КСАД РК - Постановление от 13.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/21 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 13 қазан

6003-25-00-4к/21 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,

талап қоюшы У[...] пен оның өкілі Б[...], мүдделі тұлға Т[...] өкілі К[...] қатысуымен талап қоюшы У[...] жауапкерлер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – корпорация), Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы атынан Түркістан облысы бойынша филиалына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастр бөліміне (бұдан әрі – тіркеу бөлімі), «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрілігінің жер ресурстары басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстары басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – департамент), Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне

Түркістан қаласы О.Д[...] көшесі, 47 А мекенжайына негізсіз орналастырылған кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісін заңсыз деп танып, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан алып тастауды міндеттеу, У[...] жер учаскесін жерге орналастыру жобасын жасап, орналастыруды міндеттеу, «Реттік нөмірін беру және жою» туралы 2020 жылғы 9 желтоқсандағы № 194 бұйрығының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 қазандағы қаулысына мүдделі тұлға Т[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

У[...] жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Түркістан қаласы О.Д[...] көшесі, 47 А мекенжайына негізсіз орналастырған кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі заңсыз деп танылып, күші жойылған және тіркеу бөліміне 10 жұмыс күн ішінде жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан алып тастау міндеттелген. Тіркеу бөліміне бір ай ішінде У[...] кадастрлық № [...] сәйкестендіру актісі бойынша 0,1000 га жер учаскесін Түркістан қаласы, Д[...] көшесі, №47 А мекенжайға орналастыру жобасын жасап, орналастыру міндеттелген.

Т[...] жер теліміне Түркістан қаласы О.Д[...] көшесі, № 47 А реттік нөмірін беру және жою туралы 2020 жылғы 9 желтоқсандағы № 194 «Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға Т[...] кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкерлерден істі олардың өкілдерінің қатысуынсыз қарау туралы өтініштері сотқа түсті.

Тиісті түрде хабарланған іске қатысушылардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, іске қатысушыларды тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша соттармен заң бұзушылықтарға жол берілген.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі [...]Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-1-бабының 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға бағытталған жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу осы Заңның негізгі мақсаты болып табылады.

Осы Заңның негізгі міндеттері:

  1. жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін және тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру; 2) жылжымайтын мүлікке заңды құқықтары бар жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін іске асыру және қамтамасыз ету; 3) тіркеуші органның құқықтық кадастрды жүргізуі және тіркелген құқықтар туралы жазбаларды енгізуі.

Осы Заңның негізгі қағидаттары: 1) заңдылық; 2) меншікке қолсұғылмаушылық; 3) мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы.

Заңның 11-бабының 2 және 3-тармақтарына сай, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және құқықтық кадастрды жүргізуге қажетті басқа да сипаттамаларын ескере отырып жүзеге асырады.

Құқықтық кадастрдағы барлық жазбалар жылжымайтын мүліктің әрбір объектісіне және оларға теңестірілген объектілерге жүргізіледі. Жылжымайтын мүлік объектілері кадастрлық нөмірмен сәйкестендіріледі.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын), жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы барлық жазбаларды тіркеуші орган құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізеді.

Құқықтық кадастрдың бірыңғай ақпараттық жүйесін уәкілетті орган қалыптастырады.

Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесін жүргізудің және пайдаланудың тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалары» бекітілген. Осы бұйрыққа 3 және 6-қосымшаларына сәйкес «Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту» мен «Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілген.

Соттармен анықталғандай, У[...] 8 қыркүйек 2006 жылғы сатусатып алу келісім шарты негізінде [...], [...] мекенжайда орналасқан бітпеген тұрғын үй құрылысы мен кадастрлық нөмірі [...], көлемі 0,1 га жер учаскесін сатып алған, жер учаскесіне жеке меншiк құқығы актici берілген.

У[...] жер телімін Түркістан қаласы, Д[...] көшесі, 47А мекенжайға орналастыруды сұрап, корпорацияның Түркістан облысы бойынша филиалына (бұдан әрі – филиал) 2021 жылы 7 қазанда арызданған. Алайда, осы мекенжай бойынша Б[...] Хашамға тиесілі 2021 жылғы 28 қаңтардағы №159 шарты негізінде Т[...] сатып алынған кадастрлық №[...] жер учаскесі орналастырылғаны анықталған.

Заңды күшіне енген Түркістан қалалық сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы шешімімен департаменттің талап қоюы қанағаттандырылып, 2021 жылғы 28 қаңтардағы №159 сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Осы істі қарау барысында Түркістан қалалық сотымен келесі мән-жай анықталған.

