ВС РК - Постановление от 16.04.2025 по делу 6001-25-00-3гп/89 (Гражданское)

6001-25-00-3гп/89

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16-сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Шәріпов, судьялар Б.Тоқтарова, Р.Қуанышбаева,

талап қоюшының өкілі П.Жандарбековтің,

жауапкер А.Сулейменовтің қатысуларымен

мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында

талап қоюшы Кулаш Сулейменованың жауапкер Алихан Тореханович Сулейменовқа ортақ мүліктен үлесін анықтап, үлесінің ақшалай өтемін өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2024 жылғы 31-шілдедегі шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер А.Т.Сулейменовтің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

К.Сулейменова талап қоюын нақтылап, онда Түркістан облысы, Кентау қаласы, Абай даңғылы, 4 үй, № 39 пәтерден (бұдан әрі - даулы пәтер) өзінің үлесін бөліп, өзінен осы пәтердегі 1/8 үлесі үшін 1 487 050 теңге ақшалай өтемді А.Т.Сулейменовтің пайдасына өндіріп, даулы пәтерге меншік құқығын тануды сұраған.

Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2024 жылғы 31-шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

К.Сулейменова даулы пәтердегі 7/48 (11%) үлестің ақшалай өтемі 1 487 050 теңгені А.Т.Сулейменовке төлеуге міндеттелген.

А.Т.Сулейменов ақшалай өтемді алған соң даулы пәтеріндегі оған тиесілі 7/48 (11%) үлесіне меншік құқығын жоғалтып, бұл үлес К.Сулейменованың меншік құқығына өтеді.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

2024 жылғы 5-қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, істі қарау барысында материалдық құқық нормалары бұзылуына байланысты дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы) іс бойынша өтінішхаттың уәждерін

қолдаған жауапкердің түсінігін, талап қоюшы өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай заң бұзушылықтарға бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы К.Сулейменова жауапкер А.Т.Сулейменовтің шешесі болып табылады.

1992 жылғы 16-қарашадағы № 4690 жекешелендіру шартымен даулы пәтер Т.Сүлейменовке және оның отбасы мүшелері: К.Сулейменоваға, С.Сулейменовке, С.Сулейменовке, А.Сулейменовке, Ж.Сулейменоваға, И.К.Сулейменоваға, Ж.С.Сулейменоваға сатылып, ортақ бірлескен меншік құқығы осы күнмен тіркелген.

Заң бойынша мұраға құқық туралы 2011 жылғы 25-ақпандағы № 1760 куәліктің негізінде 2010 жылғы 12-тамызда қайтыс болған Т.Сүлейменовтің қалған мүлкіне: даулы пәтеріне (мұралық мүлік) ұлы А.Т.Сулейменов, ал балалары Ж.Т.Сулейменова, Г.Т.Тулебаева, А.Т.Молдашева және С.Т.Сулейменов мұрадан өз үлестерінен бас тартуларына байланысты марқұмның зайыбы К.Сулейменова мұрагер болып табылатындарын нотариус куәландырған.

Заң бойынша мұраға құқық туралы 2011 жылғы 25-ақпандағы № 1761 куәліктің негізінде 1997 жылғы 18-шілдеде қайтыс болған С.Т.Сүлейменовтің қалған мүлкі - даулы пәтеріне оның анасы К.Сулейменова мұрагер болып танылған.

2023 жылғы 25-қарашадағы сыйға тарту шарты бойынша Ж.Т.Сулейменова, С.Т.Сулейменов, И.К.Сулейменова, Ж.С.Сулейменова сый алушы К.Сулейменоваға даулы пәтердегі 4/8 үлестерін өтеусіз сыйға тартқан. Осыған орай, даулы пәтердегі К.Сулейменованың үлесі 41/48 (89%), ал А.Т.Сулейменовтың үлесі 7/48 (11%) құраған.

Сондықтан, осы даулы пәтердің иесі К.Сулейманова және оның ұлы А.Т.Сулейменов болып табылады.

