6001-22-00-3гп-350
2022 жылғы 20 қыркүйек Астана қаласы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ж.Мырзаке, судьялар Б.Р.Ералиева, Ж.М.Қашқынбаеваның, прокурор Д[...], талап қоюшының өкілдері Н[...], Р[...],
жауапкерлердің өкілдері А[...], Ә[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы «Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма), жауапкерлер «ТС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «КС[...]» ЖШС-не мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 16 наурыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 шілдедегі қаулысына «КС[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 16 наурыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
«ТС[...]» ЖШС-і мен «КС[...]» ЖШС-і арасында 18 269 682 теңгеге электрондық шот-фактуралар негізінде жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылған.
«ТС[...]» ЖШС-і мен «КС[...]» ЖШС-нің әрқайсысынан мемлекет кірісіне 1 459 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта «КС[...]» ЖШС-і істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Басқарма талап қоюшының өтінішхатына жолдаған пікірінде сот актілерін күшінде қалдырып, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Үшінші тұлға «Нұрислам» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – ЖК) өкілі кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өзінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, үшінші тұлға «Нұрислам» ЖК-нің өкілінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын оның өкілінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша жауапкерлер «КС[...]» ЖШС-і мен «ТС[...]» ЖШС өкілдері А[...], Ә[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, Басқарманың өкілдері Н[...], Р[...] сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырусыз, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін және оған Басқарманың келтірген пікірін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
Іс құжаттарынан анықталғандай «ТС[...]» ЖШС-нің негізгі қызметі - тауарлардың кең ассортиментінде ешқандай спецификациясыз көтерме сауда. Бақылау-кассалық машина тіркелмеген.
Қосымша құн салығына (бұдан әрі – ҚҚС) төлеуші ретінде 2020 жылы 21 қаңтарда тіркеліп, 2021 жылы 9 наурызда ҚҚС есебінен шығарылған (ликвидациялық есеп). 2020 жылға қосымша табыс салығы (бұдан әрі – ҚТС) бойынша жылдық жиынтық табысы 204 043 853 теңге. Жұмысшылар саны 6 адам. 2020 жылға бюджетке төленетін салық сомасы 1 339 958 теңге, салықтық жүктеме коэффициенті 0,7%.
Басқарма жүргізген камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша 2020 жылғы айналым негізінде «КС[...]» ЖШС-і мен «ТС[...]» ЖШС-нің араларында айналым сомасы 18 269 682 теңге, ҚҚС 2 192 362 теңгеге қызмет көрсетіліп, жұмыс жасалғаны анықталған.
«ТС[...]» ЖШС-нің активтерінің болмауы, салықтық жүктемесінің төмендігі, сатқан затының алған жерінің жоқтығы, «Тәуекел дәрежесі расталып» жалған шот фактура жазу күмәнділігі анықталуына орай Басқарма жабдықтаушы «ТС[...]» ЖШС-і мен «К[...]» ЖШС-нің араларындағы 2020 жылға ЭШФ-мен дәлелденетін ҚҚС-сыз сомасы 18 269 682 теңге, ҚҚС сомасы 2 192 362 теңге деп жазылған шот-фактуралар бойынша жасалынған мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар Басқарманың қойған талабы негізді деген қорытындыға келіп, дауланған мәмілені жарамсыз деп танып, келесідей тұжырымға келген.
Дауланған мәміле бойынша «КС[...]» ЖШС-не тапсырылған қиыршық тасты «ТС[...]» ЖШС-і «Нұрислам» ЖК-нен сатып алғанын көрсеткен; бірақ соңғылар арасындағы 2020 жылғы 20 ақпандағы № 9 келісім-шарттың 3.1 тармақшасында белгіленгендей сатушы жеткізілген тауармен бірге тауар-көлік жүкқұжатының түпнұсқасын тапсырады. Ал, ұсынылған құжаттармен аталған жүкқұжаттар анықталмаған.
Сонымен қатар, 2020 жылғы 21 ақпандағы № 3 шот-фактурада «Нұрислам» ЖК-і қиыршық тасты келісім-шартсыз тапсырғаны көрсетілген, бірақ ұсынылған құжаттарға келісім-шарт тіркелген.
Төлем-шарттары бойынша төлем қолма-қол ақшасыз жасалатыны көрсетілген, ал ұсынылған құжаттарда қолма-қол есеп айырысқан, бұл туралы шығыс және кіріс кассалық ордерлер толтырылған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің 166-бабының 1-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі.
Демек, барлық қолма-қол есеп айырысулар бақылау-кассалық машиналары арқылы жүргізіледі. Алайда, «Нұрислам» ЖК-і атында бақылаукассалық машина тіркелмеген және де 14 350 000 теңгеге ұрылған чек ұсынылмаған.
2020 жылғы 20 ақпандағы № 9 келісім-шарттың 2.1 тармағына сәйкес сатушы («Нұрислам» ЖК) тауарды жеткізуге міндеттенген, ал сатып алушы («ТС[...]» ЖШС) оны қабылдайды делінген. Алайда «Нұрислам» ЖК-нің атында 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға, әкімшілік полиция департаментінен алынған мәлімет бойынша, яғни келісім-шарт жасалған уақытта, автокөліктер тіркелмеген. «Нұрислам» ЖК-і 2020 жылдың 1 жартыжылдығында 910.00 нысаны бойынша тапсырылған салық есептілігінде жалдамалы жұмысшылар көрсетілмеген.
