6003-25-00-2к/2463
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Р.Казмуханбетовтың, талап қоюшының өкілі Х.Т. Джаутургаевтің, жауапкер З.Мамбетованың және оның өкілі Қ.Б.Сейдазимовтың, «Түркістан қаласының әкімдігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-ММ) өкілі Н.Белдилдаевтің, Түркістан қаласы әкімдігінің «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі Б.С.Баймахановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық ММ-нің (бұдан әріДепартамент) жауапкерлер Сейтнасим Мамбетовқа, Зарипа Мамбетоваға, Түркістан қаласының әкімдігіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» ММ-не, нотариус Ерлан Ермекбаевич Байсбаевқа әкімінің шешімінің С.Мамбетовқа қатысты тармағын және қаулыларын, жер учаскесін жалға беру және сыйға тарту туралы келісім шарттарын жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Түркістан облысы Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды тыңдап, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта
қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, 2023 жылғы 16 тамызда жауапкер С.Мамбетов Түркістан қаласы, Құлыншақ ақын көшесі №103 мекенжайда орналасқан жер учаскесіне (әрі қарай-даулы жер учаскесі) құқық беруді сұрап, әкімдікке өтініш жазған.
Аталған өтініш негізінде 2023 жылғы 5 наурызда жер учаскесінің орналасқан орны анықталып, «Mansur Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен далалық зерттеу актісі жасалған.
2023 жылғы 18 қыркүйектегі Түркістан қалалық жер қатынастарын реттеу комиссиясының №2383 хаттамалық шешімімен аталған өтініш қаралып, С.Мамбетовқа даулы жер учаскесіне қаулы шығаруға келісім берілген.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 12 қазандағы №159 бұйрығымен аталған жер учаскесіне қатысты жерге орналастыру жобасы бекітілген.
Түркістан қаласы әкімінің 2023 жылғы 17 қазандағы №1750 (№KZ39VVX00264118) қаулысымен (әрі қарай - №1750 жалға беру қаулысы) С.Мамбетовқа жеке түрғын үй құрылысы үшін, жалпы алаңы 0,0970 гектар даулы жер учаскесі үш жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген.
2023 жылғы 17 қазанда №951 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарты (әрі қарай - №951 жалға беру шарты) Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» ММ-мен С.Мамбетовтың арасында жасалған.
Түркістан қаласы әкімінің 2023 жылғы 8 қарашадағы №1850 (№KZ18VVX00268861) қаулысымен (әрі қарай - №1850 жеке меншік құқығын беру қаулысы) С.Мамбетовқа Түркістан қаласы, Құлыншақ ақын көшесі, №103 мекенжайда ораналасқан, жалпы алаңы 0,0970 гектар, кадастрлық №19307-032-6292 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесі нысаналы мақсатына сай пайдалануына байланысты жеке меншік құқығы табысталған, 2023 жылғы 17 қазандағы №KZ39VVX00264118 қаулысының күші жойылған.
Бұл ретте, жергілікті атқарушы органмен С.Мамбетовқа даулы жер учаскесін табыстау кезінде Жер кодексінің 18, 43-баптарының талаптары сақталған.
Сондықтан соттардың №39 даулы шешімді, №1750 жалға беру қаулыны, №951 жалға беру шартты, №1850 жеке меншік құқығын беру қаулыны жарамсыз деп тану талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.