Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5706 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5706

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Е.А.Кадылбековтың, талап қоюшының өкілі А.К.Макажановтың, жауапкер «Абай облысы Семей қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.А.Ерболованың, жауапкер Г.М.Нуртазинованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Абай облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер «Абай облысы Семей қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Жер бөлімі), Гульшат Маулетовна Нуртазиноваға мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкер Г.М.Нуртазинованың Абай облысының Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешіміне және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Абай облысының Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Жер бөлімі мен Г.М.Нуртазинова арасында жасалған 2022 жылғы 4 тамыздағы №2024ТПР жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты және 2022 жылғы 5 қыркүйектегі №727 жер учаскесін жалға алу шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 44-бабының 1-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес (2022 жылғы 14 шілдедегі редакциясында) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері елді мекен аумағының бекітілген бас жоспарларының не орналасу схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына сәйкес, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылдың 2 тамыздағы №247420 электронды аукцион қорытындысының хаттамасына сай, Семей қаласы, Глинки көшесі, 40/1, көлемі 0,0024 гектар, нысаналы мақсаты көлікжайды салу және қызмет көрсету үшін жер учаскесі бойынша аукцион жеңімпазы Г.М.Нуртазинова болып танылған.

Аукцион хаттамасы негізінде Жер бөлімі мен Г.М.Нуртазинованың арасында 2022 жылғы 4 тамыздағы №2024-ТПР жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты және 2022 жылғы 5 қыркүйектегі №727 жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

Департаментпен 2024 жылғы 3 желтоқсандағы №292 тексеруді тағайындау актісі негізінде Абай облысы Семей қаласы әкімінің аппаратына қатысты жер учаскесін беру кезіндегі Жер кодексінің талаптарының сақталуы мәселесі бойынша 2024 жылғы 4 - 18 желтоқсан аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

2024 жылғы 17 желтоқсандағы №292/161 заң бұзушылықты жою туралы нұсқамасында көрсетілгендей, 2024 жылдың 17 мамырдағы №425/531 сәулет және құрылыс бөлімінің мәлімдемесіне сәйкес Семей қаласы, Глинки көшесі, 40/1 жер учаскесі жоспарлау жобасы бойынша көппәтерлі тұрғын үй құрылысының аумағына жататындығы анықталған.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде жер учаскесін егжейтегжейлі жоспарлау (бұдан әрі-ЕТЖ) жобасына сәйкес келмейтініне қарамастан, жер учаскесін жауапкер Г.М.Нуртазиноваға 5 жыл мерзімге уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен берілуі Жер кодексінің 109бабының 1-тармағының, 43-бабының 1-тармағының 2) тармақшасының нормаларын бұза отырып қабылданғанымен негіздеген. Бұл мән-жайлар жер учаскесін беру тәртібі бұзылғанын көрсетеді деген тұжырымға келген.

Департаментің 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №292/161 заң бұзушылықты жою туралы нұсқамасына белгіленген тәртіппен шағым немесе дау келтірілмеген.

Одан басқа, 2014 жылғы 6 маусымда Семей қаласы әкімінің қаулысы негізінде қаланың сол жағалаулық жоспарламалық аймағының нақты жайғастыру жобасы бекітілгені анықталған. Осыған байланысты ЕТЖ жобасында көлікжайды салу және қызмет көрсетуі қарастырылмаған.

Демек, даулы жер учаскесі қолданыстағы аз қабатты ғимараттардың аумағына кіретіні, яғни жер учаскесі екі ЕТЖ жобасы бойынша да тұрғын аймаққа жататыны анықталған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Кассациялық сот, жергілікті соттардың қорытындылары заңды деп санайды. Өйткені, 2014 жылғы 6 сәуірдегі және 2023 жылғы 30 қазандағы ЕТЖ жобаларында даулы жер учаскесіне көлікжай салу қарастырылмаған және Жер кодексінің нормаларында Бас жоспардың не орналасу схемасының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етілуі анық көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157 және 267баптарына сәйкес, егер мәміле заң талаптарына сәйкес келмесе, ол жарамсыз болып танылады.

Істің мұндай тұрғысында, кассациялық сот, соттардың мәмілелерді жарамсыз деп танылғаны заңды деп санайды.

Жауапкердің ол адал жер пайдаланушы болғандықтан мәмілелер жарамсыз болып танылуға жатпайды деген уәжі негізсіз. Өйткені, заңға сәйкес келмейтін жеке актінің шығару салдарының негізінде мәмілелер сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі-нормативтік қаулы) 11-тармақшасына сәйкес АК-нің 267-бабына сәйкес, егер мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңнамаға сәйкес келмейтiн нормативтік немесе жеке акті шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа тұлғалардың мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай акт сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады. Аталған актілерді шығару салдарынан меншiк иесiне келтiрiлген шығынды тиiстi мемлекеттік орган тиiстi бюджет қаражатынан толық көлемде өтеуге тиiс. Осындай негіздер бойынша меншік иесіне және жер пайдаланушыға келтірілген шығын (Жер кодексінің 165-бабы) толық көлемде өтелуге тиіс.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Іс материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы шешімі және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Г.М.Нуртазинованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.