«Нұрислам» ЖК-і ҚҚС салық төлеуші ретінде тіркелмеген. Демек, «ТС[...]» ЖШС-гі 300.00 нысанында 300.00.015 бағанында ҚҚС-сіз сатып алынған тауарлар жөнінде 14 350 000 теңге көрсетілуі тиіс еді, бірақ соңғы бұл соманы көрсетпей, ол бағанда 2 457 700 теңгені ғана көрсеткен. Сол себепті оның қиыршық тасты «Нұрислам» ЖК-нен сатып алдым дегені күмән тудырады деп көрсеткен.
Жергілікті соттардың бұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды, өйткені олар алдын ала, іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс анықталмай тұрып жасалған.
АПК-нің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес салық органының талап қою арызын дұрыс шешу үшін қаржы-шаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалуын, алғашқы құжаттардың шынайылығын, еңбек және материалдық
ресурстардың жеткілікті болуын анықтау қажет, ал бұл жергілікті соттармен анықталмаған.
Дауланып отырған мәміле бойынша «КС[...]» ЖШС-і өзіне қажетті қиыршық тасты «ТС[...]» ЖШС-мен 2020 жылы 3 наурызда жасалған келісім –шарт бойынша алғанын, оның ақшасын ЭШФ арқылы төлегенін көрсеткен. Әрі қарай, машиналармен келген қиыршық тастар, алдын-ала тапсырыстар (заявка) бойынша, тауар-көлік жүкқұжаттарының негізінде Құмкөл және Арысқұм кен орындарына жеткізілген.
Кен орындарына қиыршық тастарды жеткізу «КС[...]» ЖШС-і мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының арасында жасалған келісім-шарттар арқылы жүзеге асырылған. Кен орындарына келген машиналар алдын ала берілген рұқсаттар бойынша кіргізілген.
Бұл жөнінде апелляциялық сатыдағы сотқа 71 тауар-көлік жүкқұжаттары берілген, оның ішінде Құмкөл кен орнына 30 автокөлік, Арысқұм кен орнына 41 автокөлік жөнелтілген. Бірақ апелляциялық сатыдағы сот оларды назарынан тыс қалдырып, баға бермеген. Негізінен жергілікті соттар даулы мәмілені жарамсыз деп табуын тек қана «ТС[...]» ЖШС-і мен «Нұрислам» ЖК-нің арасындағы мәміленің күмәнді болуымен шектеген. Бірақ, соңғылардың арасындағы 2020 жылғы 20 ақпанда жасалған келісім-шарттың ешкіммен дауланбағанын, күшінде екенін ескермеген. «ТС[...]» ЖШС-гі мен «Нұрислам» ЖК-і арасындағы келісім-шарт бухгалтерлік есеп тіркелімдерін, қаржылық есептілікті және есеп саясатын бұза отырып жасалғанымен, олардың орындалуы жоққа шығарылмаған.
«Нұрислам» ЖК-і қиыршық тастарды Сығанақ базарында тұрған жүргізушілермен келісіп, «ТС[...]» ЖШС-не жібергенін, ақшасын қолма-қол алғанын, ал соңғысы әрі қарай жүк «КС[...]» ЖШС-не кеткенін көрсеткен.
Алайда, апелляциялық сатыдағы сотқа жүргізушілердің аты-жөні белгілі болса да, ешқайсысын сотқа шақырып, болған мән-жайларды білу үшін түсінік алмаған және кен орындарына машиналарды өткізуге рұқсат берілгенін растайтын құжаттар (тігілген, номерленген, мөр қойылған журналдар) сұратылып, тексерілмеген.
Сот отырысында жауапкерлердің өкілі Ә[...], «Нұрислам» ЖК-і толтырған тауар-көлік жүкқұжаттарының негізінде, жүргізушілермен тасымалдау ақшасына келісіп, қиыршық тастарды кен орындарына жеткізгенін көрсетті.
Жергілікті соттар жауапкерлер арасында 2020 жылы 3 наурызда жасалған шарттың негізгі мәнін сот отырысында зерттемеген. Ол бойынша тауар-көлік жүкқұжаттарын кім толтыруы керек еді, неліктен «К[...]» ЖШС-і «Нұрислам» ЖК-і толтырған тауар-көлік жүкқұжаттарының негізінде қиыршық тастарды кен орнына жеткізгеніне баға берілмеген.
Егер тауар-көлік жүкқұжаттары «Нұрислам» ЖК-мен толтырылған болса, онда «ТС[...]» ЖШС-нің тауар айналымындағы ролі қандай болған.
Не себепті «ТС[...]» ЖШС-і «Нұрислам» ЖК-ге тауар үшін төлеген ақшасын (шығынын) декларациясында аз мөлшерде көрсеткен, оны түзету үшін даулы кезеңге қосымша декларация тапсырылған ба? Келтірілген сұрақтар бойынша жауап, сот актілерінде көрсетілмеген.
Демек, апелляциялық сатыдағы сот істі дұрыс қарау және шешу үшін
маңызы бар мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеген.
Сондықтан алқа, жауапкерлердің келтірген уәждері заң талабына сай тексеріліп, оларға баға беріліп, жоққа шығарылмаған деп есептейді.
Сонымен қатар, Басқарма бірінші сатыдағы сотқа талап қою арызын нақтылап, жауапкерлер арасындағы 2020 жылы 3 наурызда жасалған келісімшартты жарамсыз деп тануды сұраған, бірақ ол заң талабына сай шешуін таппаған.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы «К[...]» ЖШС-нің келтірген уәждерімен келіседі және оны заң талабына сай тексеру үшін апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, сол сотқа басқа құрамда істі жаңадан қарау үшін жібереді.
Істі жаңадан қараған кезде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдау керек.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 шілдедегі қаулысының күші жойылып, іс жаңадан басқа құраммен қаралуға сол сотқа жолдансын.
«КС[...]» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ.Ж.Мырзаке Б.Р.Ералиева Ж.М.Қашқынбаева
Көшірмесі дұрыс: Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.