А.Т.Сулейменов даулы пәтерді пайдалануға К.Сулейменоваға ешқандай кедергі жасамаған, соңғысы пәтерді өз иелігі есебінде пайдаланған. Жергілікті соттар мәлімделген талаптарды қанағаттандырып, жауапкерден оның даулы пәтердегі 7/48 (11%) үлесі үшін 1 487 050 теңге ақшалай өтемақыны өндіре отырып, А.Т.Сүлейменовтің ортақ мүліктегі үлесі шамалы болғандықтан, оның келісімінсіз де өтемақы төлеуге болады деп тапқан.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың мұндай тұжырымдарымен сот алқасы келісе алмайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 212-бабының 1-тармағына сәйкес үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады.

Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.

АК-нің 218-бабының сәйкес үлестi меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасындағы келiсiм бойынша өздерiнiң арасында бөлiнуi мүмкiн.

Үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп шығаруды талап етуге құқылы.

Үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлу немесе бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығарудың әдiстерi мен шарттары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы. Егер үлестi заттай бөлiп беруге заң құжаттарында жол берiлмесе немесе ол ортақ меншiктегi мүлiкке шамадан тыс залал келтiрмейiнше мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығушы меншiк иесi үлестi меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетуге құқылы.

Осы бап негiзiнде үлестi меншiктiң қатысушысына заттай бөлiп берiлетiн мүлiктiң меншiк құқығындағы оның үлесiне сәйкессiздiгi тиiстi ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтiрiледi.

Басқа меншiк иелерiнiң үлестi меншiкке қатысушыға оның үлесiн заттай бөлiп берудiң орнына өтем төлеуiне қатысушының келiсуiмен жол берiледi. Тиiстi меншiк иесiнiң үлесi шамалы болып, нақты бөлiп шығару мүмкiн болмай және ол ортақ мүлiктi пайдалануға онша мүдделi болмаса, сот бұл меншiк иесiнiң келiсiмi болмаған күнде де үлестi меншiкке қатысушыларды оған өтем төлеуге мiндеттей алады.

Бұл норманың сөзбе-сөз түсіндіруінен меншік иесінің келісімінсіз, сот шешімі бойынша өтемақы төлеу үш шарт орындалған жағдайда мүмкін: бөлуді талап ететін меншік иесінің үлесі шамалы болуы; оны нақты бөлудің мүмкін еместігі; заттай үлесті алуға елеулі қызығушылықтың болмауы.

Іс бойынша мұндай мән-жайлар анықталмаған.

К.Сулейменова, өзінен жауапкер А.Т.Сулейменовтің пайдасына мүліктегі үлесі үшін ақшалай өтемақыны өндіріп алуды талап еткенімен, ол бөлiнiп шығушы меншік иесі болып табылмайды.

Алайда бұл жағдайға жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілмеген. К.Сулейменованың талаптары қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмейді. Сонымен қатар, жауапкер А.Т.Сулейменов өз үлесін бөліп шығаруға келіспейтінін мәлімдеген.

Оның үстіне, ол пәтерді пайдалануға қызығушылық танытады және оны нақты иеленіп, пайдаланады. Басқа баспанасы жоқ және денсаулығына

байланысты мүгедектігі үшін болашақта басқа пәтер алу мүмкіншілігі де жоқ.

Сот алқасы іс бойынша анықталған мән-жайлар, өз үлесінің ақшалай өтемін жауапкердің пайдасына өндіру туралы мәлімделген талапты қанағаттандыруға негіз бола алмайды деп есептейді.

Жергілікті соттар заң нормаларын қолдануда қателіктер жібергенін және іс бойынша қосымша дәлелдемелер жинау мен тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, сот алқасы дауланған сот актілерінің күшін жою және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2024 жылғы 31-шілдедегі шешімінің, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-қарашадағы қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.

Талап қоюшы Кулаш Сулейменованың жауапкер Алихан Тореханович Сулейменовқа ортақ мүліктен үлесін анықтап, үлесінің ақшалай өтемін өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылсын. Жауапкердің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар Р.Қуанышбаева Б.Тоқтарова Көшірмесі дұрыс: Судья Р.Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.