№6003-25-00-2к/3385
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 5 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья К.Р. Айтжанов, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілдері Ә.Б. Кадыровтың, А.У.Аққалжановтың, жауапкер өкілі М.А. Сметовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Мақат аудандық құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы азаматық істі жауапкердің Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы шешіміне және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Мақат аудандық құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Мекеме) жауапкер «Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (бұдан әрі- ЖШС, Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарттағы міндеттемелерін мерзімінде және толық көлемінде орындамағанымен негіздеген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Даулет» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Серіктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, іс материалдарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарына сәйкес тараптардың арасында 2024 жылғы 17 маусымда №35 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
Шарттың 2.2-тармағы мен №1 қосымшасына сәйкес Серіктестік «Мақат ауданы,Мақат кенті, Бостандық көшесінде орналасқан ойын және спорт алаңының құрылыс» жұмыстарын жасауға міндеттенген. Шарттың жалпы сомасы – 83 502 566 теңге.
Шарт бойынша Серіктестік құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы хабарлама алған күннен бастап 3 ай ішінде орындауға міндеттенген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы хабарлама 2024 жылғы 15 шілдеде алынған, сондықтан, орындау мерзімі 2024 жылғы 15 қазанға дейін белгіленген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыруы Серіктестік Шарттың талаптарына сәйкес міндеттерін тиісінше және мерзімінде орындамағанымен тұжырымдаған. Алайда соттардың мұндай тұжырымдарымен кассациялық сот келіспейді.
АПК-нің 412-бабына сәйкес, апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес, ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.
Аталған азаматтық процестік нормалары апелляциялық сатыдағы сотымен сақталмаған. Бірінші және апелляциялық соттар істін мән-жайын толық анықтамауы материалдық құқық нормаларының бұзылуына әкеліп соқты.
Келісім шарттың 3.1-тармағына сәйкес құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мерзімдері екі жылға бөлінген: 8 715 519 теңге 2024 жылы төлеуге жатады, қалған 74 787 046 теңге 2025 жылы төлеуге жоспарланған. Соған байланысты шарттың 9.1- тармағына сәйкес, шарттың қолдану мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін көзделген.
Шарттын қолданылу мерзімі шегінде 2025 жылғы 5 наурызда тараптар арасында № 35-1 қосымша шарт жасақталып, міндеттемені орындау мерзімі құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы хабарлама алған күннен бастап 3 ай ішінде орындауға жоспарланған. Қосымша келісім азаматтық іс апелляциялық сатыда қаралғанға дейін жасалған. Алайда, соттар құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мерзімдеріне, шарттың
қолдану мерзіміне және қосымша келісім шартқа тиісті құқықтық баға бермеген.
Аталған мерзім ішінде жауапкер мердігерлік жұмыстарын толық аяқтап, Мекемеге тапсырған. Құрылыс жұмыстары толық жасалып тапсырылғаны 2025 жылғы шілде айында жасалған объектіні пайдалануға қабылдау актісімен дәлелденеді. Яғни соттардың Серіктестік міндеттерін тиісінше және мерзімінде орындамаған деген тұжырымдары іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді. Аталған жайттар материалдық құқық нормаларының бұзылуына әкеп соқты.
Кассациялық сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып жауапкердің кассациялық шағымда көрсеткен уәждерін негізді деп есептейді.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен істің мәнжайы толық анықталмаған, оларға тиісті құқықтық баға берілмеген, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмаған. Сондықтан соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Т алап қоюшы «Мақат аудандық құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
К.Р. Айтжанов
Төрағалық етуші
Судьялар Н.О. Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.