Қала әкімінің 2010 жылғы 25 ақпандағы №119 қаулысы негізінде Ш[...] Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, 18 мекенжайда орналасқан көлемі 0,1 га жер учаскесі тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншік құқығымен беріліп, кадастрлық №[...] сәйкестендіру құжаты рәсімделген. Осы жер учаскесін Т[...] 2017 жылғы 22 қаңтардағы сатып алу-сату шарты негізінде Ш[...] сатып алған. Кейін Т[...] арызы негізінде корпорация филиалының Түркістан қалалық бөлімінің маманы С[...] жер телімін қайта орналастыру жобасын жасап, оның жер телімін басқа жерге орналастырып, кадастрлық нөмірін [...]-ден [...]-ға ауыстырған, мекенжайы С[...] көшесі, №18 орнына Д[...] көшесі, 47 А деп көрсетілген.

Жер телімінің мекенжайын негізсіз өзгертіп, заңбұзушылықтарға жол берген маман С[...] 2021 жылғы 9 қарашадағы № 923Ж/Қ бұйрықпен сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.

Т[...] 2023 жылғы 24 қазандағы өтініші және қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің 9 желтоқсан 2020 жылғы №194 мекенжайын нақтылау туралы бұйрығы негізінде қала әкімімінің 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысымен қала әкімдігінің 2010 жылғы 25 ақпандағы №119 қаулысындағы «Иассы ауданы 1 квартал 4 көше 18» сөздері «Д[...] көшесі, 47А» сөздерімен өзгертілген.

Осы қаулының күші қала әкімдігінің 2023 жылғы 15 қарашадағы №447 қаулысымен жойылған.

Д[...] көшесі, 47 А мекенжайына кадастрлық №[...] жер телімі заңсыз орналастырылғанын және соттармен анықталған басқа мәнжайларды ескере отырып, төменгі сатыдағы соттар осы ақпаратты жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан алып тастауды және У[...] кадастрлық № [...] сәйкестендіру құжаты бойынша 0,1000 га жер учаскесін орналастыру жобасын жасап, орналастыруды тіркеу бөліміне дұрыс міндеттеген.

Осыған байланысты, аталған мекенжайда Т[...] жер теліміне «Реттік нөмірін беру және жою» туралы 2020 жылғы 9 желтоқсандағы № 194 бұйрықтың күшін жою туралы соттардың тұжырымы дұрыс.

Жауапкерлер 2025 жылғы 21 және 28 мамырда сот шешімін орындап, талап қоюшының жер учаскесіне [...] кадастрлық нөмірі берілген. ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 4)-тармақшасына сай, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Соттармен кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Алайда, Жер кодексінің 12-бабының 25)-тармағында жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат екені түсіндірілген.

Демек, бұл құжат әкімшілік акт болып табылмайды. Сондықтан бұл құжатты заңсыз деп танып, күшін жою жөніндегі сот актілерінің бөлігінің күші жойылып, осы талап қою ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11)тармақшасы негізінде қайтарылуға жатады.

Одан басқа, іс бойынша жауапкерлер қатарында департамент тартылып, талап қою қанағаттандырылған.

Соттар бұл жауапкерге ешқандай талап қойылмағанын ескермеген, даулы әкімшілік актілерді қабылдау аталған мемлекеттік мекеменің құзырына кірмейді. Мұндай жағдайда осы заңды тұлғаға қатысты талап қоюды қанағаттандыру туралы бөлігінде сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешімі қабылдауға жатады.

Түркістан қаласы О.Д[...] көшесі, 47 А мекенжайына негізсіз орналастырылған кадастрлық №[...] жер теліміне қатысты ақпаратты жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрдан алып тастау, У[...] кадастрлық № [...] сәйкестендіру құжаты бойынша 0,1000 га жер учаскесін осы мекенжайға орналастыру жобасын жасап орналастыруды тіркеу бөліміне міндеттеу және «Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2020 жылғы 9 желтоқсандағы № 194 «Реттік нөмірін беру және жою» туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күші жоюға қатысты бөлігінде сот актілері күшінде қалдырылады.

Істің мұндай тұрғысында сот актілері өзгертілуге, Т[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

У[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрілігінің жер ресурстары басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстары басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне талап қоюын қанағаттандыру бөлігінде сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісін заңсыз деп тану туралы У[...] талап қоюын қанағаттандыру бөлігінде сот шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысының күші жойылсын. У[...] кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісін заңсыз деп тану туралы талап қоюы қайтарылсын.

Сот шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Т[...] төленген 553 теңге мемлекеттік баж бюджеттен қайтарылсын.

Мүдделі тұлға Т[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Р. Айнакулова

Судьялар:

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.