6001-24-00-3г/3947
ҚАУЛЫ
Астана қаласы
2024 жылғы 16-қыркүйек
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «StroyGasCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюымен қозғалған электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымын қайта қарау туралы Серіктестіктің өтінішхатын алдын ала қарап ,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылдың 2 маусымындағы шешімімен талап қоюшы «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» КММ-нің жауапкер «StroyGasCompany» ЖШСін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымымен«StroyGasCompany» ЖШС-нің апелляциялық алқаның қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қараудан бас тартылған.
Іс материалдарынан көрінгендей, даулы қатынастар тараптар арасында 2022 жылғы 19 тамызда жасалған «Шоқай едлі мекенінде автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатумен қоса «БейнеуШымкент» магистральдық газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы № 65 шартқа негізделген.
Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы Мекеменің талабында жауапкермен құрылыс жұмысын құрылысты бастау туралы хабарламаны алған күннен бастап тоғыз ай мерзімінде орындауға тиіс болғанын, ал, оның аяқталу мерзімі 2023 жылдың 21 маусымына дейін белгіленгенін көрсеткен.
Алайда, жұмыс кестесі бойынша 2022 жылдың желтоқсан айында жоспарланған жұмыстың орындалмағанын уәждеген Мекеме, Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талаппен 2023 жылдың 6-қарашасында сотқа жүгінген. Одан кейін Мекеме шартты бұзған.
Азаматтық істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот, Мекеменің тарапынан Серіктестікке жұмысты уақтылы бастау үшін қолайлы жағдайда жер учаскесін беру жөніндегі өз міндетін тиісінше орындамағаны (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 658бабы, бұдан әрі - АК) және бұған жауапкердің кінәсінің жоқ екені туралы қорытындыға келген.
Бірінші сатыдағы сот бұл мән-жайды газ тарту желілерін жүргізетін жер учаскесінде қызыл кітапқа енгізілген сексеуіл өсімдігінің табылуымен негіздеген. Сонымен бірге сотпен анықталғандай, Серістестік құрылыс жұмыстарының уақытылы басталуын, олардың қалыпты жүргізілуін және мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында сексеуіл өсімдігін шабуға рұқсатты алу оның міндетіне жатпауына қарамастан өсімдіктерді шабуға ресми түрде рұқсат алу жұмыстарын жүргізген.
Алайда, құзырлы органмен 2022 жылы 13 желтоқсанда ғана рұқсат берілген. Осыған байланысты Мекеменің талабын қанағаттандырудан бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келіспей, 2022 жылдың желтоқсан айындағы жұмыс кестесін бұзуда Серіктестіктің кінәсі дәлелденген деп тапқан. Сонымен бірге, 2023 жылғы 20 ақпандағы №65 келісім-шарттың бұзылғанын басшылыққа алған. Осыған байланысты, 2023 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, Мекеменің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған.
Серіктестік аталған қаулыны қайта қарау туралы арызда өнім берушімен №65 шарт талаптарының бұзылуы туралы Мекеменің уәждері және шарттың біржақты бұзылуы сотпен заңсыз деп танылғанын көрсеткен.
Серіктестік өтінішхаттың негізінде, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 21 маусымдағы шешімін көрсеткен, онда Мекеменің АК-тің 658-бабында көрсетілген жарамды жер учаскесін беру жөніндегі міндеттемені орындамағаны анықталған. Аталған шешіммен анықталғандай, Серіктестік тарапынан жұмыстарды талапқа сай орындау бойынша 5000 метр аумақтағы екпелерді кесу, 82 600 000 теңгеге құбырлар сатып алу шараларын жүзеге асырған. Апелляциялық сатыдағы соттың 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен 2023 жылғы 21 маусымдағы бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Серкітестіктің талабынан бас тартылған.
Алайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Серіктестіктің уәждері негізді деп табылып, АК-тің 658-бабында белгіленген міндеттердің Мекемемен бұзылу фактісі анықталған. Осылайша, кассациялық сатыдағы соттың актісімен апелляциялық сатыдағы соттың 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, 2023 жылғы 21 маусымдағы бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен анықталған мән-жайларға қарамастан, дауланып отырған апелляциялық сатыдағы соттың 2024 жылғы 20 маусымдағы
ұйғарымымен 2023 жылғы 11 қыркүйектегі қаулыны қайта қарау туралы Серіктестіктің арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Кассациялық өтінішхатта Серіктестік апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы заңды күшіне енген сот шешіміне және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысына сәйкес келмеуі туралы дәлелдер келтірді. Арызданушы, құрылыс алаңының дайын болмауы және бұл жағдай жұмыстарды уақытылы орындамауға әсер еткендігін, осыған байланысты мердігер қосымша жұмыстарды жүргізуге мәжбүр болғаны туралы уәждерін көрсете отырып, Мекеменің тарапынан АК-нің 658-бабыда көзделген міндеттеменің бұзылғаны өз дәлелін тапты деген пікірге келген. Бұған қоса, Серіктестік өзінің өтінішхатында дауланып отырған апелляциялық ұйғарымның АПК-нің 455-бабының талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен.
АПК-нің 455-бабының 3)тармақшасында шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылатыны көзделген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамыр № 1 нормативтік қаулысының 7-тармағына сәкес заңды күшіне енген соттың үкімі, шешімі немесе қаулысы, онда көрсетілген нұсқаулық, сондай-ақ сот белгілеген мән-жайлар мен олардың құқылық бағасы бәріне бірдей міндетті.
Жоғарыда аталған мән-жайлар және өтініште көрсетілген өзге де дәлелдер кассациялық сатыдағы сот отырысында тексерілуге жататын сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің бар екендігінің дәлелi болуы мүмкiн.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымын қайта қарау туралы «StroyGasCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.