6001-21-00-3ПП/151
ҚАУЛЫ
28 наурыз 2022 жыл Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Жармұхамбетова С.Ә., судьялар Ералиева Б.Р., Қайыпжан Н.Ү.,
талап қоюшы Түпқараған ауданы прокурорының орынбасары А[...], жауапкерлер Ақтау қаласы әкімдігінің өкілі К[...], «Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ) өкілі Б[...], Түпқараған ауданы әкімдігінің өкілі Е.Н.Қонаевтың, «КЦР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі –ЖШС) өкілі Ч[...], жауапкер жағындағы үшінші тұлға «Самұрық-қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – АҚ) өкілі Ж[...], аудармашы Н[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшылар Ақтау қаласы прокурорының және Түпқараған ауданы прокурорының жауапкерлер Ақтау қаласы әкімдігіне, Түпқараған ауданы әкімдігіне, «KАДА[...]» ЖШС-не, «Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі» ММ-не, «Би-Логистик» АҚ-ның Маңғыстау облыстық филиалына, «КЦР[...]» ЖШС-не жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп танып, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап қою арыздарымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымын, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 21 мамырдағы қаулысын, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 22 шілдедегі ұйғарымын, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 28 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ақтау қаласының прокуроры сотқа жоғарыда көрсетілген жауапкерлерге жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп танып, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару, жауапкерлерден сот шығындарын өндіруді сұраған.
Түпқараған ауданының прокуроры да сотқа жоғарыда көрсетілген жауапкерлерге қатысты талап арызбен жүгініп, онда жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп танып, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарып, жауапкерлерден сот шығындарын өндіруді сұраған.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен талап арыздар ішінара қанағаттандырылып, жоғарыда аталған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен шешімнің күші жойылған.
Талап арыздар прокурорлардың өтініштері бойынша қараусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымымен апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 11 маусымдағы қаулысының күші жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жойылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен 2012 жылғы 14 желтоқсандағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 28 қазандағы қаулысымен апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде қалдырылған.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында жергілікті соттармен осы істі қарау кезінде құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғанына назар аударылған.
Сот алқасы «КЦР[...]» ЖШС-нің өкілі Ч[...] пен жауапкер жағындағы үшінші тұлға «Самұрық-қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның өкілі Ж[...] ұсынымды қанағаттандыру туралы, Түпқараған ауданы прокурорының орынбасары А[...], жауапкерлер Ақтау қаласы әкімдігінің өкілі К[...], «Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі» ММ-нің өкілі Б[...], Түпқараған ауданы әкімдігінің өкілі Е.Н.Қонаевтың даулы сот актілері заңды болуына байланысты ұсынымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен ұсыным уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілерінің күші жойылып, апелляциялық сатыдағы сот қаулысы күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес, қабылданған қаулының орындалуы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін болатын жағдайларда, қабылданған қаулы адамдардың әлдеқандай тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайларда, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы АПК-нің 434-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-нің (1999 жылғы) 404-бабында шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау негіздері көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қараудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 3-тармағына сәйкес, заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз (бұдан әрі – Арыз) АПК-нің 404-бабында көрсетілген негіздердің түпкілікті тізбесі шегінде берілуі мүмкін.
АПК-тің 404-бабында көрсетілген негіздер болмаған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілері, кассациялық және қадағалау сот тәртіптерімен қайта қаралуы мүмкін.
Апелляциялық алқа, заңды күшіне енген қаулыны жаңадан ашылған мәнжайлар бойынша қайта қараған кезде, жауапкерлер - Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданы әкімдіктерінің сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар болмағанымен негіздеген.
Алайда, тараптың сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар болмауы, АПК-нің 404-бабында көрсетілген тізбеде сот актісін қайта қарауға негіз болып табылатын жаңадан ашылған мән-жай ретінде көрсетілмеген.
Сондай-ақ, АПК-нің 406-1 бабының 4-тармағы бойынша, Арызға жаңадан анықталған мән-жайларды растайтын құжаттың көшірмесі тіркелуі қажет.
Мұндай құжат арызға тіркелмеген.
Осыған орай, АПК-нің 406-3 бабының 1-тармағына сәйкес, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 11 маусымдағы қаулысын жаңадан ашылған мәнжайлар бойынша қайта қарау туралы арыз, соттың іс жүргізуіне қабылданбай, қайтарылуға тиіс болған.
АПК-нің 463-бабының 3-бөлігіне сәйкес, бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан ашылған немесе жаңа мәнжайлар бойынша арызды қайтару туралы, сот актісінің күшін жоюдан бас тарту не күшін жою туралы ұйғарымдарына шағым жасалуы, дау айтылуы, прокурордың өтінішхаты немесе наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Істің мұндай тұрғысында, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы
30 сәуірдегі ұйғарымы және одан кейін қабылданған барлық сот актілерінің күштері жойылуға, ал Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымының, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 21 мамырдағы қаулысының, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 22 шілдедегі ұйғарымының, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 28 қазандағы қаулысының күштері жойылсын.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Жармұхамбетова Судьялар Б. Ералиева Н. Қайыпжан
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Жармұхамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.