ВС РК - Постановление от 06.12.2022 по делу 6001-22-00-3гп/462 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/462

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 6 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.К.Шәріповтің, судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, А.С.Савинованың, прокурор Д[...], талапкер Е[...], өкілі Ж[...], жауапкердің өкілідері З[...], Ж[...], үшінші тұлғалардың өкілдері А[...], Ш[...], А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Е[...] жауапкер Сырдария ауданының әкіміне жұмыстан босату туралы өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақысын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 6 маусымдағы шешімін және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Е[...] өкілі Ж[...] өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Е[...] Сырдария ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 маусымдағы № 120-Ө өкімінің күшін жою, «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» КММ-нің басшысы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақысын өндіру туралы талабымен сотқа жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Сырдария ауданы әкімінің 28 маусымдағы № 120-Ө өкімі заңсыз деп танылып, Е[...] бұрынғы лауазымына қайта орналастырылып, оның пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына 2 018 579 теңге жалақы өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен аталған сот шешімімен іске қатысуға тартылмаған «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» КММ-нің құқықтары мен міндеттері туралы мәселе шешілмегеніне байланысты бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, азаматтық іс сол сотқа қайта қарау үшін жолданған.

Қайта қараудың нәтижесі бойынша Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 6 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша материалдық және процестік заң нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы мен оның өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, жауапкер мен үшінші тұлғаның өкілдерінің қарсылығын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 427-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Е[...] 2016 жылғы 20 маусымдағы №215-Ө өкімімен «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» КММ-нің (әрі қарай - Мекеме) басшысы лауазымына тағайындалған.

2013 жылғы 1 қазаннан бастап 2015 жылғы 31 наурыз аралығындағы кезең ішінде Мекемеде анықталған бұзушылықтарға байланысты Е[...] қатысты «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қаржы саласындағы құқық бұзушылықтарды тергеу басқармасы» ММ-мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2015 жылғы 16 қазандағы қаулымен Е[...] әрекеті бұрын қолданыста болған ҚК-нің 307-бабы 2-бөлігіне қайта сараланған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы тәртіп кеңесінің 2015 жылғы 17 қыркүйектегі № 58 шешімі негізінде, Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 10-тармақшасымен көзделген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін Е[...] өз қызметінен төмендету түріндегі тәртіптік жазасы қолданылып, Сырдария ауданы әкімінің 2015 жылғы 22 қыркүйктегі № 348-Ө өкімімен ол төмен тұрған бос бас маман лауазымына ауыстырылған.

Қылмыстық қудалау органның 2015 жылғы 18 қазандағы қаулысымен күдікті Е[...] келтірілген шығынды толық өтеп, кінәсін мойындап, әрекетіне шынайы өкінуіне байланысты ҚК-нің 65-бабы негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 35-бабы

1-бөлігінің 12) тармағына сәйкес қылмыстық іс-өндірісі тоқтатылып, Е[...] қылмыстық жауаптылықтан босатылған. М.Е[...] басшысы мемлекеттік әкімшілік лауазымы бос болғанына байланысты конкурсқа қатысып, 2016 жылғы 13 маусымдағы конкурстық комиссияның қорытындысы негізінде Сырдария ауданы әкімінің 2016 жылғы 20 маусымдағы № 215-Ө өкімімен басшы лауазымға тағайындалған.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» ММ-нің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 04-15/486, 13 мамырдағы № 04-15/761 және 14 маусымдағы № 04-02/909 хаттарының негізінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін Сырдария ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 маусымдағы № 120-Ө өкімімен Е[...] «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - № 416-V Заң) 61-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес 2021 жылы 28 маусымдан бастап атқарып отырған қызметінен босатылған.

№ 416-V Заңның 61-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сай мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi олардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істің ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуы негіз болып табылады.

