1
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 қыркүйек № 6399-25-00-4а/428 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
прокурор Н.А. Молдахановтың қатысуымен,
ашық сот отырысында «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми- зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қазақстан Республикасының Әділет министрілігі Қызылорда облысы Әділет департаментінің филиалы «Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі» мемлекеттік сот орындаушылары М.Ермекбаевтың және А.Айбусинованың 2025 жылдың 22 және 23 қаңтарындағы мемлекет кірісіне атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы ЖШС «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» (бұдан әрі - Серіктестік) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімімен ЖШС «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Әкімшілік процеске қатысушылар әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Прокурор қорытындысында кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Қызылорда облысы Әділет департаменті «Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі» филиалымен 2022 - 2024 жылдар аралығында Серіктестіктен өндіріп алушылар «Прометей ORDA» қоғамдық қоры, «Джангулова Сания Казбековна» жеке кәсіпкері, «Цемекс Инжиниринг» ЖШС-нің, И.Н.Розаху жеке кәсіпкері, З.К.Төлеш жеке кәсіпкері, Р. Абдраймов жеке кәсіпкері, С.А. Дастан жеке кәсіпкерінің және «Лаки 38» ЖШС-нің пайдасына берешек соммасын өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалып, толық орындалуына байланысты аяқталған.
Жауапкерлер тарапынан Серіктестікке атқарушылық санкция соммасын ерікті түрде төлеу жөнінде 2024 жылғы 20 желтоқсанда хабарлама жолданған. Атқарушылық санкция соммасы Серіктестік тарапынан ерікті түрде төленбегендіктен, мемлекеттік сот орындаушылары М.Ермекбаев және А.А.Айбусиновамен 2025 жылдың 22 және 23 қаңтарындағы мемлекет кірісіне атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулылары (барлығы 8 қаулы) қабылданған.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 124-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
Атқарушылық санкциясы, егер:
борышкер атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін толық көлемде атқарушылық құжатты орындаса;
атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
Серіктестіктің пікірі бойынша, ол 100% мемлекет үлесіндегі серіктестік болғандықтан Заңның 124-бабының 1-тармағының 3) тармақшасының негізінде одан атқарушылық санкциясы өндірілмейді. Талап қоюшының аталған уәжін теріске шығару барысында соттар жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүліктік жауапкершілігі туралы ережелерді дұрыс қолданған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің (бұдан әрі - АК) 77-бабының 1-тармағына сәйкес бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi.
Сонымен қатар АК-нің 11-бабаның 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерiнiң осы органдардың мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, ережелерде және өзге де құжаттарда белгiленетiн құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады, сотта өкiлдiк ете алады, ал Серіктестік мемлекеттік органдарға жатпайды, ол АК-нің 34 бабының 1 тармағына сәйкес коммерциялық ұйымға жатады.
Осылайша, тек мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады, яғни мемлекеттік орган борышкер болған жағдайда ғана борышкер мемлекет болып табылады.
Мұндай жағдайда жауапкер даулы әкімшілік актіні қабылдағанда ӘРПК - нің 7-бабында бекітілген заңдылық қағидатын сақтағаны туралы
соттардың тұжырымдары дұрыс.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Аталғандар негізінде, кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми- зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Тулеев
Судьялар
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.