6кп-18/21
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 29 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Д. Рахметулин,
судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаНурлан Б[...]
қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 шілдедегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушының ұсынуымен келіп түскен
Б[...] (N[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 шілдедегі қаулысымен Б[...] (N[...]) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.
Алқа, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның, прокурордың ұсынуды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы Б[...] 2019 жылғы 07 қазанда Қазақстан Республикасына келіп, еңбек қызметін рұқсатсыз жүзеге асырған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Бірінші сатыдағы сот Б[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелерімен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, оған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған. Бірақ сот Б[...] жаза тағайындағанда заң талаптарын дұрыс сақтамаған.
Себебі, ӘҚБтК-нің 55-бабының 2 және 3-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мәнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдары бойынша Б[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.
Және қаулыда Қазақстанда жақын туыстары, Қазақстанмен байланыстыратын ештеңе жоқ екенің негізсіз көрсеткен.
Бірақ, Б[...] жақын туыстары - Қазақстан Республикасының азаматтары Б[...] (әкесі), Б[...], Б[...] (ағалары), Б[...] (әпкесі) бар, олар Қазақстан Республикасында тұрады. Істі қарау кезінде сот бұл мән-жайды анықтамай, ескермеген.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 2-тармақшысына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1- тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Іс бойынша сот қаулысы некені, отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Кассациялық алқа отырысында Б[...] Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетінін мәлімдеді. ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізді болуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот қаулысы туралы» № 5 нормативтік қаулысының 19-тармағында соттар ӘҚБтКның Ерекше бөлігі баптарының санкцияларында жазаның баламалы түрлері болған кезде әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын қатаң сақтау қажеттігі, әкімшілік жаза шараларын айқындау кезінде сот қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде таңдап алынған әкімшілік жазалау шарасының себептерін келтіруге міндетті екендігі көзделген.
Қаулыда құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, сондай-ақ кінәлінің жеке басын куәландыратын нақты қандай мән-жайлар жазалау шарасын таңдау кезінде ескерілгені көрсетілуге тиіс.
Істі сот қараған кезде заңның жоғарыда аталған ережелерін тиісті дәрежеде ескермеген.
ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.
Б[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.
Сондықтан алқа Б[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасын, 851-бабының 5-бөлігін басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан РеспубликасыӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша Б[...] (N[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 шілдедегі қаулысының өзгертіп, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына айыппұл 48 615 (қырық сегіз мың алты жүз он бес) теңге салынсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Рахметулин
Судьялар
М. Балкен
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.