Е[...] қызметінен босатылған соң өзін босатуға негіз болған қаулы бойынша Сырдария ауданының прокурорына жүгініп, ҚПК-нің 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеушінің әрекетін шағымдаған. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Сырдария ауданы прокурорының қаулысымен ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес қылмыс оқиғасында тұлғалардың кінәлілігін растайтын дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты тергеп-тексеру тоқтатылып, ҚК-тің 65-бабының 1-бөлігін қолданудың негіздері жоқ екендігін көрсетіп, Е[...] қатысты 2015 жылғы 18 қазандағы қаулының күші жойылған.

Қызылорда қалалық соты азаматтық істің бірінші сатыда қаралу барысында Е[...] қатысты қозғалған қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 12)-тармақшасына сәйкес тоқтатылғанын, 2015 жылғы 18 қазандағы қаулы заңды күшіне енгенін көрсетіп, даулы өкім заңға сәйкес қабылданғаны жөнінде тұжырымға келіп, 2022 жылғы 06 маусымда талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Қызылорда облыстық сотымен бірінші сатыдағы сот шешімінің тұжырымдары заңды деп танылған.

Өтінішхат иесі Е[...] жасаған тәртіптік бұзушылық үшін бас маман лауазымына төмендетіліп, оған тиісті тәртіптік жаза қолданылғанын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 65-бабының 3-тармағына сәйкес әрбір тәртіптік теріс қылық үшін екі рет шара қолданылмайтындығын, кейін конкурстық іріктеу барысында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Қызылорда облысы бойынша департаменті» ММ-нің және Сырдария ауданы әкімінің келісімімен бос тұрған лауазымға тағайындалғанын ескеруді сұраған.

Жергілікті соттар талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырып, талап қоюшы Е[...] қатысты қозғалған қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабы 1- бөлігінің 12)-тармақшасына сәйкес тоқтатылғанын, 2015 жылғы 18 қазандағы қаулы заңды күшіне енгенін көрсетіп, даулы өкім заңға сәйкес қабылданғаны жөнінде тұжырымдаған.

Кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарын іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған деп санайды.

№ 416-V Заңның 44-бабының, 1-тармағы негізінде, мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы- мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы болып табылады.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істің ҚПК-нің 35бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуы болып табылады.

Е[...] қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негізде, ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сәйкес қылмыстық іс өндірісімен тоқтатылған. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істің ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36бабының негізінде тоқтатылуы болып табылады.

Е[...] іс-әрекетінде қылмыстық қудалау органымен құқықтық баға беріліп, процессуальдық шешім қабылданған.

Аталған мән-жай мемлекеттiк қызметтiң тоқтатылуының негіздерінің бірі болып табылады.

Бұдан басқа, Е[...] өтінішхатта келтірген уәжіне сәйкес, әрбір тәртіптік теріс қылық үшін екі рет шара қолданылмайтындығын, кейін конкурстық іріктеу барысында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Қызылорда облысы бойынша департаменті» ММ-нің және Сырдария ауданы әкімінің келісімімен бос тұрған лауазымға тағайындалғанын ескеруді сұраған.

Алайда, талап қоюшымен мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурсқа қатысуда өзіне қатысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы қозғалған қылмыстық істің ақтамайтын негіздермен тоқтатылғаны жасырылып, Заңның 61-бабының 1-тармағының 16) тармақшасының талаптарын бұзған.

Бұл ретте, алқа даулы болып отырған өкім заңға сәйкес қабылданған деген тұжырымға келеді.

Өз кезегінде, АПК-тің 6-бабының 5-бөлігіне сәйкес егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті.

Бұл тұрғыда жергілікті соттармен істің нақты мән-жайларына сәйкес, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданыла отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жайлы дұрыс шешім қабылданған.

Осы мән-жайларға байланысты шағым уәждері негізсіз болып табылады, алқаға жаңа дәлелдемелер ұсынылмаған, келтірілген уәждері жергілікті соттармен зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жоғарыдағылардың негізінде жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтаған, материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермеген.

Өтінішхатты қанағаттандыруға және дауланып отырған сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін құқықтық негіздер жоқ.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 6 маусымдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Е[...] өкілі Ж[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар М.Бектұрғанов А.Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.