ҚАУЛЫ
2026 жылғы 1 сәуір №6003-25-00-4к/2818, (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
прокурор Л.Е. Жоламанованың, талап қоюшы Н.Н. Джумагулованың және оның өкілі А.М. Амановтың, жауапкердің өкілдері Д.Ж. Танзенов пен Ф.М. Танатованың, мүдделі тұлға М.Х. Зинуллиннің және оның өкілдері Р.Р. Мурзагалиеваның, Ж.Т. Ерназаров пен Р.Д. Джуматаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «НҰР» жеке кәсіпкері Назгуль Нурумовна Джумагулованың (бұдан әрі – «ЖК «НҰР») жауапкер «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Жаңақала ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Білім бөлімі) қатысты 2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528661-1, №13528646-1, №13528650-1 қорытындылар туралы хаттамаларды, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушысының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімін даулау туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 22 тамыздағы қаулысына ЖК «Төре» М.Х. Зинуллиннің және ЖК «Мейрамбек» С.Т. Журынтаеваның кассациялық шағымдары бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, конкурстық комиссия қорытындыны шығаруды және тиісті балдарды есептеуді дұрыс жүргізбегенін, сондай-ақ 2023 жыл үшін оның жұмыс өтілі негізсіз есепке алынбағанын көрсеткен.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 21 мамырдағы қысқаша шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, 2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528650-1 мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама және 2025 жылғы 18 ақпандағы сатып алуды ұйымдастырушының шешімі №74405517-КППТСОПО1 лоты бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылды. Қалған бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен МАӘС-тің шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды. 2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528661-1, №13528646-1, №13528650-1 конкурстары бойынша қорытындылары, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушысының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімі заңсыз деп танылып күштері жойылды. 2025 жылғы 8, 11, 18 ақпанда Білім бөлімі мен ЖК «Анарбаева Р.М.», ЖК «Мейрамбек», ЖК «Төре», «Первомайские деликатесы» ЖШС-мен жасалған мемлекеттік сатып алу шарттары жарамсыз деп танылған. ЖК «Мейрамбек» пен ЖК «Төре» өздерінің кассациялық шағымдарында ӘІжСА-ның қаулысының күшін жойып, МАӘС-тің шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол бермеген.
Анықталған мән-жайлардан Білім бөлімімен (тапсырыс беруші және сатып алуды ұйымдастырушы) Жаңақала ауданының білім беру ұйымдарына тауарларды (азық-түлік өнімдерін) жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алулар жүргізілгені көрінеді.
2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528646-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес екі лот бойынша жеңімпаз болып ЖК «Анарбаева Р.М.» танылған, қалған лоттар бойынша жеңімпаз болып ЖК «Төре» танылған. ЖК «НҰР» конкурс нысанасы болып табылатын тауарлар нарығындағы тиісті өңірдегі алдыңғы 7 жылдағы жұмыс тәжірибесі бөлігінде 4,5 балл (әрбір 12 ай үшін 1 балл, бірақ 5 балдан аспайды) беріліп, екінші орын алған деп танылған.
2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528650-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес №74405517-КППТСОПО1 лотын қоспағанда, барлық лоттар бойынша жеңімпаз болып ЖК «Мейрамбек» танылған. ЖК «НҰР» тауарлар нарығындағы жұмыс тәжірибесі бөлігінде 4,5 балл беріліп, екінші орын алған деп танылған. Аталған конкурс бойынша №74405517КППТСОПО1 лоты бойынша жұмыс тәжірибесі бөлігінде 5 балл беріліп, жеңімпаз болып ЖК «НҰР» танылған.
2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528661-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес бір лот бойынша жеңімпаз болып ЖК «Анарбаева Р.М.» танылған, екі лот бойынша «Первомайские деликатесы» ЖШС жеңімпаз деп танылған, қалған лоттар бойынша жеңімпаз болып ЖК «Төре» танылған. ЖК «НҰР» жұмыс тәжірибесі бөлігінде 4,5 балл беріліп, екінші орын алған деп танылған.
ЖК «НҰР» конкурс нәтижелерімен келіспей, сатып алуды ұйымдастырушыға (тапсырыс берушіге) шағыммен жүгінген, алайда 2025 жылғы 18 ақпандағы даулы шешіммен Білім бөлімі келесі негіздер бойынша оны қанағаттандырудан бас тартқан:
ЖК «НҰР» конкурсқа өтінімінде «Ерсайн» шаруа қожалығымен (бұдан әрі – ШҚ) жасалған 2023 жылғы 23 қаңтардағы №2 шартының толық емес мәтінін ұсынған (шарттың үшінші беті болмаған), осыған байланысты 2023 жыл үшін жұмыс тәжірибесі бойынша тек 4,5 балл берілген;
№13528650-1 конкурс бойынша №74405517-КППТСОПО1 лоты бөлігінде ЖК «НҰР» жұмыс тәжірибесі үшін 5 балл берілуі жіберілген қателіктің салдары болып табылады, шын мәнінде 4,5 балл берілуге тиіс болған.
