Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4102 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 ақпан 6003-25-00-2к/4102 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев,

судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова,

талап қоюшы Б.А.Аширбаева (офлайн), оның өкілі А.А.Сапаралының бейнеконференц байланыс арқылы қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы Балатай Адиловна Аширбаеваның жауапкер Асылбек Раманович Кудияровқа шарттарды бұзу, негізсіз баю сомасын және моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электронды азаматтық ісі бойынша қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге заң көмегін көрсету туралы шарттарды бұзу, негізсіз баю сомасын және моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот шешімдерімен келіспей, соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне өз талаптарын дәлелдей отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының және оның өкілінің кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін тексеріп, сот келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның,

наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Қазақстан Республикасының Азамсаттық кодексінің (бұдан әрі-АК) 953 бабының 3-тармағына сай осы тараудың ережелері негізсіз баю мүлікті иеленушінің, жәбірленушінің өзінің немесе үшінші тұлғалардың пиғылының нәтижесі не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады. Бұл заң нормасынан негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер үш шарт бойынша пайда болатынын: мүлікті иемдену орын алғанда; ол басқа тұлғаның есебінен пайда болғанда; заңдармен немесе мәмілемемен белгіленген негіздерсіз мүлікті басқа тұлғаның иеленуіне қандай да бір құқықтық негіздердің болмауы, яғни мүлікті негізсіз иелену орын алатынын байқауға болады. Негізсіз баюды қайтару міндеттемелердің туындауы үшін мұндай баю заңды негіздер болмаған кезде немесе олар кейіннен жойылуы орын алған кезде бір адамның баюы екінші адамның есебінен болған жағдайда туындайды. Бұл ретте негізсіз баю (жинақтар) мүлікті иеленушінің, жәбірленушінің немесе үшінші тұлғалардың пиғылының нәтижесі не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамайды. Әйткенде бір тұлғаның мүлікті немесе жинақтарын алуы басқа тұлғаның сәйкес азаюы нәтижесінде пайда болған. Негізсіз баюды өндіру туралы істер бойынша дәлелдеу және дәлелдеу ауыртпалығын тарату ерекшелігі талап қоюшыға жауапкер жағы негізсіз байығанын (негізсіз мүлік алынды немесе жинақталды) дәлелдеу міндеті жүктеледі; баю талап қоюшы есебінен болғаны; негізсіз баю көлемі; шын мәнінде негізсіз алынғанды немесе жинақталғанды қайтару мүмкіндігі болмағандығы. Өз кезегінде, жауапкер талап қоюшы есебінен негізсіз баю олар жағынан болмағанын, немесе негізсіз баюды өндіруді жоқтайтын жағдайлардың болуын дәлелдеу керек. Негізсіз баюды қайтаруға жатпайтын негіздер АК-нің 960 бабында көрсетілген.

2024 жылғы 27 ақпанда талап қоюшы мен жауапкер - заң кеңесшісі А.Р. Кудияров арасында ерлі-зайыптылардың «Береке Банк» акционерлік қоғамындағы 90 000 000 теңге мөлшеріндегі депозиттегі қаражатты бөлуге қатысты заң көмегін көрсету туралы шарт жасалған. 2024 жылғы 4 маусымда тараптар арасында ерлі-зайыптылардың некесін бұзу, ортақ мүліктері болып табылатын жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін сот тәртібінде бөлу жөнінде заң қызметін көрсету туралы шарт жасалған.

Аталған шарттар бойынша жауапкер талап қоюшының мүддесін бірнеше сот процесстерінде қорғап, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бірнеше азаматтық істердің қаралуына және істер апелляциялық сот сатысында қаралған кезде қатысқан.

Ерлі-зайыптылар С.Т. Сулейманов пен Б.А. Аширбаеваның арасындағы некені бұзу туралы және олардың ортақ мүліктерін бөлуге қатысты даулар

2024 жылғы наурыздан бастап 2024 жылғы желтоқсанға дейін соттарда қаралып, шешімдерін тапқан.

