6001-20-00-3гп/215
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 11 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Н.Қ.Сұлтановтың,
судьялар Ш.Т.Даниярованың, М.Ж.Бектұрғановтың,
талап қоюшы Ж[...], оның өкілдері А[...], Ш[...], Х[...],
«А[...]» ЖШС-нің өкілдері К[...], Г[...],
Ә[...]
аудармашы М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ж[...] жауапкер «А[...]» ЖШС-не (бұдан әрі – Серіктестік) бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысы Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 2 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Серіктестіктің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж[...] Серіктестікке 2018 жылғы 18 қазандағы № 579 бұйрықтың (бұдан әрі – Дауланып отырған бұйрық) күшін жою, кеніштің бастығы қызметіне жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақыты үшін 9 450000 теңге жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен (сол жылғы 20, 26 желтоқсандағы ұйғарымдармен енгізілген түзетулерді қоса есептегенде) талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Серіктестіктің Дауланып отырған бұйрығының күші жойылып, Ж[...] кеніштің бастығы қызметіне қайта орналастырылған. Серіктестіктен Ж[...] пайдасына лажсыз бос жүрген уақыт үшін 6525522 теңге жалақы өндірілген.
Шешімнің Ж[...] жұмысқа қайта орналастыру және 3262761 теңге жалақы өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған.
Жауапкерден талап қоюшының пайдасына сот-бейнефонографиялық сараптама өткізу үшін төленген 122 457 теңге, сот-қолтаңбалық сараптама үшін төленген 40333 теңге сот шығындары өндірілген.
Талап қою арызы қалған бөлігінде қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Серіктестік өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша материалдық және процестік заң нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Ал Ж[...] өз қарсылығында жергілікті соттардың сот актілерінің заңды әрі негізділігін көрсетіп, күшінде қалдыруды сұраған.
Серіктестіктің өкілдерінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшы мен оның өкілдерінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Ж[...] 2004 жылдан бері уран өндіруші еншілес кәсіпорындарында еңбек еткен. 2017 жылғы 14 ақпанда Серіктестік пен Ж[...] арасында еңбек шарты жасалған.
2018 жылдың 18 қазанында Дауланып отырған бұйрықпен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ЕК) 49-бабының 1)-тармақшасы негізінде Ж[...] еңбек қатынастары тоқтатылған.
Бұйрықты шығаруға жұмыскердің 2018 жылғы 18 қазандағы арызы негіз болып танылған.
Ж[...] сотқа жүгініп, жұмыстан босату туралы арызды өз еркімен жазбағанын, жұмыс берушінің тарапынан қысым көрсету фактісі орын алғанын көрсетіп, мекеме бастығы А[...] екеуінің араларында болған әңгіменің аудиожазбасын табыс еткен.
Жергілікті соттар талап қою арызын ішінара қанағаттандыра отырып, еңбек шартын бұзу туралы арызын Ж[...] өз еркімен жазбағанын, жұмыс беруші даулы бұйрықты шығарарда жұмыскердің уран өндіруші еншілес кәсіпорындарында он төрт жылдан астам уақыт үздіксіз қызмет еткенін, қызметі үшін алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталғанын, бұрын тәртіптік жазаға тартылмағанын ескермегенін көрсеткен.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері процестік құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
Азаматтық іс құжаттарына қарағанда, Қ.Ж[...] отырған бұйрықтың көшірмесін 2018 жылғы 29 қазанда алғаннан кейін 2018 жылдың 17
желтоқсанында Серіктестіктің келісу комиссиясына жүгінген. Алайда оның шешімін күтпей, 2018 жылдың 19 желтоқсанында басқа уран өндеуші компания – «К[...]» ЖШС-не еңбек шарты бойынша жұмысқа қабылданған.
Сондықтан, жауапкердің талап қоюшының жұмыстан босату туралы арыздың мәтінін жазғанын жоққа шығармайтынын, арызға қол қоймаған жағдайда еңбек қызметін жалғастыруы тиіс болғанын, еңбек шарты бұзылған соң оған бірден пайдаланылмаған еңбек демалысы, экологиялық еңбек демалысы, зиянды еңбек жағдайлары үшін жыл сайынғы қосымша демалыс үшін өтемақы төленгенін, Ж[...] жұмыстан босатылған соң еңбек қызметін жалғастыру үшін Серіктестіктегі жұмыс орнына қайтып бармау, өзіне тиесілі өтемақыларын алуы, басқа уран өндеуші компанияға еңбек шарты бойынша жұмысқа қабылдануы, оның өз еркімен жұмыстан кетуінің дәлелдемесі ретінде санайтын уәждері назарға алуға жатады.
Сонымен қатар, Серіктестіктің басшылығы тарапынан Ж[...] қатысты мәжбүрлеу және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланумен байланысты әрекеттер орын алғаны жөнінде уәждері сот отырысында өз дәлелін таппаған. Соттармен талап қоюшымен көрсетілген уәждерін растайтын дәлелдемелер анықталмаған, жұмыскер тиісті арызбен полиция органдарына жүгінбеген, керісінше басқа жұмыс орнына орналасып, еңбек міндеттерін атқарған.
Дегенмен, жергілікті соттармен істі қарау барысында аталған мәнжайларға тиісті баға берілмеген.
ЕК-нің 160-бабының 1)-тармақшасының талаптары бойынша келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс беруші актісінің көшірмесі келісу комиссиясына табыс етілген күннен бастап бір ай мерзім белгіленген.
