ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қазан 6003-25-00-4к/1475 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,
талап қоюшының және «Үлгілі-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлескерлерінің өкілі Е.Садыровтың қатысумен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Үлгілі-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) үлескері Бауыржан Жомартұлы Салимбаевтың жауапкерлер Байзақ ауданы әкіміне (бұдан әрі – Әкім), «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою және шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысына жауапкердің өкілі берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен талап қою толығымен қанағаттандырылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Бөлім өзінің кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың шешімімен және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін негізге ала отырып, олардың күшін жоюды, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Бөлімнің өкілі Астана қаласына бара алмауына байланысты, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішін келтірген. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мәнжай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төмен тұрған соттардың тараптарынан мұндай бұзушылықтар орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімінің 2007 жылғы 21 қыркүйектегі №479 қаулысымен «Үлгілі2005» ЖШС-ға тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалпы көлемі 5 370 гектар, оның ішінде тәлімі егістік 1 051 гектар, суармалы егістік 316 гектар, шабындық 101 гектар, жайылымдық 3 854 гектар, бөгде жер 48 гектар жер учаскелеріне 49 жылға өтеулі жер пайдалану құқығы берілген.
Сондай-ақ, Әкімнің 2014 жылғы 4 маусымдағы №283 қаулысы негізінде Серіктестік аумағында орналасқан ауданның жер қорынан мүдделі тұлға «Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті» мекемесіне (бұдан әрі - Университет) (қазіргі атауы «Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты» мекемесі) қосымша тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізуге жалпы көлемі 50,0 гектар, оның ішінде суармалы 50,0 гектар жер учаскесі 49 жылға өтеулі жер пайдалану құқығымен беріліп, Бөлім мен Университет арасында 2014 жылғы 6 маусымда №93 тиісті жалға беру шарты жасақталған. Сонымен қатар, 2014 жылғы 1 тамыздағы №436 қаулысына сай Университетке жеке меншік құқығы беріліп, Бөлім мен Университет арасында 2014 жылғы 8 тамызда №58 жер учаскесінің жалдау құқығын сатып алу шарты жасақталған.
Серіктестік басшысы Б.Еркебаев 2021 жылғы 28 желтоқсаннан бастап Серіктестіктің үлескері болып танылатын талап қоюшының және Серіктестік құрылтайшыларының келісімінсіз, жалпы жиналыссыз тәлім егістік және жайылмалы жер учаскелілерін мүдделі тұлғаларға заңсыз беріп жібергені анықталды. Серіктестік жарғысының 1.1.2 бөлігінде, мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерге байланысты Серіктестік иелегіндегі жердің көлемі мен шекараларын өзгерту жер туралы заңнамаға сәйкес тек қана Серіктестік қатысшуларының жалпы жиналысының келісім бойынша жүргізіледі делінген. Серіктестіктің 2014 жылғы 2 сәуірдегі жалпы жиналысының №1 хаттамасының күн тәртібінде Серіктестің 50.0 га жер телімін ауданның арнайы жер қорындағы бос жерлермен ауыстыру туралы сұрағы көтерілген, ал даулы жерді мүдделі тұлғаларға бөліп беру бойынша жалпы жиналыста қабылдануы қажет болған. Аталған жалпы жиналысқа Серіктестіктің құрылтайшылары Б.Еркебаев, К.Каригулов, Үлгілі ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы А.Садуақасов, Үлгілі орта мектебінің директоры Ф.Шаухаров, Үлгілі ауылдық округінің әкімі Д.Медешов, Байзақ ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Қырғызбаев қатысқан. Бұл ретте, күн тәртібіндегі қаралған сұрақты шешуге жергілікті атқарушы органдарыдың лауазымды адамдардың құзыреті жоқ, яғни хаттамадағы лауазымды тұлғалар өкілеттіліктерін асыра пайдаланған болып табылады.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 54-бабын басшылыққа ала отырып, Серіктестіктің жер учаскесі үлестiк жер пайдалануға берілгендіктен күн тәртібіндегі сұрақ қатысушылардың жалпы жиналысында қабылдануы қажет деген тұжырымға келген.
Бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен апелляциялық сатыдағы сот келіскен.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын және олардың негізінде жатқан мән-жайлардың талап арызды қайтару туралы қорытындыларымен келіседі. Тараптар келтірген уәждер төмен тұрған соттармен тиісті түрде бағаланған.
Іс материалдарынан анықталғандай, даулы жер учаскесі «Үлгілі-2005» ЖШС-ға 2007 жылғы 21 қыркйүекте өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.
