ҚАУЛЫ № 6003-25-00-4к/1886
11 қараша 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,
жауапкерлердің өкілдері Е.І.Жұмабайдың, Г.Ұ.Шоханованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Анашым» шаруа қожалығы - Асемгали Аязбаевич Куанышевтің (әрі қарай-талап қоюшы) Атырау облысы әкіміне, «Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Атырау қаласы әкіміне, «Атырау қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – жауапкерлер) қалалық комиссияның 2024 жылғы 08 қарашадағы №9 хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 маусымдағы ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа жүгініп, жауапкерлерге қатысты жоғарыдағы талап қойған.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 28 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюдың мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырылмай, талап қою Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасының негізінде кері қайтарылған.
Апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 16 маусымдағы ұйғарымымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы сот ұйғарымдарымен келіспеген талап қоюшы, өзінің өкілі арқылы кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Іс бойынша жауапкерлер ретінде танылған Атырау қаласы әкімі мен «Атырау қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері кассациялық соттың отырысына келмеді, істі кейінге шегеруді сұрамады. Мұндай жағдайда, кассациялық сот істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым ӘРПКнің 115 бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Қатысқан жауапкердің өкілдердерінің пікірін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталды.
ӘРПК 5 бабының екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төмен сатыдағы соттар қамтамасыз етпеген, талап қоюшының бұзылған құқығын қалпына келтірмеген, соңғының тарапынан ұсынылған дәлелдерге лайықты құқықтық баға бере алмаған.
Іс бойынша анықталғаны, Атырау облысы әкімінің 2024 жылғы 07 сәуірдегі №3 шешімімен аймақта су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған, ал сол жылғы 13 маусымдағы Атырау қаласы әкімдігінің №1261 қаулысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен деп тану бойынша комиссиясы құрылған (әрі қарай - комиссия). Комиссияның жұмысшы органы болып, осы іс бойынша жауапкедің бірі ретінде танылған - Атырау қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі бекітілген.
Талап қоюшы, өзін зардап шеккен деп тану туралы өтінішпен сол комиссияға 2024 жылғы 05 қарашада жүгінген, бірақ комиссияның 08 қарашадағы №9 хаттамалық шешімімен талап қоюшыға қанағаттандырусыз жауап берілген (әрі қарай – даулы хаттамалық шешім).
Жауапкерлердің пайымдауынша, 2024 жылғы 11 қарашада комиссияның қорытындысы қабылданып, талап қоюшыны су тасқыны салдарынан зардап шеккен деп танудан бас тартылған, аталған қорытынды талап қоюшыға сол жылғы 13 қарашадағы №ЖТ-2024-05865142 хатпен, қосымша е-өтінішпен жолданған және 11 қарашада қолма-қол берілген, әрі бұл қорытындыда оны алғанын растаған талап қоюшының қолтаңбасы бар. Сонымен қатар, комиссияның 2024 жылғы 08 қарашадағы хаттамалық шешімінің үзіндісінде талап қоюшының оны 2025 жылғы 29 қаңтарда алғаны туралы қолтаңбасы қойылған. Сөйтіп, даулы хаттамалық шешімнің қорытындысы талап қоюшыға 2024 жылғы 11 қарашада берілсе, үзіндісі 2025 жылғы 29 қаңтарда берілген.
Соттардың қорытындысына сәйкес, талап қоюшы сотқа арызбен 2025 жылғы 26 ақпанда жүгінген, яғни даулы хаттамалық шешімнің қорытындысы оған бірінші рет белгілі болған күннен бастап 3 ай 10 күн өткеннен соң (2024 жылғы 11 қарашадан есептегенде). Оның үстіне, талап қоюшының даулы хаттаманы кеш алуы туралы уәждері дәлелін таппаған, ол заңмен белгіленген мерзім ішінде талап қоюмен сотқа жүгіну үшін нақты кедергі болған мәнжайларды ұсынбаған, яғни талап қою мерзімін өткізіп алуының дәлелді уәжі сотқа ұсынылмаған.
