ВС РК - Постановление от 29.06.2023 по делу 6001-24-00-6ап/648 (Административное)

№6001-24-00-6ап/648

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 сəуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө. Әлжанов, судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермағамбетова болып, талап қоюшының өкілі Ж[...],

жауапкер өкілі А[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кəсіпорының (бұдан былай – Кəсіпорын) жауапкер Қазақстан Республикасының Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігіне (бұдан былай – Агенттік) Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату жəне оның салдарын жою туралы 2023 жылғы 29 маусымдағы № 0/2462 нұсқамасын заңсыз деп тану жəне оның күшін жою туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Кəсіпорын жоғарыда аталған талап қоюмен Агенттікке қатысты сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық шағымның дəлелдерін қолдаған талап қоюшының өкілінің түсініктемелерін, жауапкер өкілінің қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, шағымның дəлелдерін талқылай келе, сот алқасы мынадай қорытындыға келді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мəн-жайларына қарағанда Агенттік 2023 жылдың 29 маусымында Ұлттық инновациялар жəне кəсіпкерлік орталығының дезинфекционисттер нарығында бəсекелестікті шектеу туралы өтінішін қарап, нəтижесі бойынша кəсіпорынға Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің (бұдан əрі - КК) нормаларын бұзуды тоқтату жəне оның салдарын жою туралы нұсқама (бұдан əрі - нұсқама) жолдаған.

Нұсқамада монополияға қарсы орган профилактикалық санитариялық қызметті (дезинфекция, дезинсекция, дератизация жəне осыған ұқсас қызметтер) жүзеге асыруды тоқтатуды жəне дамыған бəсекелестікпен сипатталатын жоғарыда аталған қызмет түрлерін Жарғыдан алып тастау арқылы кəсіпорынның жарғылық қызмет түрін өзгерту туралы өтінішпен Агенттікке жүгінуді талап еткен.

Талап қоюшы кəсіпорынды құруға монополияға қарсы органнан бұрын алынған келісімнің бар болуына байланысты (2014 жылғы 24 қазандағы № 27-ОД бұйрық) жəне кəсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуының заңды негіздері болғандықтан, нұсқама заңсыз болып табылады жəне оның күші жойылуға жатады деп есептейді, кəсіпорын атқарып отырған қызметтің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге қажет екендігін, тауар нарығындағы бəсекелестік жағдайына талдау жүргізу кезінде бұл қызметтің сапалы əрі жан-жақты зерделенбегендігін жəне кəсіпорын атқаратын басқа да қызмет түрлерін негізсіз алып тастауға əкеп соқтыратындай терминнің дұрыс қолданылмағандығын, сонымен қатар, міндетті тергеп-тексеру жүргізілмей, нұсқаманы шығару тəртібінің бұзылғандығын көрсеткен.

Жергілікті соттар дауды шешу жəне талап арызды қанағаттандырудан бас тарту кезінде Кəсіпкерлік кодексінің (бұдан əрі – КК) 21-бабының 2- тармағының, 163-бабының, 192, 196-баптарының ережелерін басшылыққа ала отырып, жауапкермен жүргізілген Қазақстан Республикасының шекараларында санитарлық қызмет көрсету нарығындағы (дезинфекция, дезинсекция, дератизация жəне осыған ұқсас қызметтер) бəсекелестік жағдайының жай-күйінің 2023 жылғы 20 сəуірдегі талдауды (бұдан əрі – бəсекелестік талдау) зерделеп, нұсқама заңды деген қорытындыға келді. Себебі, осы нарықта жеке кəсіпкерлік субъектілерінің үлкен саны жұмыс істейтіндіктен (304) жəне бəсекелестігі дамыған орташа шоғырланған нарық ретінде сипатталады, сəйкесінше, мемлекеттің осы нарыққа одан əрі қатысуы бəсекені шектейді жəне КК 192-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына қайшы келеді. Агенттік нұсқама шығару тəртібін бұзбаған.

Алқа жергiлiктi соттардың даулы əкiмшiлiк актiнiң қабылданған кездегi заңдылығы туралы жоғарыда айтылған қорытындыларымен келiсе отырып, заңнамадағы өзгерiстер мен нақты мəн-жайлардың салдары бойынша оның күшiн жою қажет деп есептейдi.

Қазақстан Республикасының шекараларында санитарлық қызмет көрсету нарығындағы (дезинфекция, дезинсекция, дератизация жəне осыған ұқсас қызметтер) бəсекелестік жағдайының жай-күйінің 2023 жылғы 20 сəуірдегі талдау нəтижесінен санитарлық қызмет нарығында жеке кəсіпкерлік субъектілерінің көп саны (340) ұсынылғаны, талдау жəне субъектілердің саны өңірлер бойынша келтірілген көрінеді. Бұл ретте Кəсіпорын 100% мемлекеттің қатысуымен еліміздің барлық өңірлерінде нарықта жұмыс істейді. Кəсіпорынның осы нарықтағы қызметі тауар нарығындағы бəсекелестікті шектейтін, оның ішінде соңғысының мемлекеттік сатып алуларға қатысуына байланысты (бір көзден алу əдісімен) монополист ретінде сипатталады.

