Қ А У Л Ы
2026 жылғы 30 сәуір №6003-25-00-2к/5776 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
прокурорлар Н[...] және Ш[...], талап қоюшы өкілі З[...], жауапкер өкілі Н[...], аудармашы Т[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе қаласының тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «BSGИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - Cеріктестік) тұрақсыздық айыбын өндіру, қарсы талап қою бойынша талап қоюшы Серіктестіктің қарсы талап қою бойынша жауапкер Бөлімге актілерді жарамды деп тану және берешекті өндіру туралы электрондық азаматтық істі Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына берген талап қоюшының кассациялық шағымымен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кассациялық наразылығымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанына негіздеген.
Серіктестік қарсы талаппен жүгініп, онда Бөлім тарапынан атқарылған жұмыстар актілері негізсіз қабылданбай, төлемдер жүргізілмегенін көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Серіктестіктен мемлекет кірісіне 17 434 362 теңге тұрақсыздық айыбы, 523 031 теңге мемлекеттік баж сомасы өндірілген, Серіктестіктің қарсы талап қоюы қанағаттандырылып, 2024 жылғы қазан айына құны 44 335 925 теңгеге №4 және 2024 жылғы желтоқсан айына құны 44 118 215 теңгеге №5 орындалған жұмыстар туралы актілері жарамды деп танылған және Бөлімнен Серіктестіктің пайдасына 60 555 532 теңге қарыз сомасы, 1 816 666 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Бөлім кассациялық шағымында және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы кассациялық наразылығында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, Бөлімнің талабын толық қанағаттандыруды, Серіктестіктің қарсы талабын қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді қарап, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілерінің күші жойылуға, кассациялық шағым мен наразылық қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын
тыңдап, кассациялық шағым пен наразылық уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.
2023 жылғы 28 наурызда рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде Бөлім (тапсырыс беруші) мен Серіктестік (мердігер) арасында №230122/00 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарт (бұдан әрі - шарт) жасалып, оған сәйкес мердігер Ақтөбе қаласы, [...] бойындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарын орындауға міндеттенген, шарттың жалпы сомасы 208 179 871,20 теңге.
Өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жұмыстар 2024 жылғы 30 маусымда аяқталуы тиіс болса, осы мерзімге дейін орындалған жұмыстар актілері бойынша тапсырыс берушімен 98 729 579,79 теңгеге жұмыстар қабылданған.
Серіктестік тарапынан шарт бойынша міндеттелемер тиісті түрде орындалмауына байланысты Бөлім оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген, алайда Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8 қазандағы шешімімен талап қою мерзімі өтіп кеткендіктен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.
О[...] орай, Серіктестік шарт міндеттемелерін уақытылы орындамау себепті Бөлім 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейін 20 138 853 теңге (109450291,21 х 0,1% х 184 күн) тұрақсыздық айыбын өндіруді сұраған.
Серіктестік қарсы талабында талап қоюмен келіспей, тапсырыс берушінің мердігер алдындағы қарызы 60 555 531,98 теңгені құрайтынын, соңғысы атқарылған жұмыстарды белгісіз себептермен негізсіз қабылдамай және ақысын төлемей отырғанын, 2024 жылғы қазан айына құны 44 335 925 теңгеге және желтоқсан айына құны 44 118 2015,41 теңгеге орындалған жұмыстар туралы №4 және №5 актілерге (бұдан әрі - актілер) техникалық қадағалаушының келісімі бар екенін көрсетіп, осы актілерді жарамды деп тануды және берешек сомасын өндіруді сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 663бабының 4-тармағына сәйкес мердігердің жұмыс нәтижелерін тапсыруы және тапсырысшының оны қабылдауы екі тарап, ал заң актілерінде көзделген жағдайларда - мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері де қол қойған актімен ресімделеді. Тараптардың бірі актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда бұл туралы белгі қойылып, актіге екінші тарап қол қояды. Жұмыс нәтижелерін бір жақты тапсыру немесе
қабылдау актісін актіге қол қоюдан бас тарту себептерін сот негізсіз деп таныған жағдайда ғана сот жарамды деп тануы мүмкін.
Жергілікті соттардың мердігердің 2024 жылдың қазан және желтоқсан айларында жұмыстарды орындағандығы сараптама тұжырымдарымен, техникалық қадағалау жүргізген мекеме өкілінің түсініктемесімен расталады, сынақ қорытындыларымен анықталған кемшіліктер елеулі сәйкессіздікті көрсетпейді және жұмыстарды қабылдамауға негіз болып табылатын кемшіліктер болып саналмайды деген тұжырымдары қарсы талапты қанағаттандыруға сөзсіз негіз бола алмайды және істің мән-жайларына қайшы келеді. Өйткені, Серіктестік тарапынан №4 және №5 актілерді Бөлімге қол қою үшін не қағаз жүзінде, не электронды нұсқада жолдағаны (ілеспе хат, қолхат, почта торабының хабарламасы, скриншот және т.б.) туралы дәлелдемелер, Бөлім актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда бұл туралы белгі қойылып, Серіктестік қол қойған акті іс құжаттарына тіркелмеген, өз кезегінде, Бөліммен ондай актілер жолданбағаны туралы уәждер келтірілген.
