Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1843 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 28 мамыр №6003-26-00-2к/1843 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі О.Ж.Жарасханованың бейнебайланыс арқылы қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «ТД Мonolit 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Бөлім сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік тарапынан конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат берілгенімен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Cеріктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және одан мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VІІІ ЗРК заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1) тармақшасын, 8-бабының 4-тармағының 1) тармақшасын, 11-бабын, 14-бабының 1 және 2-тармақтарын және «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы

бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2025 жылғы 11 маусымда Бөліммен №14869939-2 «Ақтөбе қаласы, Алматы ауданы аумағының қауіпті емес қалдықтарды (мұлікті) материалдарды әкету (жинау) жөніндегі қызметтер» мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланып, Серіктестіктен әлеуетті өнім беруші ретінде ұсынымдар түскен.

Серіктестіктің конкурстық құжаттамасы біліктілік талаптарына сай келмеуіне байланысты оларды қабылдаудан бас тартылған.

Біліктілік талаптарына сай, тапсырыс берушімен 5 автокөлікке сұраныс берілген, конкурстық құжаттаманың 11-қосымшасы негізінде Серіктестікпен материалдық ресурстар бойынша 2025 жылғы 10 сәуірдегі №3 жалға алу шарты негізінде А.Т.Оразмагамбетовтен жалға алынған «Ноwo» үлгісіндегі, мемлекеттік тіркеу нөмерлері 783 AIN 04 №AJ99785436 және 784 AIN04 №AJ99785430 көлік құралдарды ұсынылған.

Бөліммен әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан анықтау мақсатында 2025 жылғы 26 маусымда Ақтөбе облысы полиция Департаментіне сұраныс хат жолданып, соңғының 2025 жылғы 27 маусымдағы хатына сай аталған екі автокөлік 2025 жылғы 31 наурызда және 4 сәуірде есептен шығарылғаны, яғни Серіктестік конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат бергені анықталған.

Серіктестіктің конкурстық құжаттамаға ұсынған құжаттардың заңдылығын тексеруге мүмкіншілігі болған және ол тексеруге тиісті, тапсырылған ақпараттың шынайлылығына Серіктестік жауапты болады, ол конкурстық өтінімге конкурсқа қатысу туралы келісімді (конкурстық құжаттамаға 2-қосымша) ұсынған, онда конкурсқа қатысуға өтінімде және оған қоса берілген құжаттарда анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатыны бекітілген.

Сонымен қатар, Бөліммен талап қою мерзімі сақталған, Серіктестіктің жеңімпаз болып танылмауы және конкурстың өтпеген деп танылуы оны Заңмен көзделген жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды, Нормативтік қаулының 9-тармағымен Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталған кезде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылатыны бекітілген.

Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестік конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат ұсынғаны дәлелденгенін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, бірінші сатыдағы сот шешімі және апелляциялық алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкер «ТД Мonolit 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.