ВС РК - Постановление от 18.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3024 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18 қаңтар 6001-23-00-6ап/3024 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар –Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы өкілі М[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «П[...]» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер П[...] (бұдан әрі – ЖК П[...]) жауапкерлер «Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Абай атындағы №90 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - КММ), «Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектебі» КММ-не, «Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебі» КММ-не әкімшілік актілерге дау айту туралы талабы бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 24 тамыздағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымымен талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арызын қанағатандырудан бас тартылып, талап қою қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатылы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің өкілінен істі олардың қатысуынсыз қарауды өтініш хат жолдаған.

Басқа тараптар сотқа келген жоқ келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтаруын талап қоюшы мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген 2023 жылғы 25 наурыз, 1 және 19 сәуірдегі конкурстар қорытындыларын даулап сотқа 2023 жылдың 6 тамызында сотқа жүгінген. Талап қоюшыға даулы әкімшілік актілер туралы 2023 жылғы 26 мамырдан бастап белгілі болған, яғни ол заңда көзделген сотқа талап қоюдың бір ай мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп негіздеген. Алайда соттардың бұл түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 47-бабына сай егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы. Осы бапта көзделген, дауларды сотқа дейін реттеу тәртібі міндетті болып табылады.

Талап қоюшы дауды сотқа дейінгі шешудің барлық процессуалдық талаптарын сақтап, адал әрекет жасаған.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» РММ-сі ЖК П[...] шағымы бойынша «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) аталған конкурстар бойынша (2023 жылғы 13, 19 сәуірде және 15 мамырда) бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған.

Департамент өз кезегінде аудиторлық тексеру жүргізіп, 2023 жылғы 21 шілдеде аудиторлық есеп жасаған. Нәтижесімен Департамент 2023 жылғы 7 тамызда ғана бұзушылықтарды жою жөнінде Нұсқамалар жолдаған.

Яғни, дауды сотқа дейінгі шешудің түпкілікті нәтижесі 2023 жылғы 7 тамызда ғана аяқталған.

ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Сондықтан соттардың талап қою мерзімі өткізілген деген тұжырымы негізсіз болып табылады.

Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші саты сотына талап қоюды мәні бойынша қарауға жолдануға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 24 тамыздағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымының күші жойылсын.

Іс Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына мәні бойынша қарауға жолдансын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер П[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.