№6001-23-00-6ап/862
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 5 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев талап қоюшы М[...] және оның өкілі Б[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер Алматы қаласы әкімдігіне, «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) Алматы қаласы әкімінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 2/115-226 қаулысын, жер комиссиясының 2022 жылғы 16 мамырдағы қорытындысын заңсыз деп тану, талап қоюшының меншігіндегі және жылжымайтын мүліктерге иелік алу бойынша бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 9 тамыздағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қаңтардағы қаулысына жауапкер «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда жауапкермен талап қоюшының жер учаскесiне жеке меншік құқығын беруден заңсыз бас тартқанын көрсеткен.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 9 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Алматы қаласы әкімінің 18 мамыр 2022 жылғы № 2/115-226 қаулысын, жер комиссиясының 2022 жылғы 16 мамырдағы қорытындысын, Алматы қаласы Алатау ауданы, Улжан-2 шағын ауданы, Бертайкызы көшесі, [...] үй алаңында орналасқан жалпы көлемі 0,073 га құрайтын жер телімін (кадастрлық номері [...]) талап қоюшының меншігіне беруге бас тартылған бөлігі заңсыз деп танылған.
Алматы қаласының әкімдігіне М[...] меншігіндегі және жылжымайтын мүліктерге иелік алу бойынша бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жауапкерлерге міндеттелген.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы тараптардың пікірлерімен тыңдап, кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК)169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Жетісу ауданы бойынша комиссияның 2007 жылғы 14 тамыздағы №4/4965 шешімімен Ш[...] өтініші бойынша Жетісу ауданы, Ұлжан-2 ықшам ауданында орналасқан №1 жер телімі берілген.
Жер учаскесінде 2008 жылы тұрғын үй салынып, 2014 жылғы 25 сәуірінде №105 актіге сәйкес пайдалануға қабылданған.
Талап қоюшы 2020 жылғы 15 наурызында қайтыс болған жұбайы Ш[...] мұрагері болып табылған.
Мұрагерлiк ісі бойынша талап қоюшыға Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ұлжан-2 шағын ауданы, Бертайқызы, [...] үйдің ½ жартысына және уақытша қысқа мерзімді кадастрлік нөмірі [...] жер телімін пайдалану құқығы берілген.
2020 жылғы 30 қыркүйектегі №2837 реестрге сәйкес тұрғын үй мен жер учаскесінің ½ бөлігі талап қоюшының меншігіне өткен.
2020 жылғы 20 қазанында талап қоюшы мен Басқарманың арасында №2687 жер учаскесін, мерзімі 2024 жылғы 21 қазанына дейін жалға алу шарты жасалған. 2022 жылғы 4 наурызында талап қоюшы Алматы қаласы әкімдігіне жер учаскесiне жеке меншік құқығын беру туралы арызбен жүгінген.
2022 жылы 18 сәуірінде Алматы қаласының әкімінің №2/115-226 қаулысымен жер учаскесiне жеке меншік құқығын табыстаудан бас тартылған. Негізі - жер учаскесі Ашыбұлақ өзенінің су қорғау белдеуінде орналасқандықтан Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 26 - бабына және Қазақстан Республикасының Су кодексінің 7 - бабына сәйкес жеке меншік берілмейді.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, талап қоюшы мүлікке заңдастыру туралы шешіміне сай ие болған, сол себебіне байланысты жер учаскесін жеке меншікке беруді талап етуге құқылы деген тұжырымға келген.
Бұл жағдайда Алматы қаласының әкімдігі талап қоюшыға жер учаскесіне меншік құқығын беру туралы қолайлы әкімшілік актіні қабылдаудан заңсыз бас тартқан. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 9 тамыздағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.