ВС РК - Постановление от 16.02.2022 по делу 6001-22-00-3гп/11 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/11

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 16 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов судьялар Ш.Т.Даниярова, Р.А.Қуанышбаева,

талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкер Б[...] өкілі - [...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында бейнеконференцбайланысы арқылы талап қоюшы «СА[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі – ШҚ) төрағасы С[...] жауапкерлер Б[...], Түркістан қаласының әкімдігіне, «Түркістан қаласы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ММ), «Кентау қаласының жер инспекциясы бөлімі» ММ-ге әкімдіктің қаулысын, жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Б[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

«СА[...]» ШҚ-ның төрағасы С[...] сотқа берген талап қою арызында жауапкер Б[...] берілген 505,0 га жер учаскесі оның жер учаскесіне еніп, үстеме орналасқанын көрсетіп, Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысын, жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

«Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ мен Б[...] арасында жасалған 2018 жылғы 28 ақпандағы № 150 жер учаскесін жалға беру шартының С[...] кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесімен беттескен 270 га жер учаскесіне қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған. Осы соттың 2020 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен Түркістан қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 121 қаулысын жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшының өкілі өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Сот актісіне шағым келтіру мерзімін қалпына келтіруді өтінген.

Сот алқасы өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша өтінішхат беруші өкілінің өтінішхаттың уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде заң бұзушылықтарға жол берген.

Іс материалдарына қарағанда, Түркістан қаласы әкімдігінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 643 қаулысымен С[...] атына Түркістан қаласы, Иқан ауылдық округінде орналасқан жалпы көлемі 566,2 га жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу мақсатында ұзақ мерзімге өтеулі уақытша жерді пайдалану құқығымен 49 жылға жалға берілген.

Осы қаулының негізінде Түркістан қаласы әкімі мен С[...] арасында 2001 жылғы 2 қазандағы № 363 жер учаскесін жалға беру шарты жасалып, тіркеуші органда 2003 жылғы 8 ақпанда тіркеуден өткен.

С[...], С[...] және тағы басқа азаматтар бірігіп, «СА[...]» ШҚ құрып, оның төрағасы болып С[...] сайланған. Түркістан қаласы әкімінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 121 қаулысымен жауапкер Б[...] ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін жалға беру жөніндегі конкурстық комиссияның 2014 жылғы 10 ақпандағы қорытындысы мен жерге орналастыру жобасы негізінде Түркістан қаласы Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты мемлекеттік арнайы жер қорының есебіндегі жайылым жерден шаруа қожалығын жүргізу үшін 505,0 га жер учаскесін 10 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен ұзақ мерзімге берілген.

«Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ мен Б[...] арасында 2018 жылғы 28 ақпанда 345,0 га жер учаскесін жалға беру туралы шарты жасалып, шарт мемлекеттік органда 2018 жылғы 15 наурызда тіркелген.

«Азаматтарға арналған үкімет» МККЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру бойынша Кентау қалалық бөлімінің 2020 жылғы 15 қазандағы қорытындысына сай С[...] жасақталған кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіне Б[...] табысталған жер учаскесінің 270,0 га бөлігі қабаттасып, үстеме орналасқаны анықталған.

Бірінші сатыдағы сот Б[...] жер учаскесі тіркелген уақыттан бұрын С[...] жер учаскесіне меншік құқығы тіркелгенін ескеріп, оның 270 га жер учаскесі С[...] жеріне еніп, үстеме орналасқандықтан, жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп таныған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспей, аталған шарт талап қоюшының құқықтарын бұзбайды, себебі Б[...] жер учаскесінің ішіндегі 270 га жер учаскесі оның жеріне еніп, үстеме орналасқанын даулағанымен, жер учаскесіне табысталған сәйкестендіру актісін осы бөлігінде жарамсыз деп тану туралы талабымен жүгіну құқығын пайдаланбаған деп қорытындылаған.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың мұндай қорытындысымен келіспейді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 164-бабының ережелеріне сәйкес меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде (бұдан әрі – АК) және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген тәртiппен қорғалады.

