Қ А У Л Ы
2025 жылғы 13 қараша №6003-25-00-2к/2113 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі Б.Маратұлының, жауапкер өкілі Р.Ж.Урумбаевтың, үшінші тұлға Т.Узханның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «Акмолатранстехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, ақша өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешіміне (бұдан әрі - сот шешімі) және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және одан мемлекет пайдасына 800 000 теңге атқарылған жұмыстар сомасы, 50 667 614 теңге аванс сомасы және 1 545 994 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Серіктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот шешімін өзгертуді, алқа қаулысының күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Себебі, соттар талап қоюдың Серіктестіктен ақша өндіру туралы бөлігін қанағаттандыру жөнінде заңды әрі негізді қорытынды жасай отырып, оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану қажеттілігі жөнінде қате тұжырымға келген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 359бабының 1-тармағына сай борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе
шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.
Анықталғаны, 2023 жылғы 29 тамызда тараптар арасында құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарты (бұдан әрі - Шарт) жасалған.
Шарттың №1 қосымшасына сәйкес Серіктетік 4 ай ішінде құрылысмонтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алғаннан кейін «Ақтау қаласының 15 шағын ауданындағы №52 үйден №4 тұрғын үйге дейінгі ДУ 450 кәріз коллекторын қайта құрылымдау» жасауы тиіс. Шарттың жалпы сомасы 187 657 828,96 теңге құрайды.
Одан кейін тараптар арасында 5 рет қосымша шарттар жасалған, жасалу себебі - жұмыстарды қаржыландыру мәселесі (ақша қаражаттары) бір жылдан басқа жылға ауыстырылған, қайта қайтарылған.
Соңғы қосымша шарт 2024 жылғы 18 қазанда жасалып, жұмыстардың орындалу мерзімі 2025 жылғы 31 қаңтар деп айқындалған.
Бөлім тарапынан Шарт бойынша аванс ретінде 50 667 614 теңге аударылса, Серіктестік Шарт бойынша өз міндеттемесін толық орындамай, Шарт бойынша қарастырылған 187 657 828,96 теңге құрайтын жұмыстардың тек 800 000 теңгенің жұмыстарын орындаған және бұл сома Бөліммен Серіктестікке аударылған.
АК-нің 658-бабында тапсырыс берушінің құрылыс үшін жер учаскесін шартта көрсетілгендей күйде беру міндеті белгіленген. Шартта мұндай нұсқаулар болмаған кезде жер учаскесінің жай-күйі жұмыстардың уақтылы басталуын, олардың қалыпты жүргізілуін және мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуге тиіс.
Шарттың 4.3 тармағына сай тапсырыс беруші: егер жер учаскесін босатуға байланысты жұмыстар жобалау-сметалық құжаттамада көзделмеген болса, Тараптар Шартқа қол қойған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей жер учаскесінен Мердігерге жұмыстарды орындауға кірісуге, оларды жүргізуді және аяқтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілері ауысуға жататын өз бетінше салынған құрылыстардан, өзге де бұрыннан бар үйлерден, құрылыстардан, құрылыс жайлардан үйінділер мен қоқыстардан босатуға міндетті.
Серіктестік тарапынан құрылыс үшін берілген жер учаскесінің тиісті емес жағдайда екені, яғни берілген жер учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы бастауға, жүзеге асыруға және мерзімінде аяқтауға мүмкіндік бермейтін ғимараттар мен құрылыстар орналастырылғаны (жеке тұлғалардың меншігіндегі «Jekas», «Tomiris» және «Drop Cofee» сауда павильондары, №80, №77, №16, №18, №14 және №14/1 тұрғын үйлер,
«Магаш» дүкені және «Виктория» қонақ үйінің құрылысы) жөнінде Бөлімге бірнеше рет хаттар жолданған.
Атап көрсеткенде, АК-тің 628-бабының 1-тармағына сәйкес, Серіктестіктің Бөлімге жолдаған 2024 жылғы 11 қарашадағы №267, 2024 жылғы 12 қарашадағы №270, 2025 жылғы 16 қаңтардағы №325 хаттарында фотоматериалдарды қоса бере отырып, кәріз коллекторын қайта құрылымдау трассасы деп белгіленген жер учаскесінде ғимараттар мен сауда павильондары түрінде кедергілер бар екені туралы көрсетілген.
