ВС РК - Постановление от 03.02.2025 по делу 6001-24-00-3Г/7117 (Гражданское)

6001-24-00-3г/7117

2025 жылғы 3 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Ж.Тоқтарова,

М[...] М[...], М[...], жеке сот орындаушысы А[...] сатып алу-сату шартын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі Н[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

М[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлер М[...], М[...] және жеке сот орындаушысы (бұдан әрі-ЖСО) А[...] қатысуымен жасалған 2023 жылғы 25 сәуірдегі Түркістан облысы, [...] тұрғын үй мен жер учаскесін (бұдан әрі-тұрғын үй) сатып алу-сату №2 шартын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 14 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Өтінішхатта талап қоюшының өкілі апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұрап келесідей уәждер келтірген.

2006 жылғы 7 тамыздағы шарт негізінде «Темір банк» АҚ-мен (қазіргі «ForteBank» АК) М[...] 2 191 000 теңге несие беріліп, 2026 жылғы 8 тамызына дейін қайтару міндеттелген.

Осы шарт борышкермен уақытылы орындау мақсатында М[...] тұрғын үй кепілге берілген. Бұл кепілге кепіл беруші М[...] жұбайы М[...] «Темір банк» АҚ-на 2006 жылғы 6 шілдеде жазған арызында тұрғын үйді кепілге қоюға рұқсатын берген.

2006 жылғы 28 тамыздағы нотариус П[...] куәландырылған М[...] арызында тұрғын үйді өзінің жолдасы

М[...] сатуға рұқсатын берген.

2014 жылы 24 қарашада М[...] қайтыс болған.

2015 жылғы 12 мамырдағы №1836 меншік құқығы туралы куәлікке және №1837 заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікке сәйкес тұрғын үй ортақ бірлескен меншік құқығымен М[...] 11/12 үлесі, М[...] 1/12 үлесі берілген.

Сайрам аудандық сотының 2014 жылғы 5 тамыздағы шешімімен М[...] талап қоюшы «Темір банк» АҚ-ның пайдасына 3 457 416 теңге қарыз және 103 723 теңге төленген мемлекеттік баж өндірілген.

ЖСО А[...] 2020 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен борышкер М[...] қатысты атқару өндірісі қозғалған. 2023 жылғы 25 сәуірде ЖСО А[...], жауапкерлер М[...] және М[...] қатысуымен тұрғын үйді сатып алусату шарты жасалған.

2023 жылғы 31 мамырда М[...] қайтыс болған.

Бірінші сатыдағы сотпен тұрғын үй ортақ бірлескен меншік құқығымен М[...] (11/12 үлесі), М[...] (1/12 үлесі) тиесілі екенін, алайда 2023 жылғы 25 сәуірдегі сатып алу-сату шарты жасалған кезде М[...] қатыстырылмағаны, мүлікті сатуға одан ешқандай нотариалды түрде келісім алмағаны анықталған.

Бұған қарамастан апелляциялық сатыдағы сот өз тұжырымын кепіл беруші М[...] жұбайы М[...] тұрғын үйді кепілге қоюға және оны сатуға рұқсат бергенімен негіздеген, алайда алқаның бұл тұжырымы негізсіз, себебі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қараудың сот практикасы туралы» 2016 жылғы 25 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының 15-тармағында, егер қарыз берушіде аталған құқықтық қатынас бойынша заңды күшіне енген сот шешімі болса, онда тараптардың құқықтық қатынастары банктік қарыз шартынан емес, сот актісінен жалғасады деп көрсетілген.

«Темір банк» АҚ-мы мен М[...] арасындағы қарыз шарт бойынша Сайрам аудандық сотымен 2014 жылғы 5 тамызда шешім шыққан.

Кепілге қойылған тұрғын үй арқылы берешекті өндіріп алу туралы сот актісі шығарылмаған.

Сонымен қатар, алқа М[...] даулы жылжымайтын мүліктің адал алушысы деп тану туралы қате қорытындыға келген, өйткені М[...] жеке сот орындаушысының көмекшісі ретінде жұмыс атқарады, даулы мүліктің жай-күйі жөнінде толық хабардар болған, тұрғын үйді сатып алған кезде барып көрмеген, тұрғын үйде мұра қалдырушы М[...] мұрагерлері тұрып жатқанын, иемденіп отырғанын біле тұра мәмілені жасаған, әрі қарай сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап келтіріліп жатқанына қарамастан үшінші тұлғаға сатып жіберген.

Осыған орай, өтінішхат берушінің жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Талап қоюшының өкілі Н[...] Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Ж.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья Б.Ж.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.