6003-25-00-2к/1937
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 24 ақпан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Қадылбековтың, талап қоюшының өкілі Е. Тұрғымбайдың, жауапкер «Тұр и Қан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі«Тұр и Қан» ЖШС, Серіктестік) өкілдері Қ.Турабаевтің, Н.Салыбековтың, Төлеби ауданының әкімдігінің өкілі Ж.Сыздықбаевтің, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-ММ) өкілі Ш.Н.Кеңестің қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық ММ-нің жауапкерлер «Тұр и Қан» ЖШС-не, «Төлеби ауданының әкімдігіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қағамына, Төлеби ауданының әкімінің жер учаскесін беру туралы қаулыларын жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі жауапкер «Тұр и Қан» ЖШС-нің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен Департаменттің талабы қанағаттандырылған.
Төлеби ауданы әкімдігінің 24 желтоқсан 2004 жылғы №1694 және 28 қазан 2005 жылғы №729 санды «Тұр и Қан» ЖШС-не жер учаскесін беру туралы қаулылары жарамсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілдері Қ.Турабаевты, Н.Салыбековты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Е.Тұрғымбайды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Қадылбековтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 12-бабының 24-тармағында жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат - осылардың негізінде жер учаскесіне құқықтар туындайтын, өзгертілетін немесе тоқтатылатын заңдық фактілердің (заңдық құрамдарының) басталғанын растайтын құжат, оның ішінде шарттар, соттардың шешімдері, атқарушы органдардың құқықтық актілері, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, меншік құқығымен жер учаскесіне иеленген немесе уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алған мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе бөлу балансы, жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықтардың (аукциондардың) қорытындылары бойынша хаттамадеп көрсетілген.
Жер кодексінің 43-бабының 1-тармағына сай, жер учаскесiне құқық беру тәртiбi нақты айқындалған.
Іс құжаттарында Төлеби ауданы әкімінің 24 желтоқсан 2004 жылғы №1694 қаулысына сәйкес, «Тұр и Қан» ЖШС-не Қасқасу а/о аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан жалпы көлемі 200 га егістік, 90 га жайылым, Алатау а/о аумағынан алаңы 10 га жайылым жер учаскесі ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастыру үшін 49 жылға жалға бөлініп берілген.
Сондай-ақ, Төлеби ауданы әкімдігінің 28 қазан 2005 жылғы №729 қаулысына сәйкес, «Тұр и Қан» ЖШС-не Қаратөбе а/о 90 га тәлімі егістік, Қасқасу а/о 105 га егістік, 95 га жайылым, Алатауа а/о 5 га жайылым, Қоғалы а/о 5 га тәлімі жер учаскесі шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін 49 жылға жалға бөлініп берілген.
Даулы қаулының негізінде кадастрлық №№19-298-001-760, 19-298-001761, 19-298-001-762, 19-298-002-066, 19-298-002-067, 19-298-002-068, 19-298010-495, 19-298-061-599, 19-298-061-600 сәйкестендіру актілері рәсімделген.
Аталған қаулыны қабылдауға Төлеби аудандық жер қатынастары жөніндегі комиссияның 2004 жылғы 24 желтоқсандағы №164 және 2005 жылғы 13 қыркүйектегі №58 қорытындысы негіз болған.
Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі мен «Тұр и Қан» ЖШС-нің арасында кадастр №№19-298-002-066, 19-298-002-067, 19-298-002-068 жер учаскелері бойынша 12 шілде 2022 жылғы №197, 198, 199 жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдаланудың шарттары жасалған.
Түркістан облысының мемлекеттік мұрағатымен ұсынылған ақпаратқа сәйкес, аудандық жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2004
жылғы 24 желтоқсандағы №164, 2005 жылдың 13 қыркүйектегі №58 хаттамалары жоқ екенін мемлекеттік сақтауға түспеген. Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімімен жоғарыда аталған жер комиссиясының хаттамалары бөлімнің мұрағатында сақталмағандығын және 2005 жылы хаттамаларды тіркеу журналы 2005 жылы №43 санымен аяқталған.
Сонымен қатар, 2004 жылы қолданыстағы болған Жер кодексінің 43бабы 3-тармағына сәйкес, жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығының табысталуына мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi жергiлiктi атқарушы органға өтiнiш бередi.
Өтiнiште жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты; оның болжамды мөлшерi; орналасқан жерi; сұралатын пайдалану құқығы, басқа жер учаскесiнiң (осы Кодекстiң 50-бабының 2-тармағында аталған жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс. Пайдалы қазбалар шығарылатын жағдайда өтiнiмге жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың көшiрмесi қоса берiледi.
Жауапкер «Тұр и Қан» ЖШС-нің 2004 жылғы 4 қарашада жергілікті атқарушы органға берген жазбаша өтінішінде ауданның арнайы жер қорынан 200 га егістік, 100 га жайылым тауарлы ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін 49 жылға жер учаскесін жалға беру сұраған.
Демек, жауапкер «Тұр и Қан» ЖШС-гі Қасқасу және Алатау ауылдық округінен жер учаскесін беру туралы жазбаша арызбен жүгінбеген.
Бұған қарамастан Төлеби ауданы әкімдігі жауапкер «Тұр и Қан» ЖШСне Қасқасу және Алатау ауылдық округінен жер учаскесіне құқық берген.
Бірінші сатыдағы сот, жауапкерге табысталған даулы жер учаскесі Кодекстің 43-бабының 3-тармағының талаптары бұзылуына байланысты Төлеби ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы №1694 Қасқасу ауылынан 200 га телімі егістік, 90 га жайылым, Алатау а/о 10 га жер учаскелеріне құқық беру туралы қаулысы жарамсыз деп танылуға жатады деген тұжырымы заңды.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Тұр и Қан» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.