ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-25-00-6ап/556 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 мамыр 6001-25-00-6ап/556 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Ж.Үсеновтың,

«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) өкілдері Ә.Серікбай мен Д.Орманбектің,

мүдделі тұлға «Актаева Айжамал Ануарбековна» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – ЖК «Актаева») өкілі Б.Сералиевтың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Нурмаханова Н» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Нурсулу Китабалаевна Нурмаханованың (бұдан әрі – ЖК «Нурмаханова») жауапкерлер Департамент пен Басқармаға 2024 жылғы 31 шілдедегі №431010000-КпОПО-31-302720 және 2024 жылғы 2 тамыздағы №431010000КпОПО-32-303035 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды, №2479926-ОК1, №12493309ОК1, №12487256-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК «Актаева» өкілі Б.Сералиевтың кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 31 шілдедегі №431010000-КпОПО-31302720 және 2024 жылғы 2 тамыздағы №431010000-КпОПО-32-303035 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

Басқарманың 2024 жылғы 10 шілдедегі, 13 тамыздағы №2479926-ОК1, 2024 жылғы 11 шілдедегі, 9 тамыздағы №12493309-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған. Басқармаға Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «№143 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – №143 мектеп) мен ЖК «Актаева», №257 мектеп пен ЖК «Махамбетова» жасалған шарттарды Қағиданың 80-тармағына сәйкес тікелей шарт жасасу арқылы келесі қаржы жылына ұзартуға тыйым салынған.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

ЖК «Актаева» өкілі Б.Сералиев кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын толық қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы министрлігі) өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы Б.Сералиевтың кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сот актілеріне ЖК «Актаевадан» басқа әлеуетті өнім берушілер кассациялық шағым бермеген. ЖК «Нурмаханова» кассациялық шағымын қайтарып алды. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «Актаеваның» шағымы шегінде қаралады.

Жергілікті соттардың ЖК «Актаеваға» қатысты жасаған тұжырымдары

негізді болып табылады. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма №№143, 23 және 257 мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу конкурстарын жариялаған.

ЖК «Актаева» №№ 23 және 257 мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу конкурстарына қатыспаған.

№143 мектеп конкурсының қатысушылары: ЖК «Актаева», ЖК «Кулымбетова», ЖК «Нурмаханова», «ISMAIL PRODUCTS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – ЖШС).

2024 жылғы 10 шілдедегі конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде ЖК «Актаева» танылған.

Әлеуетті өнім берушілердің шағымы бойынша Департаментпен 2024 жылғы 31 шілдеде №431010000-КпОПО-31-302720 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берілген.

Осы хабарламаға сай конкурс қорытындысы қайта қаралып, 2024 жылғы 31 шілдедегі хаттамаға сәйкес, конкурс жеңімпазы ретінде ЖК қайта танылған. 2024 жылғы 29 тамызда №143 мектеп пен ЖК «Актаева» арасында №44 қызмет көрсету туралы шарты жасалған.

Конкурс қорытындыларымен келіспеген ЖК «Нурмаханова» жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағидалар) 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды:

төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер:

150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы; 151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы;

351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы;

651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы;

1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы;

2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.

Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі.

Қағидалардың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды. Қағидалардың 20-тармағына сәйкес №143 мектеп бойынша 972 білім алушысы бар білім беру ұйымына, сәйкесінше 2 аспазшы мен 4 ас үй жұмысшысы қажет болған. ЖК «Актаева» 4 аспазшы, 4 ас үй жұмысшысы, 2 диетолог пен 2 өндіріс меңгерушісін ұсынған.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі - ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.

ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.

ЕШЕБЖ-ден алынған мәліметтерге қарағанда ЖК «Актаеваның» конкурсқа ұсынған 2 ас үй қызметшілері: К.Медеубаева, К.Муханова тіркелмегені, ал ас үй жұмысшысы М.Сайлаумен жасалған еңбек шарты ЕШЕБЖ-ға тіркелгенімен, 2023 жылғы 29 желтоқсанда аталған еңбек шартының бұзылғандығы да тіркелгені анықталды.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен сұратылған 2023-2024 жылдардағы салық есептіліктерінде ЖК «Актаевамен» жоғарыда көрсетілген 3 ас үй жұмысшысы оның қызметкерлері ретінде көрсетілмеген. ЖК «Актаева»-ның ұсынған екі қызметкері К.Медеубаева мен К.Мухановаға зейнетақы жарналары аударылмаған, ал аспазшылары А.Садыковаға 2024 жылғы 24 қазанда «Тентек» ЖК-нен, А.Шахаеваға 2024 жылғы 7 қарашада Қызылорда облысы жұқпалы аурулар ауруханасынан, М.Ермаханбетовке 2024 жылғы 10 қазанда Қызылорда аудандық пайдалану бөлімінен зейнетақы жарналары түскен.

Бұл мән-жайлар ЖК «Актаева» еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген басқа уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Актаева Айжамал Ануарбековна» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.