ҚАУЛЫ
2026 жылғы 20 қаңтар №6003-25-00-2к/3691 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың,
жауапкердің өкілі М.А.Каратаевтың қатысуымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігінің жауапкер жеке кәсіпкер Парахат Бердимуратович Зиналиевқа қатысты жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы сот шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округі мекен жайы бойынша орналасқан П.Зиналиевке тиесілі кадастрлық №03-047-277-095 жалпы жер көлемі 0,2600 га, оның ішінде 0,0480 га жер учаскесіне 32 000 000 теңге мөлшерінде өтемақы төлене отырып мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттар оның уәждерін назарға алмағанын, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алу рәсімінің заңдылығын тексермегенін, істің мән-жайын толық анықтамағанын, материалдық және процестік нормалардың бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені
анықталды.
АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 5-тармағына сәйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6- бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.
Дауланып отырған сот актілері көрсетілген заң мен Нормативтік қаулының талаптарына сай келмейді.
Іс құжаттарына қарағанда, Қарасай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысымен бекітілген бас жоспарын жүзеге асыру мақсатында, Қарасай ауданының әкімі 2023 жылғы 8 ақпандағы № 56 «Жер телімін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы» қаулысы қабылдаған.
Талап қоюшының пайымдауынша жауапкер П.Б.Зиналиевтің меншігіндегі Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округі, Абай ауылы, Әзербаев көшесінде орналасқан, нысаналы мақсаты - өндірістік базаны орналастыру үшін, кадастрлық №03-047-277-095, жалпы жер көлемі 0,2600 га, оның ішінде 0,0480 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін сатып алуға жатады.
«Бағалау Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) 2024 жылғы 17 мамырдағы №А02-09 санды жылжымайтын мүлікті бағалау актісі бойынша сатып алуға жататын жер телімінің нарықтық құны 8 424 000 теңгені құраған.
Ұсынылған өтемақы мөлшерімен жауапкер келіспегендіктен Қарасай ауданы әкімі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда Қарасай ауданы әкімінің 2023 жылғы 8 ақпандағы №56 қаулысы жауапкермен дауланбағанын негізге ала отырып, мемлекет мұқтажы үшін алынатын 0,0480 га жер учаскесінің нарықтық құнын 32 000 000 теңге мөлшерінде анықтаған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл негіздемесімен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 87-бабына сай, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу мөлшері, төлем нысандары және төлеу мерзімдері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6- тарауында белгіленеді.
Заңның 67-бабының 2-тармағында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Осы баптың 3-тармағына сай, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1- тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Жоғарыда көрсеткендей талап қоюшының сотқа ұсынған 2024 жылғы 17 мамырдағы бағалау есебіне сәйкес жер учаскесінің нарықтық құны 8 424 000 теңгені құраған.
«Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 13 тармағына сай соттар ақшалай өтемақының мөлшерін анықтау туралы дауларды қарау кезінде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін еріксіз иеліктен шығаруға байланысты меншік құқығының тоқтауына орай келтірілген шығындарды меншік иесіне өтеудің барлық мәселелерін шешеді, бұл орайда, Заңның 67-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлік оның нарықтық бағасы негізге алына отырып бағаланады.
Иеліктен шығарылатын жер учаскесінің бағасы туралы мәселені зерттей отырып, соттар Заңның 67-бабының ережелерін ескеруге тиіс. Объектілердің нарықтық құнын айқындау кезінде бағалау жүргізуге, қолданылатын тәсілдер мен әдістерге, бағалау туралы есептердің мазмұны мен нысанына қойылатын
талаптарды белгілейтін Заңның 67-бабының 3-тармағын, 208-бабын, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Заңды және бағалау қызметі саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу керек. Бірінші сатыдағы сотта істі қарау кезінде жауапкер тарапы жалпы көлемі 0,26 га жер учаскесінің нарықтық құны 220 214 644 теңге құрайтыны туралы «НОК Доверие» ЖШС-нің бағалау есебін ұсынған.
Сот шешімінде мемлекет мұқтажы үшін алынатын 0,0480 га жер учаскесінің нарықтық құны қандай ғылыми негіздермен, тәсілдермен 32 000 000 мөлшерінде анықталғаны көрсетілмеген. «НОК Доверие» ЖШСнің бағалау есебінде 0,0480 га жер учаскесінің нақты нарықтық құны анықталмаған.
Апелляциялық сот қаулысында бірінші сатыдағы сот мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің, ондағы орналасқан жылжымалы және жылжымайтын мүліктің нарықтық құны дұрыс анықталған деген тұжырымға келген.
Алайда, сотқа ұсынылған бағалау есептерінде және оларға тіркелінген фотосуреттерде мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінде құрылыстардың жоқ екендігі көрсетілген.
АПК-нің 82-бабына сәйкес сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мәнжайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Істе ревизиялар, тексерулер актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сот сараптамасын сот тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды.
Жергілікті соттар істің жан-жақты, толық көлемде қаралуын қамтамасыз етпеген, тараптардың арасында даулы жер учаскесіне төленетін өтемақыға қатысты дау туындағанына қарамастан, сот сараптамасын тағайындамай, жер учаскесінің нарықтық құнын дұрыс анықтамаған.
АПК-нің 13-бабының 1-бөлігінде азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылатыны қарастырылған.
АПК-нің 15-бабының 3-бөлігіне сай, сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін
қажетті жағдайлар жасайды. Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мән-жайларын талқылайды және осы Кодексте көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
Жергілікті соттар азаматтық істі қарағанда аталған процестік заңның талаптарын сақтамаған, жауапкердің елдің мекеннің Бас жоспарын алдырып, зерттеу қажеттілігі туралы, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің орналасу орны, нақты координаттары және мемлекет мұқтажы үшін алынатын жалпы жердің шегіне жауапкердің 0,0480 га жер учаскесінің енетіні немесе енбейтіні анықталмағаны туралы уәждерін тиісті түрде тексермеген.
Нәтижесінде жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын толық айқындамаған, жауапкер П.Б.Зиналиевтің өз құқықтары мен мүдделерін заңмен қорғалуын жүзеге асыруға мүмкіндік жасамаған.
Сондықтан жергілікті соттар тарапынан елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот жергілікті соттардың актілерінің күші жойылуға, азаматтық іс апелляциялық сотқа істі бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жаңадан қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымға келеді.
Апелляциялық сот істі жаңадан қарағанда жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданып, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімінің және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
Жауапкер жеке кәсіпкер П.Б.Зиналиевтің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.