ВС РК - Постановление от 27.06.2022 по делу 6001-22-00-3Г/2350 (Гражданское)

6001-22-00-3г/2350

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 27 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы О[...] жауапкер Шымкент қаласы әкімдігінің «Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММге жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы О[...] өкілі С[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

О[...] Шымкент қаласы әкімдігінің «Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ-ге (бұдан әрі – Орталық / жұмыс беруші) дезинфектор және мәдени ұйымдастырушы қызметтеріне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Адвокат С[...] өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, талап қоюшымен еңбек қатынастары заңсыз тоқтатылғанын көрсетіп, іс бойынша даулы сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Анықталғандай, О[...] 2019 жылғы 08 шілдеде электрондық еңбек биржасымен Орталыққа дезинфектор қызметіне жұмысқа орналасу үшін жолданған.

Орталықтың 2019 жылғы 18 шілдедегі № 29-ж/қ бұйрығы негізінде О[...] 2019 жылғы 18 шілдеден бастап дезинфектор қызметіне 0,5 бірлігімен жұмысқа қабылданған.

Орталықтың 2019 жылғы 02 тамыздағы № 62-ж/қ бұйрығымен О[...] 2019 жылғы 02 тамыздан бастап негізгі жұмысымен қатар мәдени ұйымдастырушы лауазымының 0,5 бірлігі жүктелген.

Тараптардың арасындағы еңбек қатынастары 2020 жылғы 02 тамызда еңбек шартын жасаумен рәсімделген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 49-бабының 3) тармақшасына сай жұмыс берушінің бастамасы жұмыскермен еңбек шартын тоқтатуға негіз болып танылады.

Жұмыс берушінің 2021 жылғы 05 қаңтардағы № 11-ж/қ бұйрығымен Еңбек кодексінің 49-бабының 3) тармақшасы негізінде О[...] 2021 жылғы 05 қаңтардан бастап дезинфектор қызметінен босатылған.

Еңбек кодексінің 49-бабының 5) тармақшасына сай жұмыскердің бастамасы еңбек шартын тоқтатуға негіз болып танылады.

Орталықтың 2021 жылғы 01 наурыздағы № 50 бұйрығымен О[...] мәдени ұйымдастырушы ретінде еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 49-бабының 5) тармақшасы және 50-бабының 3-тармағы негізінде 2021 жылғы 01 наурыздан бастап тоқтатылған.

О[...] сотқа жүгініп, жұмыс берушінің тарапынан орын алған қудалау әрекеттерінің салдарынан өзімен еңбек шарты заңсыз мерзімінен бұрын бұзылғанын көрсеткен.

Жергілікті соттар О[...] еңбек қатынастары заң талаптарына сай тоқтатылғанын, жұмыс берушінің тарапынан қысымшылық танытылып, АПКнің 72-бабына сай мәжбүрлеу әрекеттері орын алғанын растайтын дәлелдемелер табыс етілмегенін көрсеткен.

Еңбек кодексінің 21-бабының 1-тармағына сай Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында Еңбек кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.

Өтінішхат иесі жұмыскермен еңбек шартын бұзу негіздері Еңбек кодексінің 52-бабымен көзделгенін атап өтіп, алайда О[...] дезинфектор және мәдени ұйымдастырушы қызметтерінен осы Кодекстің 49-бабының 3-тармағы (жұмыс берушінің бастамасы) мен 5-тармағына (жұмыскердің бастамасы) сай жалпы еңбек шартын тоқтатудың жалпы негіздерін көрсетумен босатылғанын көрсеткен. Еңбек қатынастары еңбек шартымен реттелетініне қарамастан, талап қоюшымен жасалған еңбек шарты бұзылмай, ол жұмыстан жұмыс берушінің актісі болып саналатын бұйрықтар негізінде босатылған.

Жұмыскермен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу үшін Еңбек кодексінің 52-бабымен көзделген әр негіздеме бойынша заңмен белгіленген тәртіп сақталу қажет екенін көрсеткен. Өтінішхат иесінінің пікірінше, жұмыс беруші О[...] жұмыстан босатуды негіздей алмағандықтан, Еңбек кодексінің 52-бабына сілтеме жасамаған.

Туындаған еңбек дауды сотқа дейінгі реттеу барысында жұмыс беруші О[...] дезинфектор қызметінен медициналық білімі болмауына, яғни «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы сипаттамасы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы

21 желтоқсандағы № ДСМ-305/2020 бұйрығымен көзделген талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты босатылғаны мәлім болғанын көрсеткен.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 4-бабына сай азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар бойынша ол өзi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағында берген түсіндірмелерге сәйкес егер жұмыскерлердің жекеленген санаттарының басқа нормативтік құқықтық және өзге де актілермен реттелетін еңбек жағдайлары осы жұмыскерлердің жағдайын Еңбек кодексінде көзделген жағдайлармен салыстырғанда нашарлататын болса, онда еңбек дауын шешу кезінде Еңбек кодексінің 8-бабы 4-тармағының ережелері және «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабында белгіленген нормативтік құқықтық актілер сатысы ескеріле отырып, соңғысы қолданылуға жатады.