Сонымен бірге, «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Заңға 2024 жылғы 2 шілдеден бастап енгізілген өзгерістерге сəйкес, денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялық, дезинсекциялық, дератизациялық қызметтерді көрсету жөніндегі қызметке лицензиялау енгізілген, бұл осы нарықта жұмыс істейтін жеке кəсіпкерлік субъектілерінің айтарлықтай қысқаруына жəне нарық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті субъектілердің жеткіліксіздігіне əкелді.

Осыған сəйкес, алқамен аталған мəселе бойынша ұстанымын нақтылау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне сұраныс жолданған.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А. Әлназаровамен қол қойылған 2024 жылғы 24 желтоқсандағы хатта келесі көрсетілген:

Лицензия алу қажеттігі туралы ереже күшіне енген күннен бастап 6 ай өткен соң Агенттіктің талдауында көрсетілген 300-ден астам нарық субъектілерінің 38-і, соның ішінде Кəсіпорында денсаулық сақтау саласында, дезинфекция, дезинсекция жəне дератизация қызметтерін көрсетуге лицензия алған.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жəне Жетісу облысында профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық жəне дератизациялық қызмет көрсетуге уəкілетті лицензиясы бар жеке кəсіпкерлік субъектілері жоқ, бұл санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Бұл ретте, Кəсіпорын еліміздің барлық өңірлерін қамтитын кең филиалдар желісінің, материалдық-техникалық жəне кадрлық жабдықталуының арқасында дезинфекциялық, дезинсекциялық жəне дератизациялық қызметтерді көрсетуде басты рөл атқарады.

Сонымен қатар, жеке кəсіпкерлік субъектілері санитарлық нормаларда талап етілетін профилактикалық дезинфекция, дезинсекция, дератизацияның жекелеген түрлерін жүргізбейді. Мысалы, желдету жүйелерін, бассейндерді, сумен жабдықтау жүйелерін жəне басқа объектілерді дезинфекциялау сияқты. Сондай-ақ, балалар мекемелерінде, санаторийлер мен ауруханаларда жыл сайын төсек-орын жабдықтарын камералық дезинфекциялау талап етіледі, дегенмен, кейбір аймақтарда бұл қызметті тек Кəсіпорын ғана көрсетеді.

Сонымен қатар, талап қоюшы дезинфекция, дезинсекция жəне дератизация бойынша қызметтердің толық кешенін ұсынатын жалғыз кəсіпорын болып табылады, бұл əсіресе жедел əрекет етуді қажет ететін жағдайларда (эпидемиялар, су тасқындары) өте маңызды. Осыған байланысты профилактикалық дезинфекцияға, дезинсекцияға жəне дератизацияға мемлекеттің қатысуын шектеу дезинфекциялық қызметтерді көрсетуге қабілетті нарық субъектілерінің болмауына, соның салдарынан аса қауіпті инфекциялардың таралуымен инфекциялық жəне паразиттік сырқаттанушылықтың артуына əкеп соғады.

Агенттіктің қызметтің осы түріне мемлекеттің қатысуын шектеу туралы нұсқамасы мерзімінен бұрын болып табылады жəне халықтың денсаулығына қайтымсыз салдарлар мен эпидемиологиялық қауіптердің артуына əкеледі деп санайды.

Алқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің жоғарыда келтірілген қорытындысын ескере отырып, республиканың жекелеген аймақтарында нарық субъектілерінің болмауына жəне санитарлық қызмет нарығындағы бəсекелестіктің төмен деңгейіне байланысты мемлекеттің кəсіпкерлік қызметке қатысуының қажеттілігі мен мақсаттылығына байланысты КК-тің 192-бабының 1-тармағының 4) тармақшасының жəне ӘРПК-ның 10-бабы (Мөлшерлестік қағидасы) негізінде нұсқаманың күші жойылуға жатады деп есептейді.

Шығарылған нұсқама жарамсыз жəне жалпы қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне сəйкес келмейді.

Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жəне талап қоюшының шағымы қанағаттандыруға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын жəне АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі шешімінің, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысының қаулысының күштері жойылып, жаңа шешім қабылдансын.

Қазақстан Республикасының Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігінің Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату жəне оның салдарын жою туралы 2023 жылғы 29 маусымдағы № 0/2462 нұсқамасының күші жойылсын.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кəсіпорнының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Б. Нажмиденов

Ж.Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж.Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.