Шарттың 7.1-тармағына сай мердігер тапсырыс берушіге шарт бойынша жұмыстарды орындау нәтижелері осы шартқа қосымшаларда көрсетілген талаптарға, сондай-ақ техникалық ерекшелікте көрсетілген стандарттарға сәйкес келетініне, жұмыстар олардың сапасын техникалық ерекшеліктің талаптарына сәйкес келмейтін деңгейге дейін төмендететін ақауларсыз орындалатынына кепілдік береді. Тапсырысшының талап етуі бойынша мердігер жұмыстарды орындау нәтижелері сапасының техникалық ерекшелікте көрсетілген стандарттарға сәйкестігін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №305 бұйрығымен бекітілген «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру қағидаларының» 4-тармағына сәйкес жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптаудың мақсаты жол мен құрылыстардың конструктивтік элементтерінің, материалдар мен жұмыс технологиясының жоба, техникалық құжаттама, келісімшарт және нормативтік құжаттар талаптарына сәйкестігін белгілеу болып табылады.
О[...] 3-тармағының 3) тармақшасына сай автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстауға байланысты жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуге уәкілетті тұлға болып табылатын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен (бұдан әрі - Орталық) Серіктестіктің атқарған жұмыстарының сапасына және жол-құрылыс материалдарының сынамаларына 2024 жылғы 14 және 19 маусымда, 1 қазанда іріктеу жүргізілген.
Нәтижесінде Серіктестікпен жасалған Ақтөбе қаласы, [...] жол-құрылыс жұмыстарының нормативтік құжаттардың талаптарына жауап бермейтіні туралы қорытындылар жасалған (сынақ хаттамаларына сай).
Істі қарау барысында сотпен тағайындалған 2025 жылғы 21 шілдедегі №2637 сот-құрылыс-экономикалық сараптама қорытындысының 5 және 6- тармақтарында ««Ақтөбе қаласындағы Илецкая көшесінің бойындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары» нысаны бойынша асфальтбетонның сапасы, суға қанықтыру және тығыздығы құрылыс нормаларының талаптарына, норматив пен стандарттарға сәйкес келетіндігі немесе келмейтіндігі жөнінде нақты асфальт құрылысы мамандарының (лабораториялық сынақ зертханасының мамандары) анықтамасы немесе қорытындысы ұсынылмағандықтан аталған сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Яғни аталған сұрақтарға жауап көрсетілген мамандардың құзырында» деп көрсетілген.
Демек, сот сараптамасымен атқарылған жұмыстардың сапасы анықталмаса, осы саладағы құзыретті орган болып табылатын Орталықпен ол жұмыстардың сапасыз екені бекітілген, соның салдарынан аталған жұмыстар тапсырыс берушімен осы күнге дейін қабылданбаған.
Аталған мән-жайларды, яғни актілердің Бөлімге қол қою үшін жолданғаны және жұмыстардың сапалы орындалғаны туралы, Орталықтың қорытындыларын теріске шығаратын немесе күмән келтіретін дәлелдемелер Серіктестікпен сотқа ұсынылған жоқ, тиісінше АПК-тің 72-бабына сай әр тарап өздерінің уәждерін дәлелдеуге міндетті.
Бұл жағдайда мердігермен сапасыз орындалған және осыған байланысты тапсырыс берушімен қабылданбаған жұмыстар үшін ақша өндіру және қол қоюға жолданбаған, іске тіркелмеген актілерді жарамды деп тану туралы жергілікті соттардың тұжырымдары негізсіз болып табылады. Сондықтан бұл талаптар заңға негізделмегендіктен, ал жұмыстарды сапалы орындау шарт негізінде міндет болып табылатындықтан, актілерді жарамды деп тану және берешекті өндіру туралы қарсы талапты қанағаттандырудан бас тарту қажет. Қарсы талап қанағаттандырудан бас тартылуына байланысты соттармен өндірілген тұрақсыздық айыбының сомасы 20 138 853 теңгеге дейін ұлғайтылуы тиіс.
Істің мұндай тұрғысында соттардың сот актілері өзгертіліп, талап толық қанағаттандырылуға, қарсы талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым мен наразылық қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы өзгертілсін.
Жауапкер «BSGИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет кірісіне өндірілген 17 434 362 (он жеті миллион төрт жүз отыз төрт мың үш жүз алпыс екі) теңге тұрақсыздық айыбының сомасы 20 138 853 (жиырма миллион бір жүз отыз сегіз мың сегіз жүз елу үш) теңгеге дейін, 523 031 (бес жүз жиырма үш мың отыз бір) теңге мемлекеттік баж сомасы 604 165 (алты жүз төрт мың бір жүз алпыс бес) теңгеге дейін ұлғайтылсын.
Қарсы талап қою бойынша талап қоюшы «BSGИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарсы талап қою бойынша жауапкер «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне актілерді жарамды деп тану және берешекті өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
«Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кассациялық наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.