Алайда дауланып отырған 2014 жылғы 4 маусымдағы №283 қаулы негізінде Серіктестік аумағында орналасқан ауданның жер қорынан Университетке 50,0 гектар жер учаскесі 49 жылға өтеулі жер пайдалану құқығымен беріліп, кейіннен Университетке жеке меншік құқығы берілген. Жергілікті соттар 2014 жылғы 4 маусымдағы №283 және 2014 жылғы 1 тамыздағы №436 қаулыларын заңсыз деп тани отырып, Жер кодексінің 54бабының талаптары бұзылғанын дұрыс негізге алған, себебі «Үлгілі - 2005» ЖШС-нің жарғысының 1.1.2 бөлігіне сай, мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерге байланысты Серіктестік иелігіндегі жердің көлемі мен шекараларын өзгерту жер туралы заңнамаға сәйкес тек қана Серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының келісімі бойынша жүргізіледі. Алайда, Серіктестіктің 2014 жылғы №2 сәуірдегі жалпы жиналысының №1 хаттамасының күн тәртібінде Серіктестің 50.0 га жер телімін ауданның арнайы жер қорындағы бос жерлермен ауыстыру туралы сұрағы көтерілген, ал даулы жерді мүдделі тұлғаларға бөліп беру бойынша жалпы жиналыста қабылдануы қажет болған.
Жергілікті соттар 2014 жылғы 2 сәуірдегі «Үлгілі-2005» ЖШС-нің жалпы жиналысының №1 хаттамасына баға бере отырып, аталған жалпы жиналысқа Серіктестіктің құрылтайшылары Б.Еркебаев, К.Каригулов, Үлгілі ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы А.Садуақасов, Үлгілі орта мектебінің директоры Ф.Шаухаров, Үлгілі ауылдық округінің әкімі Д.Медешов, Байзақ ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Қырғызбаев қатысқанын анықтаған. Салдарынан, күн тәртібіндегі қаралған сұрақты шешуге жергілікті атқарушы органдарыдың лауазымды адамдардың құзыреті жоқ деген қорытындыға келе отырып, хаттамадағы лауазымды тұлғалар өкілеттіліктерін асыра пайдаланғанын негізге алған.
Мүдделі тұлға Ж.Сармановқа берілген жер учаскесі бойынша уәждеріне дұрыс баға беріп, келесі қорытындыға келген.
Байзақ ауданы әкімінің 2013 жылғы 6 қыркүйектегі №350 қаулысымен аудан аумағында шаруашылық субъектілердің жерлерінен «KCC Engineering&Co.LTD» АҚ-ның аудандағы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге №2, №4, №6, №,7 №8 учаскелерінен топырақты және №2п учаскесінен құм-шағал қоспасын өндіру үшін барлық көлемі 53.6 га оның ішінде суармалы 6.3 га, суарылмайтын егістік 18.2 га, жайылым 29.18 га жер учаскелерін уақытша өтеулі (жалға) құқығына 2015 жылдың 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге қаулы қосымшасына сәйкес Серіктестіктің аумағындағы №2, №4 көлемі 4 га және 10 га жер учаскелері топырақты өндіру үшін берілген.
Жер учаскесінің мерзімі өткеннен кейін, Серіктестіктің АҚ-ға берген 2 га жері аукционға шығарылған, Үлгілі ауыл аумағынан Тараз қаласы айналма жолының бойынан Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен Сарыкемер ауылында 2021 жылғы 21 сәуірдегі аукцион арқылы 2 га жер учаскесі үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін 3 жылға мүдделі тұлға Ж.Сармановқа берілген. Және 2024 жылы 19 шілдеде Әкімнің №261 қаулысы негізінде аталған жер телімін пайдалану бір жылға ұзартылған, ал Бөліммен 24 шілдеде жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану шарты жасалған.
Бірақ, аталған жер учаскесі Серіктестіктің алдыңғы уақытта пайдалануына берілгеніне қарамастан, Ж.Сармановқа берілген жер учаскесі мемлекеттік жер қорына алынбаған, және аукционға заңсыз шығарылған. Сонымен қатар, жер учаскесінің нысаналы мақсаты үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) негізсіз өзгертілген.
Бұл заң бұзушылықтар «Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» КММ-мен жауапкер Әкімдік және Бөлімді жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген уақытта анықталған.
Жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде, Бөлімге 2024 жылғы 31 шілдеде аталған заң бұзушылықтар бойынша №43 нұсқама шығарылып табысталған. Аталған нұсқама, Бөліммен дауланбаған және нұсқама нәтижелері орындалмаған.
Осы орайда, бірінші сатыдағы соттың шешімімен мүдделі тұлға мен Бөлім арасындағы 2021 жылғы 21 сәуірдегі жалдау құқығын сату жөніндегі шарты, жер учаскесін бір жылға ұзарту туралы Әкімнің 2024 жылғы 19 шілдедегі №261 қаулысы, сондай-ақ 2024 жылғы 24 шілдедегі шарты заңды түрде жарамсыз деп танылған.
Төмен тұрған соттар талап қоюшының мүдделі тұлғаға қатысты берілген жер учаскесі бойынша талап қоюшының талаптарын негізді қанағаттандыру тұжырымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сәйкес дұрыс болып табылады.
Тиісінше, бірінші және апелляциялық саты соттарының қаулылар мен шарттардың күшін жоюға қатысты тұжырымдары дұрыс болып табылады, кассациялық сот бұл тұжырымдарымен келіседі.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот аталған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д.Әбдіғалиев Г.Ыдырысова
Төрағалық етуші Судьялар
М.Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.