Сол себептен өтінішхат иесінің пікірінше аталған Денсаулық сақтау министірі бұйрығының талаптары О[...] еңбек шарты жасалғанынан кейін қабылдануына байланысты қолданылуға жатпайды.

Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен аттестаттау нәтижелерімен расталған біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан жұмыскер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген жағдайда бұзылуы мүмкін. Алайда О[...] қатысты аттестациялау жүргізілмеген.

Ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, кәсіптік қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жұмыс берушінің жұмыскермен еңбек шартын бұзу құқығы көздейтін Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасы 2021 жылғы 02 қаңтардағы № 405-VI Заңы негізінде (2021 жылғы 15 қаңтарда күшіне енген), яғни О[...] дезинфектор қызметінен босату туралы 2021 жылғы 05 қаңтардағы № 11-ж/қ бұйрық қабылданғаннан кейін енгізілген. Сонымен қатар, жұмыс берушімен даулы бұйрықта Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сілтеме жасалған, алайда аталған норманың күші 2020 жылғы 04 мамырда жойылған.

Сонымен қатар, өтінішхат иесі О[...] «ZERE» аймақтық медицина қызметкерлерін оқыту орталығында «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын эпидемиологиялық талаптар» циклында біліктілігін арттырудан өтіп, оған 2019 жылғы 29 маусымда № 367 куәлігі табыс етілгенін көрсеткен.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс бойынша О[...] өз талаптарында жұмыстан босату жөнінде бұйрықтарды заңсыз деп тануды сұрамағаны туралы тұжырымдарымен келіспеушілік білдіріп, талап қою арызының үлгісі республика соттарының ресми сайттарынан алынғанын, бұйрықтарды даулау және жұмысқа қайта орналастыру туралы талаптардың мақсаты бір екенін, егер сот талап қоюшыны жұмысқа қайта орналастыру туралы шешім қабылдаса, тиісті бұйрықтардың күші жұмыс берушінің өзінің бастамасымен бұзылуға жатады деп есептейді.

О[...] мәдени ұйымдастырушы қызметінен еңбек шартының мерзімі аяқталмай, өз еркімен босату туралы арызды жұмыс берушінің тарапынан орын алған қысымшылықтың салдарынан 2021 жылғы 01 наурызда жазуға мәжбүр болғаны сол жылдың 15 ақпанында заң кеңесін алу үшін адвокаттар алқасына, басқа да мемлекеттік органдарға жазбаша түрде жүгінгенімен, телефонды аудиожазбамен, куәлар Д[...], Ш[...] түсініктерімен дәлелденетінін, алайда бұл жағдайға жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілмегенін көрсеткен.

Өтінішхат иесі Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының (бұдан әрі – Еңбек инспекциясы) жоспардан тыс жүргізген тексерудің нәтижесінде 2021 жылғы 14 шілдедегі № 2107010468070 берген жауабына сәйкес Н[...] мекемеге басшы болып тағайындалған күннен бастап тоғыз қызметкер өз еркімен, бір қызметкер – Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде жұмыстан босатылғанын, жиырма бір жаңа жұмыскер жұмысқа қабылданғанын, Еңбек инспекциясымен мекеме басшысына айыппұл салып, жіберілген кемшіліктерді заң талаптарына сәйкестендіру туралы нұсқама бергеннен кейін талап қоюшының еңбек кітапшасы қайтарылғанын ескеруді сұраған.

Сонымен бірге, өтінішхатта бірінші топтағы мүгедек О[...] жалғыз табыс көзінен өз еркімен бас тартуға ниет білдіргені шындыққа жанаспайтыны, 2018 жылғы 03 қыркүйектегі кәсіби оңалту анықтамасына сай еңбек етуге құқығы мен мүмкіндігі бар екені, дезинфектор және мәдени ұйымдастырушы қызметтерін тиісті деңгейде атқарғаны, тәртіптік жауаптылыққа тартылмағаны, Орталық жергілікті атқарушы органмен мүгедектер үшін құрылған арнаулы мекеме болып саналатыны көрсетілген.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

қ а у л ы е т т і :

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы О[...] өкілі С[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.

Судья Е.Исмаилов

Көшірмесі дұрыс.Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.