АК-нің 195-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына және осы баптың 2-тармағына сәйкес заттық құқықтарға меншік құқығымен қатар жерді пайдалану құқығы да жатады.

Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншік құқығы туралы нормалар қолданылады.

Жер кодексінің 43-1-бабының 1-тармағына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен жер учаскелерін беру мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жерлерге қатысты конкурс негізінде жүзеге асырылады.

Жер кодексінің 66-бабы 3-тармағына сай осы Кодекстің талаптарын бұза отырып, жеке және (немесе) заңды тұлғалар жасаған азаматтық-құқықтық мәмілелер жарамсыз болады.

Іс құжаттарымен Б[...] жер учаскесін берген кезде, жер пайдалануда басымдылыққа ие «СА[...]» ШҚ-ның жер пайдалану құқығы бұзыла отырып жүргізілгендігі бекітілген.

Анықталғандай, Б[...] берілген жер учаскесінің 270,0 га бұрын талап қоюшыға беріліп, соңғының пайдалануында болған.

«Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6

нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Нормативтік қаулы) 8-тармағына сәйкес бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушылардың) меншік құқығының туындауы, сондай-ақ аралас жер учаскелерінің шекарасын бұзу туралы дауды шешкен кезде сот Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алуы керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда, тараптардың әрқайсысының жерге құқықтарының туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.

Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сай жер учаскесін пайдалану және оған билік ету үшін нақтылы (жергілікті жердегi) шекарасын белгілеу және құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу қажет.

Соттар, атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі, жоюы мүмкін екенін назарға алуы керек. Аталған құжаттарды алған сәттен бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түріндегі жер пайдалану құқықтарына ие болады, сондықтан құқық туралы туындаған дау сот тәртібімен ғана шешілуі тиіс.

Белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.

Жер учаскелерінің алғашқы иелері болып табылмайтын көршілес жер учаскелері иелерінің арасындағы дау бойынша жер учаскелерінің шекаралары бір-біріне қабаттастырып орналасқаны анықталса, соттар учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алуға тиіс. Екі жер учаскесі меншік иелерінің арасындағы дау басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс. Сот шешімдері өзге жер учаскелері меншік иелерінің арасында жаңа сот дауларының туындауына жол бермеуі керек.

Көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, бірінші сатыдағы сот даулы шарттың талап қоюшының жер учаскесіне үстеме орналасқан бөлігін жарамсыз деп танып, оның құқықтары қолданыстағы жер заңнамасының ережелерін бұза отырып жасалған деген дұрыс қорытындыға келген.

Апелляциялық сатыдағы соттың талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары қате болып табылады, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауға негізделген және іс бойынша бекітілген мәнжайларға қайшы келеді.

Жер кодексінің 12-бабының 25) тармақшасына сәйкес жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат.

Нормативтік қаулының 4-тармағында қарастырылғандай сәйкестендіру құжаттарына жер учаскесіне жеке меншік құқығын, тұрақты жер пайдалану

құқығын және уақытша жер пайдалану (өтеулі, өтеусіз) құқығын беретін актілер жатады.

Бұл ретте, жер пайдалану құқығына арналған мемлекеттік акті құқық белгілейтін құжат емес, сәйкестендіру құжаты болып табылады және сот тәртібімен даулануға жатпайды. Жер учаскесіне мемлекеттік актінің болуы талап қоюшының бұзылған құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге кедергі болып табылмайды.

Осы айтылғандардың негізінде, бірінші сатыдағы соттың талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешімі дұрыс қабылданған.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға, талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі Б[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н.К.Шәріпов Судьялар Ш.Т.Даниярова Р.А.Қуанышбаева Көшірмесі дұрыс. Судья Ш.Т.Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.