Алайда, жоғарыда келтірілген деректерді жан-жақты зерттеу барысында төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдары өз қолдауын таппады. Тіптен, келтірілген деректер қате сараланып, талап қоюшының құқығына кері нұқсан келтірген.
Жауапкерлердің түсінігінен туындайтыны, қалалық әкімдіктің жанынан құрылған комиссия алдымен қорытынды, содан соң шешім қабылдайды. Мұндайда әкімшілік акті болып соңғысы, яғни, арыз берушінің құқығы мен заңды мүддесіне нақты әсер ете алатын құжат - шешім танылуы тиіс.
Ал, комиссияның №9 хаттамасының үзіндісінде оның қорытындысы емес, нақты шешімі жарияланған. Бұл шешімнің қарар бөлімінің мазмұнынан туындайтыны, комиссия мүшелерінің ұсыныстары назарға алынып, ескерілген, комиссияның біржақты келісімі бойынша ұйғарым жасалып, «Анашым» ШҚң Қайыршақты ауылдық округі, Соколок каналының солтүстік бетінде орналасқан талап қоюшы иелігіндегі тұрғын үй, қора 2024 жылғы су тасқын салдарынан зардап шеккен деп танылмаған. Аталған құжатқа комиссия төрағасы М.Кариев өз қолын қойған.
Бұл тұста баса назар аударатын жағдай, жоғарыдағы 08 қарашадағы хаттаманың үзіндісін талап қоюшы тек 29 қаңтар 2025 жылы алған. Бұл дерек оның тікелей «алдым» деп өз қолымен жазып, мерзімін нақтылап көрсеткен қолтаңбасымен анықталады.
Кассациялық сот мәжілісіне қатысқан жауапкер тарапы бұл жағдайды жоққа шығара алмады, оның үстіне, құжаттың (даулы хаттамалық шешімнің қорытындысы) талап қоюшыға 2024 жылғы 11 қарашада берілгенін ешбір дәлелдемемен бекіте алмады.
Жалпы жауапкерлер комиссияның қорытындысы мен шешімінің аражігін ажырата алмаған.
Тіптен аталған қорытынды талап қоюшыға 2024 жылғы 13 қарашада №ЖТ-2024-05865142 хатпен, қосымша е-өтінішпен жолданғаны және 2024 жылғы 11 қарашада қолма-қол берілгені жөніндегі соттың ұйғарымында көрсетілген пайымдау кассацияда жеткілікті қолдауын таппады.
ӘРПК-нің 136-бабы 1-бөлігіне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Бұл мерзімді талап қоюшы сақтаған.
Мұндай жағдайда, талап қоюды сотқа беру мерзімі өтпеген, талап қоюмен ол 2025 жылғы 26 ақпанда жүгінген (2025 жылғы 29 қаңтардан есептегенде), яғни өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығын қорғау мақсатында сотқа арыз беруді бір ай мерзім ішінде жүзеге асырған. Мұндайда процестік мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені талқылаудың қажеттілігі болмаған.
Жергілікті соттардың ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 15) тармақшасын қолдануы қате, сондықтан талап қоюды кері қайтару туралы ұйғарымдар заңсыз әрі негізсіз.
Осыған байланысты іс бойынша дауланып отырған ұйғарымдарды заңды деп бағалауға еш себеп жоқ.
Жоғарыда айтылған мән-жайды ескере отырып, кассациялық сот жергілікті соттардың шығарған, әрі мазмұны бойынша ұқсас ұйғарымдарының күшін жойған жөн деп тапты.
Сондықтан, іс, қабылданған уақыттан бастап, мәнісі бойынша қаралу үшін бірінші сатыдағы сотқа жолданады. Жаңа қарау барысында жергілікті сот талап қоюшының уәждерін жан-жақты тексеріп, жауапкерлердің қарсы пікіріне тиісті баға беріп, туындаған дауды заңды әрі әділ шешу мақсатында барлық шараны қолдануы қажет.
Кассациялық шағымның уәждері негізді деп танылады, сондықтан ол қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі ұйғарымының, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 маусымдағы ұйғарымының күші жойылсын.
Талап қою бойынша қозғалған әкімшілік іс бірінші сатыдағы соттың - Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жаңа қарауына жолдансын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.