6001-24-00-6ап/2179
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев, мүдделі тұлға өкілі С.С. Ихсангалиеваның қатысуымен,
өзінің ашық сот отырысында қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Багила Раймбекқызы Шынбергенованың жауапкер Шымкент қаласының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Бакыт Кайратович Досполовтың 2024 жылғы 8 сәуірдегі атқарушылық істі қозғау туралы қаулысын заңсыз деп тану, атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 мамырдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Б.Шынбергенова жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, сот орындаушысы Б.Қ.Досполовтың әрекеттерімен келіспейтінін, себебі өзінің бала туу және оның күтіміне байланысты ақша табысы болмай, уақытында берешегін төлей алмағанын, қарызын төлейтінін және оған уақыт қажет екенін көрсете отырып, даулы қаулыны заңсыз деп тануды және атқарушылық істі тоқтатуды сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы мүдделі тұлға өкілі С.С. Ихсангалиеваның кассациялық шағым бойынша пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, сот орындаушының әрекеттері заң талаптарына сай жүргізілген, тараптардың құқықтары бұзылмаған деп тұжырым жасаған.
Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-бөлігінің және Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының 2-бөліктерінің талаптары бойынша соттар шешімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады және олар орындалуға жатады.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 37-бабының 1 тармағына сай сот орындаушысы, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2024 жылғы 8 сәуірдегі атқару парағы негізінде Шымкент қаласы Қаратау ауданы Тұран мөлтек ауданы «Әдия» тұрғын комплекс №979/15 үй 118 пәтерден Б.Шынбергенованы, Р.Шынбергеновті, Ш.Қуралованы басқа тұрғын үй берместен шығару туралы атқарушылық іс сот орындаушысы Б.Досполовтың 2024 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен қозғалған.
Аталған атқарушылық іс 2024 жылғы 5 сәуірдегі өндіріп алушының
өкілі С.Ихсангалиеваның арызы негізінде қозғалған.
Арызға өндіріп алушы өкілі қол қойған, өкілеттігін куәландыратын сенімхатын қоса ұсынған. Заңның 38-бабында көзделген атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартудың негіздері іс бойынша сотта анықталмаған.
Атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін, жауапкер ол жөнінде талап қоюшыға 2024 жылғы 8 сәуірде СМС-хабарлама жолдаған және хабарлама борышкерге жеткізілген.
Сонымен қатар, Заңның 16-бабында борышкердің құжаттармен танысуға құқылы және бұл құқығын кез келген уақытта іске асыруға мүмкіндігі бар екендігі қарастырылған.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға Заңның 42-бабының 1- бөлігінде көрсетілген негіздердің жоқ екенін ескерген.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 мамырдағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Багила Раймбекқызы Шынбергенованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.