Аталған конкурстардың қорытындылары бойынша Білім бөлімі мен ЖК «Анарбаева Р.М.», ЖК «Мейрамбек», ЖК «Төре» және «Первомайские деликатесы» ЖШС-мен шарттар жасасқан.
ЖК «Дилан» мен Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы білім басқармасының «Бөкейорда ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қатысты талап қоюы бойынша шығарылған ӘІжСА-ның 2025 жылғы 22 қаңтардағы қаулысынан ЖК «НҰР» 2017 – 2023 жылдар аралығында «Ерсайн» ШҚ-ның атына тауарларды (азық-түлік өнімдерін) жеткізу бойынша расталған жұмыс тәжірибесі бар екені анықталған, тиісінше, ең жоғары 5 балл есептеу заңды болып табылған.
Кассациялық сатыдағы сотта істі қарау сәтінде Білім бөлімінің 2025 жылғы 3 желтоқсандағы хатына сәйкес осы іс бойынша 2025 жылғы 22 тамыздағы ӘІжСА-ның қаулысы орындалғаны, №13528661-1, №13528646-1, №13528650-1 конкурстарының қорытындылары қайта қаралғаны анықталған. Қайта өткізілген конкурстардың нәтижелері бойынша жеңімпаз болып ЖК «НҰР» танылып, онымен шарттар жасалған.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 51-тармағына сәйкес, әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігі мәніне конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау кезінде конкурстық комиссия:
конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды, салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірмелерді жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратады;
конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында қажетті ақпаратты сұратады.
Қағидалардың Үлгілік конкурстық құжаттамаға 8-қосымшаға (тауарларды жеткізушіні таңдау өлшемшарттары) сәйкес, әлеуетті өнім берушінің тиісті аймақта конкурстың мәні болып табылатын тауар нарығындағы өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесі үшін әр 12 айға 1 балдан, бірақ 5 балдан аспайтын балдар беріледі.
8-қосымшаға ескертпеде көрсетілгендей, 1-тармақ бойынша конкурс өткізілетін тиісті аймақта ағымдағы жылдың өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы тауарларды жеткізу кезеңі, осы шарттарды орындаудың әрбір айы үшін тауарларды қабылдау-тапсыру актілері көрсетіле отырып, бұрын жасалған шарттардың көшірмелерімен расталады.
Бірінші сатыдағы сот дауды мәні бойынша қарап, талап қоюды ішінара қанағаттандыра отырып, келесі тұжырымдарға келген:
«НҰР» ЖК-не 4,5 балл беру дұрыс болып табылады, өйткені ол 2023 жыл үшін «Ерсайн» ШҚ-мен жасалған шарттың толық емес мәтінін ұсынған (үшінші беті болмаған), осыған байланысты 2023 жылға арналған тауарды қабылдап алу-беру актілері жұмыс тәжірибесі бойынша балл есептеу кезінде ескерілмейді;
«Ерсайн» ШҚ сот шешімімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған;
№13528650-1 конкурс бойынша №74405517-КППТСОПО1 лоты бөлігінде «НҰР» ЖК-не жұмыс тәжірибесі үшін 5 балл беру жіберілген қателіктің салдары болып табылады, шын мәнінде 4,5 балл берілуге тиіс болған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды толық көлемде қанағаттандыра отырып, келесі тұжырымдарға келген:
«НҰР» ЖК-нің 2023 жыл үшін жұмыс тәжірибесі ұсынылған шартпен және 2023 жылға арналған тауарды қабылдап алу-беру актілерімен расталады;
Қағидалардың 51-тармағына сәйкес конкурстық комиссия «НҰР» ЖК өтінімінде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында «Ерсайн» ШҚ-дан 2023 жылға арналған шарттың бар-жоғын растау не жоққа шығару үшін (үшінші беті болмаған) қажетті ақпарат пен түсіндірмелерді сұратпаған. Іс жүзінде аталған шарт бар, оған «НҰР» ЖК мен «Ерсайн» ШҚ қол қойған, ол бойынша міндеттемелер толық орындалған;
«Дилан» ЖК-ның талап қоюы бойынша 2025 жылғы 22 қаңтардағы заңды күшіне енген ӘІжСА-ның қаулысы бар, одан «НҰР» ЖК-нің 2017 – 2023 жылдар аралығында «Ерсайн» ШҚ-ның атына тауарларды (азық-түлік өнімдерін) жеткізу бойынша расталған жұмыс тәжірибесі бар екені анықталған, тиісінше, ең жоғары 5 балл есептеу заңды болып табылады. Көрсетілген мән-жай ӘРПК-нің 119-бабының ережелеріне сәйкес преюдициялық мәнге ие;
2025 жылғы 23 қаңтардағы №13528650-1 конкурс қорытындыларын №74405517-КППТСОПО1 лоты бөлігінде бірінші сатыдағы соттың жоюы талап қоюшының зиянына жүзеге асырылған.
