№6001-22-00-6ап/810
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 22 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі У[...], жауапкердің өкілі А[...], мүдделі тұлғаның өкілі М[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «ШО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитет) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жауапкер Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 23 тамыздағы №115067-08-21 бұйрығымен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылуына байланысты, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы бұйрығының (бұдан әрі – даулы бұйрық) күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен күшінде қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Даулы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдау, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер жергілікті соттармен орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 22 сәуірде «Жосалы кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тапсырыс беруші) жалпы сомасы 47 161 836 теңге болатын «Қызылорда облысы, [...] кентіндегі Т.Рысқұлов көшесін абаттандыру» жұмыстарын мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жарияланған.
2021 жылғы 18 мамырдағы №5724001-ОК2 қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес Серіктестік жалпы сомасы 30 300 000 теңге ұсынысымен конкурс жеңімпазы деп танылған.
2021 жылғы 8 маусымда Тапсырыс беруші мен Серіктестік арасында №74 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
Шарттың 4.1 тармағының 2) тармақшасына сәйкес Серіктестік шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде 909 000 теңге шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 26-бабына сәйкес 7 429 468,8 теңге сомасын енгізбеген. Осыған орай, Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 23 тамыздағы №115067-08-21 бұйрығымен Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Серіктестік шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізбеу себебі ретінде құрылыс заттары бағасының көтерілуі салдарынан сметаға өзгеріс енгізу туралы тапсырыс берушіге ұсыныс жолдағанын келтірген. Бірінші сатыдағы сот Серіктестіктің басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы болып «У[...]» табылатынын, алайда даулы бұйрықта «У[...]» деп қате мәліметтер көрсетілгенін, даулы бұйрық заңнама талаптары бұзыла отырып қабылданғаны туралы тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы талап қоюшының шарт бойынша міндеттерін орындамауына құқықтық баға бермей, қате мәліметтер көрсетілген даулы бұйрыққа өзгеріс енгізуге мүмкіндік жоқтығы, бұйрықтың күшін жою туралы сот шешімі заңды және негізді қабылданғаны жөнінде қорытындыға келген.
Жергілікті соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады. Заңның 43-бабының 9-тармағына сәйкес, өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізуге міндетті.
Заңның 44-бабының 1-тармағына сәйкес, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №694 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және жүргізудің қағидаларының» 25-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаудан жалтарған әлеуетті өнім беруші осы Қағиданың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның веб-портал арқылы қабылдаған шешімімен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізіледі.
2021 жылғы 8 маусымда жасалған №74 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына сәйкес Серіктестік шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын 2021 жылғы 22 маусымға дейін енгізуге міндетті болған.
Даулы бұйрықпен талап қоюшы шартта белгіленген мерзім ішінде шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізбеуіне байланысты мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Осыған қоса, Серіктестік шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізбеуіне байланысты дәлелді себептер ұсынбаған.
Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға келісім білдіру түрі, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары мен осы Заңның 6-бабында белгіленген шектеулерге сәйкестігін растайтын, өзі туралы мәліметтер алуға келісім білдіру түрі болып табылады.
Осыған орай, Серіктестіктің тапсырыс берушіге сметаға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолдағаны туралы уәждері назарға алуға жатпайды, өйткені оның конкурсқа қатысуға өтінім жолдауы конкурстық құжаттамада және шартта белгіленген талаптарға келісім білдіру түрі болып табылады.
2021 жылғы 8 маусымда шартқа өзгерістер енгізілмеген. Құрылыс заттары бағасының көтерілуі, яғни шарт міндеттемелерін орындау тиімсіз болуы шартқа қол қоймауға дәлелді себеп болып табылмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 360-бабына сай егер мiндеттемеде кәсiпкердiң тапсырысы бойынша әлдебiр жұмысты орындау көзделсе, жұмыстың нәтижесiн пайдаланудың мүмкiн еместiгi немесе оны пайдаланудың тиiмсiз болу тәуекелi кәсiпкерге жүктеледi.
ӘРПК-тің 84-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады. Мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла алмайды.
Аталған жағдайда даулы бұйрыққа Серіктестіктің басшысы әрі құрылтайшысы туралы қате мәліметтердің енгізілуі дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келмеген. «Электронды қаржы орталығы» акционерлік қоғамының 2021 жылғы 30 қарашадағы хатына сәйкес «Электрондық мемлекеттік сатып алу» туралы автоматтандырылған ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының біріктірілген салықтық ақпараттық жүйесінен (бұдан әрі – Салықтық ақпараттық жүйе) алынады. Осыған байланысты, даулы бұйрықта қате мәліметтер жауапкердің қателігінен пайда болмағаны, өйткені Серіктестіктің құрылтайшысы туралы ақпарат Салықтық ақпараттық жүйесінен алынған.
Бұл жағдайда талап қоюшыға және У[...] даулы бұйрыққа өзгерістер еңгізу туралы талаппен өз бетінше жүгінуге құқылы екенін түсіндіру қажет.
ӘРПК-тің 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, талап қоюшының даулы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деп санайды. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімінің және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.
Талап қоюшы «ШО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне бұйрықтың күшін жою туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.