Одан бөлек, Серіктестік тарапынан аталған кедергілерге байланысты жұмыстарды тоқтату жөнінде №1 акті жасалып, оған өзі қолын қойып, Бөлімге жолданған.
Алайда, Бөліммен аталған мәселені шешуге, яғни Шарттың 4.3 тармағында көзделгендей инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілері ауысуға жататын жер учаскесін өз бетінше салынған құрылыстардан, өзге де бұрыннан бар үйлерден, құрылыстардан босатуға немесе акті бойынша жұмыстарды тоқтатуға байланысты ешқандай әрекеттер жүзеге асырылмаған, Серіктестіктің хаттарына жауап та берілмеген.
Бөлімнің мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талабын қанағаттандыру жөніндегі шешімдерін соттар АК-тің 628бабының 3-тармағына сай, Серіктестік Шарт бойынша жұмыстарды орындай алмаса Шарттан бас тартуға құқылы болған, алайда ол Шарттан бас тартпай, Шартты орындамай, оның орындау мерзімін өткізіп алған деп негізсіз тұжырымдаған.
Жоғарыда көрсетілгендей, Серіктестік тарапынан АК-тің 628-бабының 1-тармағында көзделгендей Бөлімге хабарламалар жолданған, бірақ бұл әрекеттерден нәтиже болмаған.
Сол себепті Серіктестік Шарт бойынша жұмыстарды орындауды тоқтатқан және алдағы уақытта жұмыстар жүргізілмеген.
Сонымен қатар, соттармен АПК-тің 79-бабының 2-бөлігінің талаптары дұрыс қолданылмаған, өйткені Шарт бойынша жұмыстардың орындалмағаны талапты мойындау емес, факті болып табылса, Серіктестік жұмыстардың орындалмау себептеріне кінәсінің жоқтығын талап қоюға берген қарсы пікірінде және барлық сот отырыстарында көрсеткен.
Өз кезегінде, тұлғаны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін оның кінәлілік дәрежесінің анықталуы міндетті шарт.
Бұл жағдайда соттар Бөлімнің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын бермеген, себебі ол Шарт және заң талаптары бойынша құрылыс үшін жер учаскесін шартта көрсетілгендей күйде беруге міндетті болса да бұл міндеттемесін орындамаған, тиісінше шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиістігі (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейтіні (АК-тің 273-бабы) соттардың назарынан тыс қалған.
Сондай-ақ, соттар анықталған мән-жайларды ескере отырып, Серіктестікке қатысты «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 Нормативтік қаулысының 8-тармағында айқындалғандай адалдық пен парасаттылық өлшемдерін басшылыққа алуы тиіс еді. Шарт бойынша техникалық қадағалау қызметін жүргізетін «KZ Құрылыс Сапа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 20 қыркүйектегі Бөлімге жолдаған хатында Серіктестік тарапынан жұмыс осы күнге дейін жөнді жүргізілмегені, бар болғаны 100 метр құбыр төселіп, 3 құдық салынғаны көрсетілген.
Демек, Серіктестік тарапынан Шарт бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмай жатқаны жөнінде Бөлімге 2024 жылғы 20 қыркүйекте белгілі болған және мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі талап қоюдың отыз күндік мерзімі осы сәттен бастап есептелуі тиіс болған.
Бұл сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» » Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Заңының 12тармағының 4-тармағымен сәйкес келеді.
Алайда, осы мән-жайларға қарамастан, Шартты бұзуға немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін заңда көзделген әрекеттерді жасаудың орнына, Бөлім 2024 жылғы 18 қазанда Серіктестікпен бесінші рет қосымша шарт жасасқан.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілері өзгертілуге, олардың Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі бөліктерінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің талап қоюшы «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Акмолатранстехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі бөліктерінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшы «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінен жауапкер «Акмолатранстехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына кассациялық шағым бергені үшін төленген мемлекеттік баж сомасы 1 966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге өндірілсін.
Жауапкер «Акмолатранстехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.