Кассациялық сот іс материалдарын және кассациялық шағымның дәлелдерін зерделей келе, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының заңдылығы туралы қорытындыға келеді, оның негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді.
Анықталған мән-жайлардан Білім бөлімімен Жаңақала ауданының білім беру ұйымдарына азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша №13528646-1, №13528650-1 және №13528661-1 үш конкурс өткізілгені көрінеді.
ЖК «НҰР» аталған конкурстарға қатысып, олардың барлығы бойынша (№74405517-КППТСОПО1 бір лотын қоспағанда) конкурс нысанасы болып табылатын тауарлар нарығындағы жұмыс тәжірибесі бөлігінде 4,5 балл беріліп, екінші орын алған деп танылған.
ЖК «НҰР» конкурсқа өтініміне жұмыс тәжірибесі үшін 4,5 балл беру дұрыс емес болып табылады, осы бөлігінде кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларымен келіседі.
ЖК «НҰР» конкурсқа өтініміне 2023 жыл үшін жұмыс тәжірибесін растайтын жеткілікті және қажетті құжаттар топтамасын қоса ұсынған, көрсетілген кезеңде «Ерсайн» ШҚ-ның атына тауарларды нақты жеткізу жүзеге асырылған, бұл зерттелген шартпен және қабылдап алу-беру актілерімен расталады.
Көрсетілген мән-жайлар сондай-ақ заңды күшіне енген 2025 жылғы 22 қаңтардағы ӘІжСА-ның қаулысымен расталады, одан «НҰР» ЖК-нің 2017 – 2023 жылдар аралығында «Ерсайн» ШҚ-ның атына азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша жұмыс тәжірибесі бар екені туындайды, тиісінше, «НҰР» ЖК-не ең жоғары 5 балл есептеу заңды болып табылады.
Жоғарыда келтірілгендер апелляциялық сатыдағы сотпен преюдициялық мәнге ие мән-жайлар ретінде дұрыс бағаланған (ӘРПК-нің 119-бабы).
Жоғарыда аталғандардың жиынтығы конкурс қорытындыларына әсер еткен.
«Ерсайн» ШҚ-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану «НҰР» ЖК-нің конкурсқа өтініміне әсер етпейді және ол үшін құқықтық салдарлар туындатпайды, өйткені «Ерсайн» ШҚ 2023 жылы өз атына жеткізілген өнімнің тек алушысы болған және талап қоюшының біліктілік талаптарына ықпал етпейді.
Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы соттың даулы қаулысын жоюға не өзгертуге құқықтық негіздер жоқ.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағымдардың уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан апелляциялық сатыдағы сотта келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті баға берілген. Кассациялық шағымдарда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актісінің күшін жоюға негіздер таппады.
Осы мән-жайлар бойынша ЖК «Төре» М.Х. Зинуллин мен ЖК «Мейрамбек» С.Т. Журынтаеваның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне, 108-бабының 7), 8) тармақшаларына және 113-бабына сәйкес «Төре» ЖК мен «Мейрамбек» ЖКнен «НҰР» ЖК-нің пайдасына жол жүру (тұру) және өкілдің қызметіне ақы төлеуге байланысты 508 000 теңге мөлшеріндегі сот шығыстары өндіріп алынуға жатады. Мәлімделген шығыстар (сот шығындары) ұсынылған заң көмегін көрсету туралы шартпен, авиабилеттермен, орындалған жұмыстар актісімен және оларды төлеу туралы төлем тапсырмаларымен (түбіртектермен) расталады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жеке кәсіпкер Төре» Мейрамбек Хамитұлы Зинуллин мен жеке кәсіпкер «Мейрамбек» Света Тлепбергеновна Журынтаевадан жеке кәсіпкер «НҰР» Назгуль Нурумовна Джумагулованың пайдасына ортақ тәртіпте 508 000 (бес жүз сегіз мың) теңге сот шығыстары өндіріліп алынсын.
ЖК «Төре» М.Х. Зинуллин мен ЖК «Мейрамбек» С.Т. Журынтаеваның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.