6001-23-00-3гп/584
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 31 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К. Шәріпов, судьялар С.А. Әбдірахманов, Т.А. Ибрашев,
талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – К[...]) өкілі М[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер «Б7[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік), К[...], П[...] қарызды өндіру және кепілге қойылған мүліктен ақы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өтінішхатымен электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
К[...] сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, уәждерін жауапкерлердің несие шарты бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Серіктестіктен, К[...] ортақ тәртіпте К[...] пайдасына 552 988 151 теңге қарыз өндірілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Тараптар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, алайда жауапкерлер оған қатысқан жоқ және оны кейінге қалдыру жөнінде өтініш келтірмеген, қатыспауының дәлелді себептерін ұсынбаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 445-бабының 3-бөлігінде кассациялық сатыдағы соттың істі қарау
уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайтыны көзделген. Осы норманың негізінде жоғарыдағы мән-жайларды ескеріп, кассациялық сот алқасы істі сот отырысына тиісті түрде шақырылған жауапкерлердің қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды.
Ө[...] іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Кассациялық сатыдағы сот отырысында талап қоюшы өкілі өтінішхатты қолдап, ондағы өтінішін өзгертіп, дау айтылған сот актілерін талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сонымен бірге, Шымкент қаласы, [...] қожа көшесінде орналасқан мүліктің меншік құқығы заңды күшіне енген сот шешімімен бұрыңғы иесінің пайдасына шешілгенін хабарлады.
Кассациялық сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат келесі негіздер бойынша ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар іс бойынша жол берген.
Іс құжаттарынан анықталғандай 2019 жылғы 20 маусымдағы кредит желісін ашу туралы 905-ЮКФ-СМН келісімі негізінде К[...] мен Серіктестік арасында 2019 жылғы 25 маусымда № 905-ЮКФ-СМН/1 қарыз шарты (бұдан әрі - Қарыз шарты) жасалған.
Қарыз шартының талаптары бойынша К[...] Серіктестікке жылдық сыйақысы 16% мөлшерімен, мақсаты - 585 аналық бас, импорттық асыл тұқымды ірі қара мал алу үшін, 380 000 000 теңге несие берген. Несиені қайтару мерзімі 2029 жылғы 20 маусымға дейін көзделген.
2019 жылғы 20 маусымдағы № 905-ЮКФ-СМН-6 кепіл шарты бойынша К[...] Серіктестіктің К[...] алдындағы Қарыз шарты бойынша міндеттемесінің орындалуына толық ортақтасып жауап беру мiндеттемесін алған.
Сонымен қатар, 2019 жылғы 20 маусымдағы № 905-ЮКФ-СМН-1, № 905-ЮКФ-СМН-2, № 905-ЮКФ-СМН-3, № 905-ЮКФ-СМН-4, № 905-ЮКФ-СМН-5 кепіл шарттары бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамсыз ету мақсатында жауапкер К[...] тиесілі келесі мүлік К[...] кепілге берілген:
Түркістан облысы, [...] есептік квартал мекенжайы бойынша орналасқан:
кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 4,000 га жер учаскесі;
кадастрлық нөмірі [...] шопан үй мен жер учаскесі;
кадастрлық нөмірі [...], мал қора мен жалпы ауданы
0,1005 га жер учаскесі;
- Шымкент қаласы, [...] қожа көшесі, кадастрлық нөмірі
[...], № 84/2 тұрғын үй мен жер учаскесі;
- Шымкент қаласы, Қызылжар шағын ауданы, Жиделібайсын көшесі, № 38 ғимарат мекенжайы бойынша орналасқан, кадастрлық нөмірлері [...], [...], [...], кафе мен үш жер учаскесі.
Алайда, Серіктестік алған несие бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағандықтан, К[...] алдындағы қарызы 552 988 151 теңгені құраған.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігінде істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша өтiнiшхаттың, ұсынудың, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексеретіні көзделген.
Жергілікті соттардың жауапкерлерден қарызды ортақ тәртіпте өндіру жөніндегі тұжырымдары талап қоюшымен дауланбайды. Сондықтан бұл бөлігінде дау айтылған сот актілері тексерілуге жатпайды.
Соттар талап қоюды кепілге қойылған мүліктен ақы өндіру туралы бөлігінде қанағаттандырусыз қалдыруын, бұл мүліктердің нарықтық құны анықталмауымен негіздеген.
Алайда, сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымы заңға сәйкес келмейді деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 299-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – АК) сәйкес мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
АК-нің 317-бабының 1-тармағында борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiндігі қарастырылған.
Мұндай талаптар кепіл шарттары жасалған кезде де тараптармен көзделген.
Кепіл шарттарының 3.1, 4.2 тармақтарына сәйкес кепіл беруші немесе борышкер келісім бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе лайықты орындамаған жағдайда, кепіл ұстаушы өз еркіммен соттан тыс немесе сот тәртібімен кепіл мәнін өндіріп алады.
