтерлік және өзге де құжаттар), өзіне келген мүліктің залалдың нақты Кәсіпорынның заңсыз әрекеттерінің салдарынан келтірілгені жөнінде мәліметтер ұсынылған жоқ және сотта ондай мән-жайлар анықталмады.
Сонымен қатар, талап қоюшы тарапынан сотқа жер учаскесіне егілген қауын дақылының бір жылдық шығыны 14 553 675 теңгені құрайтынын
бекітетін дәлелдеме ретінде өзінің, «Ахан» және «Ерсұлтан» шаруа қожалықтарының төрағалары қол қойған және олардың мөрлері басылған құжатты ұсынған, алайда аталған құжат қойылған талаптың негізділігін бекітетін дәлелдеме ретінде қабылдануға жатпайды, себебі аталған құжатта жер учаскесіне қауын дақылын егіп, оны күтіп-баптауға жұмсалатын шығын сомасы мен алынуы мүмкін табыс мөлшері болжамды түрде көрсетілген деген қорытынды жергілікті соттармен дұрыс жасалған.
Істің мұндай тұрғысында, яғни талап қоюшы нақты дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайларды бекітетін мәліметтерді ұсынбағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы «Азамат» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.