ВС РК - Постановление от 04.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2404 (Административное)

№6001-22-00-6ап/2404

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 4 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, жауапкердің өкілі Э[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері А[...], Ж[...], Б[...], М[...], К[...], С[...]

қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ИЧ167/3 республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 8 қарашадағы тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен алу және тұрғын үй төлемдері төленбейтіні туралы хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою, жауапкерге тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы шешім қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 қазандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ИЧ-167/3 мекемесінің тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 8 қарашадағы тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен талап қоюшыны алу және тұрғын үй төлемдері төленбейтіні туралы хаттамалық шешімі заңсыз қабылданғанын көрсетіп, оның күшін жойып, жауапкерге тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы шешім қабылдауды сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Жауапкер мен мүдделі тұлғалардың сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, М[...] Қылмыстық атқару жүйесі саласында 2008 жылдың сәуір айынан бастап 17.06.2021 жыл аралығында қызмет еткен. Соңғы қызмет орны - 2018 жылдың шілде айынан бастап ИЧ- 167/3 мекемесінің бастығының жалпы мәселелер және сотталушылардың еңбек етуін ұйымдастыру жұмыстары бойынша орынбасары болған.

2019 жылы 15 тамызда М[...] «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ипотекалық шарт арқылы Шымкент қаласы, 189 орам, [...] үй, №37 үш бөлмелі пәтер алған. Ипотекалық шарт мерзімі 240 ай.

2021 жылы 17 маусымда М[...] «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 80-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан босатылған.

2021 жылы 6 қыркүйекте М[...] жоғарыда көрсетілген ипотекалық шарт бойынша несиені төлеп беруді сұрап, бұрынғы жұмыс орнына өтініш берген.

2021 жылы 14 қыркүйекте мекеменің тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшы және тізімдегі тағы басқа қызметкерлер тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.

2021 жылы 28 қыркүйекте ИЧ-167/3 мекемесі, талап қоюшы және банк арасында тұрғын үй төлемдері туралы үш жақты шарт жасалған.

2021 жылы 8 қарашада ИЧ-167/3 мекемесінің тұрғын үй комиссиясы ИЧ -167/3 мекемесінің бұрынғы қызметкері М[...] тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен алып тастау және тұрғын үй төлемдерін төлемеу туралы шешім қабылдаған.

Аталған шешіммен талап қоюшы келіспей, сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, М[...] қызмет атқару барысында 2019 жылы тамызда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан ипотекалық шарт арқылы үш бөлмелі пәтерді алған. Сондықтан талап қоюшы тұрғынжайға мұқтаж деп танылмаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №524 қаулысымен бекітілген Ішкі істер органдарының қызметкерлерін қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау Қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 19-тармағы бойынша қызмет өткеру орны бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай берілген қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері жүргізілмейді.

Қағиданың 53-тармағының 1-тармақшасында тұрғын үй төлемдері ішкі істер органы бірінші басшысының бұйрығына сәйкес қызметкер ішкі істер органынан шығарылған күннен бастап тоқтатылатыны көзделген.

Жергілікті соттардың М[...] 2021 жылдың 17 маусымынан бастап қызметінен босатылғанына байланысты тұрғын үй төлемдері тоқтатылғаны туралы тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Осыған қоса, Түркістан облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мәліметтеріне сәйкес М[...] 2021 жылғы 24 қыркүйектегі сатып алу-сату шарты негізінде тағы бір пәтер меншік құқығы тіркелген, оны мекенжайы: Шымкент қаласы Тұран ауданы Отырар ықшам ауданы [...] үйі [...] пәтер.

Көрсетілген мән-жайлар Тұрғын үй қатынастары туралы Заңның 101-3бабының талаптарына сәйкес талап қоюшы үшін тұрғын үй төлемдерін алу мүмкіндігін болдырмайды.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні сот отырысында келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.