Осылайша, кепіл беруші өзіне тиесілі мүліктерге билік етіп, оларды кепілге қойып, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған жағдайда кепiл нысанасына өндiрiп алуға келісім берген.
Өз кезегінде, АК-нің 317-бабында кепілге берілген мүліктен өндіріп алудан бас тартудың өзге негіздері қарастырылған.
Атап айтқанда, егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылу мүмкiндігі АК-нің 317-бабының 2-тармағында көзделген.
Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
Жеке тұлғаның тұрғын үйімен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздар бойынша кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің бұзылуы болмашы болып табылады және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері бір мезгілде мынадай шарттар болған кезде:
- орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке алмағанда) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он бес пайызынан кем болса; 2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі алты айдан кем болса, кепілге салынған мүліктің құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
Дегенмен іс бойынша мұндай мән-жайлар жиынтығы анықталмаған. Дау айтылған сот актілерінде борышкермен жол берілген бұзушылықтың аса елеусіздігі немесе осыған байланысты кепіл ұстаушының талаптарының мөлшерінің кепілге салынған мүліктің құнына сәйкес келмейтіндігі туралы қорытындылар жоқ.
Орындалмаған міндеттеменің сомасы жоғарыда көрсетілген шектен айтарлықтай асып түседі, ал кешіктіру мерзімі екі жылдан асады.
Тараптар арасындағы кепіл шарттарын борышкерлер мәжбүрлеусіз өз еріктерімен жасаған және оны жасаған кезде талаптарымен келіскен.
Мұндай жағдайда сот алқасы жергілікті соттардың кепілдегі мүліктен ақы өндіріп алуға құқықтық негіздері болған деп санайды.
Осы ретте «Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы № 501 бұйрығының 10-тармағына сәйкес бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы, егер бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап бағалау объектісімен мәміле жасалған күнге немесе жария оферта ұсынылған күнге дейін өткен уақыт алты айдан аспайтын болса, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бағалау объектiлерімен мәмiле жасасу мақсаттары үшін ұсынымды болып танылады.
Кепіл шарттарында көрсетілген 2019 жылғы 10 маусымдағы бағалау есептері көрсетілген негіздер бойынша мерзімі өткенін ескере отырып, кассациялық сот алқасы кепілге қойылған мүліктің бастапқы құны атқарушылық іс жүргізу барысында анықталуы тиіс деп санайды.
Бірақ, Шымкент қаласы, [...] қожа көшесі, кадастрлық нөмірі [...], № 84/2 тұрғын үй мен жер учаскесіне қатысты анықталған мәліметтерге сәйкес К[...] бұл мүлікке меншік құқығы А[...] жасалған 2019 жылғы 24 мамырдағы сатып алу-сату шарты негізінде туындаған.
Алайда, заңды күшіне енген Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен аталған мәміле жарамсыз деп танылған, сәйкесінше К[...] көрсетілген мүлікті иелену және билік ету құқығы жойылған.
Сондықтан бұл мүлік кепілден өндірілетін мүлік қатарынан алынып тасталуға жатады.
Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар істің мән-жайын толық анықтағандықтан, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жібергендіктен, кассациялық сот алқасы істі жаңадан қарауға жібермей, дау айтылған сот актілерін талапты қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде өзгертіп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 616-бабының 12) тармақшасы бойынша К[...] Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттiк кредиттердi, сондай-ақ мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды қайтару жөнiнде талап қоюмен сотқа жүгiнген сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) ретінде мемлекеттік баж төлеуден босатылған.
Сондықтан АПК-нің 117-бабының ережелеріне сәйкес мемлекеттік баж жауапкерлерден мемлекет кірісіне өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысы өзгертілсін.
Аталған сот актілері кепілге қойылған мүліктен ақы өндіруден бас тарту бөлігінде күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Кепілдегі келесі мүліктен ақы өндірілсін:
Түркістан облысы, [...] есептік квартал мекенжайы бойынша орналасқан:
кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 4,000 га жер учаскесі;
кадастрлық нөмірі [...] шопан үй мен жер учаскесі;
кадастрлық нөмірі [...], мал қора мен жалпы ауданы 0,1005 га жер учаскесі;
Шымкент қаласы, Қызылжар шағын ауданы, Жиделібайсын көшесі,
№ 38 ғимарат мекенжайы бойынша орналасқан, кадастрлық нөмірлері [...], [...], [...], кафе мен үш жер учаскесі.
Қалған бөлігінде дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылсын.
«Б7[...]» ЖШС-нен, К[...], П[...] үлестік тәртіпте мемлекет кірісіне 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге, әрқайсысынан 308 (үш жүз сегіз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Шәріпов
Судьялар С. Әбдірахманов
Т. Ибрашев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.