ВС РК - Постановление от 29.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1502 (Административное)

№6001-23-00-6ап/1502

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 29 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Р[...] жауапкер Сайрам ауданы Арыс ауылдық округінің әкіміне (бұдан әрі – Округ әкімі) жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 мамырдағы қаулысына талап қоюшының өкілі У[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Округ әкімінің 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №57 «Р[...] жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы» шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Округ әкіміне талап қоюшының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініші бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін 10 (он) күннің ішінде қолайлы акті қабылдау міндеттелген. Осы соттың 2023 жылғы 9 ақпандағы жеке ұйғарымымен Округ әкімінің заң бұзушылықтарға жол бергеніне Сайрам ауданы әкімінің назарына жеткізілген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Жеке ұйғарымның күші жойылған.

Осы соттың 2023 жылғы 3 мамырдағы жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар жөнінде заңда көзделген шара қолдану үшін Түркістан облысының Әкіміне хабарланған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда апелляциялық сот алқасы іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, 2023 жылғы 3 мамырдағы сот қаулының күшін жойып бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкердің сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Сайрам ауданы, Арыс [...], кадастрлық №[...], нысаналы мақсаты пайдаланудағы мал қора үшін, көлемі 0,713 гектар жер учаскесіне Р[...] меншік құқығы сыйға тарту келісім шарты негізінде 2017 жылғы 10 қарашада тіркелген.

2022 жылғы 1 желтоқсанда талап қоюшы Округ әкіміне жер учаскесінің нысаналы мақсатын кәсіпкерлік үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін деп өзгерту туралы өтініш берген.

Сайрам аудандық жер комиссиясының 2022 жылғы 9 желтоқсандағы №35/24 қорытындысымен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге оң қорытынды берілген.

Округ әкімінің 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №57 шешімімен талап қоюшының жер учаскесінің пайдаланудағы мал қора аумағында орналасқаны негізге алынып, нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылған.

Бұл шешіммен келіспей, талап қоюшы осы талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 49-1-бабы 8-тармағына сәйкес талап қоюшының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініші бойынша жер комиссиясының оң қорытындысы берілгендігі, осыған орай Округ әкімі жер комиссиясының оң қорытындысын негізге ала отырып талап қоюшыға жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қолайлы шешімді қабылдауға міндетті болған деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, келесі негіздер бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі» туралы Заңының 47-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

Сайрам ауданындағы Қожақорған елді мекенінің Бас жоспарына сәйкес талап қоюшының нысаналы мақсатын өзгертуді сұрап отырған жер учаскесі мал шаруашылығына арналған ферма және ауыл шаруашылық алқаптарының өндіріс аумағында орналасқан.

Демек, «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің және Сайрам ауданының жер комиссиясы талап қоюшының жер учаскесіне қатысты оң қорытындыларын қабылдау барысында жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігін заңға қайшы екендігін айқындаған.

Сондықтан, апелляциялық сот алқасының әкімнің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы шешімі заңды қабылданған деген тұжырымы негізді. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов

Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.