Қ.Ж[...] отырған бұйрықтың көшірмесін 2018 жылғы 29 қазанда алып, келісу комиссиясына еңбек заңнамасында көзделген мерзімді сақтамай, тек қана 17 желтоқсанда жүгінген.
Кейіннен 2018 жылғы 29 желтоқсанда комиссия шешімін алып,
2019 жылғы 8 ақпанда келісу комиссиясына қайта жүгінген.
Серіктестіктің келісу комиссиясының 2019 жылғы 26 ақпандағы шешімімен ЕК-нің 160-бабының 1)-тармақшасымен көзделген бір айлық мерзімнің өтіп кетуіне байланысты арызды қанағаттандырудан бас тартылған.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 4-тармағында берілген түсіндірулерге сәйкес, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу үшін келісу комиссиясына арыз беру мерзімін өткізіп алу арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруы үшін дербес негіз бола алады.
Алайда, жергілікті соттармен жауапкер өкілінің талап қоюшымен келісу комиссиясына жүгіну мерзімі өтуіне байланысты ескіру мерзімін қолдану туралы уәждеріне тиісті баға берілмеген.
Сонымен қатар, АПК-нің 78-бабының 4-бөлігіне сәйкес ғылымитехникалық құралдарды жасырын пайдаланудың нәтижелері мұндай пайдалануға заңда жол берілген және (немесе) бұл дәлелдемелер өздеріне қарсы бағытталған тарап оларды мойындаған және дау айтпаған жағдайларды қоспағанда, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды.
Бірақ соттар талап қоюшының табыс еткен аудиожазбасының жасалған жері белгісіз екендігін, жауапкер аудиожазбадағы әңгімені мойындамағанын, оны жүзеге асыратын адамның жасалатын жазба туралы хабарлауға міндеттілігін және жария орындауға тиіс екендігін, ал ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолдану нәтижелері АПК-нің 78-бабының 4-бөлігіне сай дәлелдеме деп таныла алмайтындағына назар аудармаған. Керісінше, аудиожазба сот сараптамасын жүргізу үшін жолданған.
«Сот сараптама қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 36-бабына сәйкес комиссиялық сот сараптамасы күрделі сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы кемінде екі сот сарапшысы жүргізеді.
Сот сарапшысының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізді болмаған немесе оның түйіндері күмән туғызған не сот сараптамасын тағайындау және жүргізу кезінде процестік нормалар елеулі түрде бұзылған жағдайларда, Заңның 42-бабына сәйкес дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін қайталама сот сараптамасы тағайындалады.
Бірінші сатыдағы сотпен іс бойынша 2019 жылғы 11 сәуірдегі ұйғарыммен сот-қолтаңбалық сараптама және 2019 жылғы 22 шілдедегі ұйғарыммен қосымша комиссиялық сот-қолтаңбалық сараптама тағайындалған. АПК-нің 92-бабының 7-бөлігіне сәйкес сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ онымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
Ал, жергілікті соттар жеке-дара жүргізілген сот-қолтаңбалық сараптамасының 2019 жылғы 13 маусымдағы қорытындысын негізге алып, кейіннен сарапшылар тобымен жүргізілген қосымша комиссиялық сотқолтаңбалық сараптаманың 2019 жылғы 8 қарашадағы қорытындысын ескермеген. Комиссиялық сараптаманың қорытындысымен келіспегені туралы тұжырымын сот шешімінде көрсетпеген.
Сондай-ақ, АПК-нің 191-бабының талаптарына сай төрағалық етушi аудармашыға сот ісі жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмейтiн адамдардың түсiндiрмелерiн, айғақтарын, мәлiмдемелерiн, ал осы адамдарға iске қатысатын тұлғалар мен куәлардың түсiндiрмелерiнiң, айғақтарының, мәлiмдемелерiнiң, жария етiлетiн және iсте бар құжаттардың, дыбысжазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья
өкiмдерiнiң, сот шығарған сот актілерінің мазмұнын аудару мiндетiн түсiндiредi.
Төрағалық етушi аудармашыға көрiнеу қате аударма жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жауаптылық туралы ескертедi. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
Іс құжаттарына қарағанда, 2019 жылғы 26 қарашадағы сот отырысының хаттамасына аудармашыны қылмыстық жауаптылық туралы ескерту қолхаты тіркелген. Ал, соңғы сот отырысына қатысқан аудармашыны көрінеу қате аударма жасағаны үшін көзделген қылмыстық жауаптылық туралы ескертілмеген.
Сот отырыстарының аудио-бейнежазбаларымен танысу барысында аудармашылар іске қатысушылардың түсініктерін аудармағандары, тараптардың іс жүргізу тілін сақтамай, орыс тілі мен қазақ тілдерінде аралас түсінік бергендігі, яғни сот ісін жүргізу тілін бұзғандығы анықталды.
Осыған орай, сот алқасы АПК-нің 427-бабының 1-бөлігінің 4)-тармақшасы, 4-бөлігінің 3)-тармақшасына сәйкес іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, істі жаңадан қарауға бірінші сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.
Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысы Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шешімінің, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 2 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын. Азаматтық іс Түркістан облысы Созақ аудандық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
«А[...]» ЖШС-нің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Сұлтанов Судьялар Ш. Даниярова М. Бектұрғанов Көшірмесі дұрыс
Судья
М. Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.