ВС РК - Постановление от 21.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/2434 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2434

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 21 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, талап қоюшының өкілі А.К.Абдигамидов, жауапкердің өкілі А.Б.Сейтимбетованың қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Еуразиялық құқық қорғау ұйымы» қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – Қоғамдық бірлестік) «Қазақстан Республикасы Оқуағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Министрлік) ресми түсініктеме беру туралы өтініш бойынша берген жауаптарын заңсыз деп тану және сұрақтарға жауап беру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымы мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қоғамдық бірлестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, 2024 жылғы 3 қаңтарда Қоғамдық бірлестік Министрлікке Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп нысанына қойылатын талаптардың 13- тармағына ресми түсініктеме беру туралы өтініш жасаған.

2024 жылғы 17 қаңтардағы Министрліктің жауабына сәйкес орта білім беру ұйымдарына міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Заңның 5- бабының 14-1) - тармақшасына сәйкес әзірленді және осы нормативтік құқықтық акт азаматтардың заңнамаларда бекітілген құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін бұзбайды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді деп көрсетілген.

Осыған қоса, Министрліктің 2024 жылғы 14,15 ақпанындағы жауаптарында 2024 жылғы 18 қаңтардағы шағымдарға сәйкес тиісті шаралар қабылданатындығы және ресми жауабы қоса тіркелетіндігі көрсетілген.

Талап қоюшы Министрліктің тарапынан түсініктеме берілмеді, ал берілген түсініктемелерде нақты қойылған сұрақтар жауапсыз қалды, сол себепті берілген жауаптарды заңсыз деп тануды сұраған.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, Министрліктің нормативтік құқықтық актілердің ресми түсініктемесі әкімшілік акті болып табылмайды, жауаптар ұсынымдық сипатта берілген және талап қоюшы үшін қандай да бір салдарға әкеп соқпайтындығына байланысты әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібімен сотта қаралуға жатпайды деп дұрыс көрсеткен. Сонымен қатар, жауапкердің әрекеттері немесе әрекетсіздіктерінің нәтижесінде талап қоюшының заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына ешқандай нұқсан келтірілмеген сондықтан соттардың талап қою қайтарылуға жатады деген тұжырымы заңды болып табылады. Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген. ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 11) тармақшасына сәйкес, сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымы мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.