ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 қазан №6003-25-00-4к/2017 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, Ә.Ж. Назарова,
прокурор А.С. Камашевтың, талап қоюшы Ж.А. Шоттыбаевтың және оның өкілі К.Б. Малиеваның қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Шоттыбаева» шаруа қожалығы басшысы Жумабек Ахамбетович Шоттыбаевтың жауапкерлер Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкіміне, «Ұлан ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) жер комиссиясының хаттамалық шешімін, аудан әкімінің қаулысын заңсыз деп тану және олардың күшін жою, жер учаскесін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға Д.С. Сабитовтың берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жер комиссиясы №9 лот бойынша қорытынды шығару және жеңімпазды айқындау барысында жол берген бұзушылықтарға сілтеме жасап, аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
МАӘС-тің 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, 2024 жылғы 13 тамыздағы жер комиссиясының 9 лотқа қатысты №8 хаттамалық шешімі, аудан әкімінің 2024 жылғы 20 тамыздағы №322 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды. 2024 жылғы 22 тамыздағы №436 жер учаскесін жалға беру келісім-шарты жарамсыз деп танылды.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жоюды және іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкерлер аудан әкімі мен Бөлімнен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда, аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс олардың қатысуынсыз қаралды.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген.
Анықталған мән-жайлардан көрінгендей, Ұлан ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 26 сәуірдегі №204 қаулысы мен VIII шақырылған Ұлан аудандық мәслихатының ХХ сессиясының 2024 жылғы 29 сәуірдегі №134 шешімімен аудандық жер комиссиясы туралы ереже мен оның құрамы бекітілген.
Шешімге №1 қосымшада жер комиссиясының құрамы 11 (он бір) тұрақты мүше мен 1 (бір) хатшы ретінде бекітілген.
Комиссиясың дауланып отырған 2024 жылғы 13 тамыздағы №8 хаттамалық шешімімен №9 лот бойынша жеңімпаз ретінде «Қуандық 2000» АӨК айқындалды. Бұл хаттамаға Комиссия хатшысы қол қоймаған.
«Қуандық 2000» АӨК-ге комиссия отырысы бойынша 35 балл, ал Ж.А. Шоттыбаевқа 30 балл берілген.
Ұлан ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 20 тамыздағы №322 қаулысымен босалқы жер санатынан (05-079-022 есеп кварталы) жалпы алаңы 500 гектар жер учаскесі «Қуандық 2000» АӨК-ге уақытша өтеулі ұзақ мерзімді 10 жылға жер пайдалану (жалдау) құқығы ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін жерге орналастыру жобасына сәйкес берілген.
2024 жылғы 22 тамызда Бөлім мен «Қуандық 2000» АӨК-нің арасында №436 жер учаскесін жалға беру келісім шарты жасалған.
Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру тәртібі мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-1-бабымен айқындалған.
Кодекстің 43-1-бабының 13, 14 және 15-тармақтарына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты жер комиссиясы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес өткізеді.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды.
Осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы жер комиссиясының хаттамалық шешімімен ресімделеді.
Жер комиссиясының хаттамалық шешіміне жер комиссиясының төрағасы және отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ жер комиссиясының хатшысы қорытынды шығарылған күні қол қояды. Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сай жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының (бұдан әрі – конкурс өткізілген кездегі редакциясындағы Қағидалар) 23-тармағына сәйкес, осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 5 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қосымша 5 балл беру түріндегі артықшылықты көздейтін толықтырулар (өзгерістер) 2024 жылғы 15 мамырдағы №161 бұйрықпен енгізілген. Аталған өзгерістер 2024 жылғы 22 мамырда ресми түрде жарияланып, тиісінше 10 күнтізбелік күн өткен соң – 2024 жылғы 2 маусымда күшіне енген.
Төмен тұрған соттар дауды қарап, рәсімдік бұзушылықтарды анықтап, комиссия хатшысы хаттаманы қол қоймаған, комиссия мүшелері №9 лот бойынша шешім қабылдау кезінде дауыс бермеген, ал «Қуаныш 2000» АӨК-ге осы ауданның тұрғыны ретінде негізсіз түрде 10 балл берілген көрсете отырып, талап қоюды қанағаттандырған.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап қоюды қанағаттандыру туралы төмен тұрған соттардың қорытындыларымен келіседі.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, 2024 жылғы 13 тамызда жер комиссиясы Ұлан ауданында жер пайдалану құқығын беру бойынша қорытынды шығарып, жеңімпаз ретінде 35 балл жинаған «Қуаныш 2000» АӨК-ні таныған.