Талап ету негізі ретінде талап қоюшы жауапкердің заң көмегін көрсету кезінде адалдық, кәсібилік және сенім білдірушіге құрмет көрсету қағидаттарын сақтамағанын көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымында шарттардағы заңгерлік көмек көрсету тәртібі нақты құқықтық дау бойынша істің нәтижесіне кепілдік берудің сөзсіз шарты болып табылмайтынын, заң кеңесшісінің клиент қалаған нәтижеге кепіл беруге құқығы жоқтығын және даулы шарттардың 2.2-тармағында орындаушы өзіне алған тапсырманың жүзеге асырылуы барысында іс бойынша қандайда уәде немесе кепіл бере алмайтыны көзделгенін негізге алған.

Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдары істің нақты мән-жайларына және тараптар арасында туындаған дауды реттейтін материалдық құқық нормаларына сәйкес келеді, бұл тұжырыммен апелляциялық алқа соты да дұрыс келіскен.

Жергілікті соттарда зерделенген іс құжаттары бойынша жауапкердің заң қызметін көрсету туралы келісімдердегі шарттарды бұзғаны анықталмаған, шарттар толық орындалып, әрекеті тоқталған.

Талап қоюшының екінші талап қоюы жауапкерден 5 000 000 теңге негізсіз баю сомасын өндіру туралы талабын аудиожазбамен дәлелденетініне сілтеме жасаған. Алайда, АК-нің 152-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сай мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш жоғары сомаға мәмілелер жазбаша түрде жасалуға тиiс.

Аталған заң нормаларының талаптарын талап қоюшы сақтамай, өзінің талап қоюында көрсеткен құны 5 000 000 теңгені құрайтын мәміле жазбаша түрде жасалмаған.

Тараптар арасындағы «WhatsApp» мессенджері арқылы жазылған стенограммаларға соттың баға бермегені туралы талап қоюшының уәжі апелляциялық сот алқасымен тексеріліп, құқықтық баға берілген. «WhatsApp» мессенджері арқылы жазылған жазбалардың мағынасын тексеру барысында жауапкер тарапынан талап қоюшыдан 5 000 000 теңгені алғаны туралы жазулар болмаған. Талап қоюшының 5 000 000 теңгені алғаны туралы сөзіне жауапкердің бұл ақшаны алмағаны туралы жауап қайтармағаны, оның аталған соманы алғанын және қайтаруға міндеттеме алғанын растамайды.

Егер іс үшін маңызы бар және екінші тарап жоққа шығармаған мәнжайларды даусыз растайтын, іске қатысты жарамды және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті деп танылады. Осы ретте, дәлелдемелерді қамтамасыз ету нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау Ережесінің 206-тармағының талабына қайшы азаматтық іс сот өндірісінде болған кезде жүргізілген.

АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі, 68-бабының 6-бөлігі бойынша істің заң

бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.

Талап қоюшы жауапкер екеуінің арасындағы заңдық көмек көрсету туралы қарым-қатынасты реттейтін келісімдер бекітілгенін, осы келісімдерге байланысты оның мүдделерін сотта жауапкердің қорғағанын жоққа шығармады. Көрсетілген келісімдер бойынша жауапкердің қалам ақы мөлшері келісімнің 3.1 пунктінде көрсетілген. Келісімдегі көрсетілген істер бойынша сот мәжілістері аяқталған. Сондықтан, жазбаша түрде жасалған мәміле бойынша алынған қаражат АК-нің 953 бабына сай негізсіз баю негізінен пайда болған деп айтуға болмайды.

АК-нің 951-бабының 4-тармағына сәйкес азаматтың мүліктік құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсіздік) арқылы келтірілген моральдық зиян өтелуге жатпайды.

Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер растамайды. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысы іс бойынша күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз

қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

А.Тоқсанбаев

Судьялар

А. Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.