6001-23-00-3ГП/196
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Ж.М.Қашқынбаева, Ғ.Ж.Мырзаке,
талап қоюшы «Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент, Тапсырыс беруші) өкілі Б[...],
жауапкер «IW[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) өкілі С[...] қатысуымен мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Департаменттің жауапкер Серіктестікке мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымдарына Департаменттің өкілі Б[...] өтінішхатымен келіп түскен талап қою құжаттарын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюды қабылдаудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған. Департаменттің өкілі Б[...] өтінішхатта қабылданған сот актілерімен келіспей, соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберу туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің қарсы пікірін тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап және құжаттарды зерделеп келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Соттармен анықталғандай, Департамент пен Серіктестіктің арасында жалпы сомасы 112 168 560 теңгені құрайтын 2022 жылғы 19 желтоқсандағы №367 мемлекеттік сатып алу шарты жасалып (бұдан әлі - Шарт), осы күнмен қазынашылық органында тіркелген.
Шарт талаптары бойынша жауапкер 179 дана компьютер жиынтықтарын Шарт қазынашылық органында тіркелген күннен бастап жеткізуге міндеттенген.
Жауапкер Ш[...] көзделген тауарды Департаментке 2022 жылғы 26 желтоқсанда жеткізген.
Дегенмен тауар Ш[...] техникалық ерекшелігіне сәйкес келмегендіктен талап қоюшы 2022 жылғы 30 желтоқсанда №1 жарнамалық акт жасап, оны жауапкердің электрондық поштасына жолдаған.
2022 жылғы 31 желтоқсанда Ш[...] қолданылу мерзімі аяқталған.
Департамент Серіктестікпен Шарт бойынша міндеттемелерді тиісті түрде орындамағанын көрсетіп, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қабылдаудан бас тартуын өнім берушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбеуі, яғни мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтаруы негіз болған деп көрсетіп, бұл ретте Тапсырыс беруші мұндай талап қоюмен мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi органға жүгінуі қажет екендігімен тұжырымдаған.
Алайда мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
Талап қоюды қабылдаудан бас тарту құқықтық негіздер тізбесі АПК-нің 151-бабы 1-бөлігінің 1)-4) тармақшаларында көзделген. Бұл тізбе түпкілікті болып табылады және кеңейтілген талқылауға жатпайды.
Мұндай негіздер іс бойынша анықталмаған.
АПК-нің 48-бабы 2-бөлігінде көрсетілгендей сот өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес.
Департамент жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюын Серіктестік Шарт бойынша міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанымен негіздеген.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» занының 12-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында қарастырылғандай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі:
-өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.
Сондықтан жергілікті соттардың Департамент мұндай талап қоюмен мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi органға жүгінуі қажет деген тұжырымы заңға тікелей қарама қайшы және негізсіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінінішхатта көрсетілген уәждер мен мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Бұл ретте жергілікті соттардың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені олар Департаменттің сот арқылы қорғалуы жөніндегі конституциялық құқығының шектелуіне әкеп соққан.
Осыған орай процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты, кассациялық сот алқасы жергілікті соттармен қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымының және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымының күші жойылсын.
Талап қою оған қоса берілген құжаттарымен бірге Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
«Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар Ж.
Ж. Қашқынбаева Ғ. Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.