Іс материалдарынан байқалғандай, аталған конкурсқа қатысқан барлық үміткерлерге, оның ішінде «Қуаныш 2000» АӨК-ге де, инвестицияның болжамды көлемі бойынша 20 балл берілген.
«Қуаныш 2000» АӨК-ге Қағидалардың 23-тармағының нормаларына сәйкес қосымша:
осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын тұлға ретінде 10 балл;
ауыл шаруашылығы кооперативі ретінде 5 балл берілген, барлығы 35 (20+10+5) балл берілген.
Алайда «Қуаныш 2000» АӨК-ге жоғарыда көрсетілген қосымша 10 баллды беру заңсыз, себебі ол заңды тұлға болып табылады. Кодекстің 43-1баптың 14-тармағы мен Қағидалардың 23-тармағын дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсіндіре отырып, заң шығарушы аталған артықшылықты осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұрақты тұратын жеке тұлғаларға ғана көздеген.
Осындай бұзушылықтар осы облыстың өзге өңірлерінде тұратын (тіркелген) өзге де конкурсқа қатысушыларға қатысты да орын алған.
Осыған байланысты, жоғарыда келтірілген Кодекстің 43 және 43-1баптарының нормаларының мазмұнына сәйкес, аталған мән-жайларда конкурс жеңімпазы ашық дауыс беру арқылы айқындалады және жер комиссиясының шешімі қабылданады. Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысқан жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады, бұл ретте жер комиссиясының хаттамалық шешіміне комиссия төрағасы мен барлық комиссия мүшелері, сондай-ақ жер комиссиясының хатшысы қол қояды.
Жоғарыда аталған Кодекстің талаптары жер комиссиясымен бұзылған, шешім қабылдау жөнінде тиісті дауыс беру жүргізілмеген, жер комиссиясының хаттамалық шешіміне комиссия хатшысы қол қоймаған. Осы заңсыз әрекеттерімен жауапкер әкімшілік рәсімдер мен Кодекс пен Ережелердің императивтік нормаларын елеулі түрде бұзып, талап қоюшының мәселені әділ және объективті қарауға деген заңды мүдделерін айтарлықтай шектеген.
Қаралып отырған жағдайда, ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға алып келеді.
Мүдделі тұлғаның уәждері негізінен оның жұмсаған шығындарына, соның ішінде ірі қара мал сатып алуға қатысты мән-жайларды баяндаумен шектеледі. Кассациялық шағымда соттармен зерттелген дәлелдемелерге берілген баға мен олардың қорытындыларымен келіспеушілікті білдіретін уәждер мен негіздер қамтылмаған.
Осыған байланысты, шағымдалған сот актілері күшінде қалдырылуға, ал мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.
Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот төмен тұрған соттардың «Қуандық 2000» АӨК-ге қосымша ауыл шаруашылығы кооперативі ретінде 5 балл беру жөніндегі қорытындыларын талқыламайды, өйткені сот актілері бұл бөлігінде өзге тараптармен дау тудырылмаған, ал «Қуанық 2000» АӨК-нің кассациялық шағымында бұл бөлікке қатысты уәждер келтірілмеген. Осыған орай, кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 449-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот актілерінің заңдылығын кассациялық шағымда келтірілген уәждердің шегінде ғана тексереді.
Жоғарыда баяндалғанмен қатар, кассациялық сот төмен тұрған соттардың қорытындыларын қосымша негіздеудің қажеттілігі жоқ деп есептейді, өйткені олар сот актілерінде жан-жақты және дәлелді түрде баяндалған. Даудың мән-жайлары соттармен заңды шешім қабылдауға жеткілікті көлемде анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған.
Кассациялық шағымда шағымдалған сот актілерін жоюға құқықтық негіз бола алатын жаңа дәлелдер келтірілмеген және мұндай негіздер іс материалдарында жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев Г. Ыдырысова Ә. Назарова
Төрағалық етуші Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.