ВС РК - Постановление от 15.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1710 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1710

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 15 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Талгат Серикович Жарылкаповтың «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) іс-әрекетін заңсыз деп танып, сұратылған құжаттарды беруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Т.С.Жарылкапов жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюы кері қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Іс материалдарын анықталғандай, 2024 жылғы 1 ақпанында талап қоюшы Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының заңгері ретінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының талаптарына сай Шымкент қаласы әкімінің 2018 жылғы 25 сәуірдегі №200 қаулысы мен осы қаулымен бекітілген Шымкент қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен таныстыру және одан үзінді-көшірме беру туралы сұраныс хатын жауапкерге жолдаған.

2024 жылғы 20 ақпандағы жауап хатымен сұратылған мәліметтерді Шымкент қаласының өңірлік геоақпараттық жүйесінен алуға болатыны жауапкермен түсіндірілген.

Бұл жауаппен келіспей, талап қоюшы сотқа шағымданған.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігі 11) тармақшасына сәйкес дау жария-құқықтық дау болып табылмайтындығын көрсеткен.

Алайда, соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.

ӘРПК-нің 4 - бабының 32 бөлігіне сай сұрау салу – әкімшілік рәсімге қатысушының жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші болып саналады.

ӘРПК-нің 87 - бабының 1 бөлігіне сай хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.

Яғни, жоғарыда көрсетілгендей, сұрау салуды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.

ӘРПК-нің 8 - бабының 1 бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. ӘРПК-нің 14-бабына сәйкес әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады.

Даулы жауап-хатынан анықталғандай, сұратылған құжаттарды Шымкент қаласының өңірлік геоақпараттық жүйесінен (https://geo-shym.kz) алуға мүмкіндік бар деп көрсетілген.

Бірақ жергілікті соттармен бұл жауап-хат талап қоюшының құқығын іске асыруын шектейтіндігі назарға алынбай, жауапкердің мәлімдемесі ақпараттық-түсіндіру сипатына жатады деп негізсіз көрсетілген.

ӘРПК-нің 9 - бабының 1 бөлігіне сай әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Бұл жағдайда жергілікті соттар аталған мән-жайларды ескермей, талап қоюды заңсыз кері қайтарған.

Сондықтан іс бойынша шағым беріліп отырған сот актілерінің күшін жоюға, іс бірінші сатыдағы сотқа негізімен қарауға жіберілуге жатады. Іс жаңадан қарауға жолдануына байланысты кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына негізімен қарауға жолдансын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.