Қ А У Л Ы
2026 жылғы 14 мамыр №6003-26-00-2к/1470 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Ж.Қ.Рүстембеков,
арыз беруші Н[...], оның өкілі Е[...],
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында арыз беруші Н[...] сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы бойынша электрондық азаматтық істі Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына арыз берушінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
Н[...] сотқа өзіне банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беріп, арызын кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындауға қабілетсіздігімен негіздеген.
Іс мүдделі тұлғалар «KB[...]», «ЕБ[...]», «HCB[...]», «ҚХБ[...]», «ACB[...]» (F[...] Bank) акционерлік қоғамдарын, «Р[...]» микроқаржы ұйымы», «АК[...]» коллекторлық агенттік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін, жеке сот орындаушылар Б[...], Б[...], Т[...] қатыстыру арқылы қаралған.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Арызданушы кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыруды сұрайды.
Арызданушының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, үшінші тұлғалардың өкілдерінің қарсылықтарынн тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (әрі қарай - Заң) 1-бабының 12) тармақшасына сәйкес, төлемге қабілетсіздік – борышкердің ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзгеде талаптарды толық көлемде орындауға қабілетсіз болуы.
Заңның 6-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес, борышкерге тиесілі мүлік құнының оның барлық міндеттемелерінің (оның ішінде орындалу мерзімі
басталмаған) мөлшерінен асып кету фактісі және (немесе) тұрақты кірісінің болуы сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арыз беруге негіздер болып табылады.
Сотқа сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруге негіздер болып: 1) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осы Заңның 1- бабының 11) тармақшасында көзделген кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша арыз берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 600 еселенген мөлшерінен асатын міндеттемелердің болуы; 2) өзге кредиторлар алдында міндеттемелердің болуы; 3) осындай арыз берілген күні қатарынан он екі ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерді өтеудің болмауы; 4) арыз берілген күні жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану фактісінің болмауы; 5) борышкерге қатысты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімнің жүргізілуі. Заңның 36-бабының 1-тармағына сай, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді сот қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып қабылдайды.
Қаржы басқарушысы 2024 жылғы 15 қыркүйектегі қорытындысында арыз берушінің төлемге қабілетсіз, оған сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздердің бар екенін көрсеткен.
Арыз берушінің кредиторлар алдындағы жалпы қарызы 14 872 247 теңгені құрайды, оның ішінде: «Kaspi Bank» АҚ-на 1 830 466 теңге, соңғы төлем 2019 жылғы 9 мамырда жасалған; «Евразиялық Банк» АҚ-на 7 022 472 теңге, соңғы төлем 2023 жылғы 11 қыркүйекте жасалған; «Home Credit Bank» АҚ-на 2 951 133 теңге, соңғы төлем 2023 жылғы 13 ақпанда жасалған; «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на 2 807 577 теңге, соңғы төлем 2023 жылғы 27 ақпанда жасалған; «Aiatau Citi Bank» АҚ-на 28 915 теңге, соңғы төлем 2023 жылғы 28 ақпанда жасалған; «Робокэш.кз» микроқаржы ұйымы ЖШС-не 149 760 теңге, соңғы төлем 2023 жылғы 13 сәуірде жасалған; «Актив Коллекшн» коллекторлық агенттік» ЖШС-не 51 465 теңге, соңғы төлем 2023 жылғы 3 сәуірде жасалған; жеке сот орындаушы Б[...] 8624 теңге; жеке сот орындаушы Т[...] 8625 теңге; жеке сот орындаушы Б[...] 13 176 теңге. Айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2025 жылы 3 932 теңге болған, яғни Н[...] арыз берген күнге оның кредиторлар алдындағы міндеттемелері айлық есептік көрсеткіштің 1 600 еселенген мөлшерінен асады. Сонымен қатар, сотта Н[...] екінші деңгейдегі банктегі есеп-шотынан қаржылар ұсталынып, 2024 жылғы 29 мамырда 17 250 теңге, 5 сәуірде 17 250 теңге, 9 сәуірде 17 250 теңге айыппұлдары төленгені, яғни, Н[...] қатарынан он екі ай ішінде қолданыстағы міндеттемелері бойынша кредиторлар алдындағы міндеттемелерін өтеуі болғаны анықталған.
Төменгі сатыдағы соттар жоғарыда көрсетілген мән-жайларды және арыз берушінің жұмыс жасап, кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындауға
мүмкіндігі бар екенін, оның жұмыспен қамту органына тіркелмегенін, жұмысқа жарамды жұбайы және кәмелет жасына толған үш балалары бар екенін назарға алып, арызданушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігі жойылмаған, қарызын өтеуге жұмыс пен қаражаттың уақытша болмауы арызданушыны банкрот деп танудың сөзсіз негіз болмайды деп танып, арызды қанағаттандырудан бас тартқан.
Осы орайда, соттар арыз берушінің ортақтасқан меншігіндегі «Lexus [...]» және «ВАЗ 21074» маркалы көлік құралдары қаржы басқарушысымен бағаланбағанын, олардың құны есебінен арызданушының қарызын жабу мүмкіндігі анықталмағанын ескеріп, қаржы басқарушысының қорытындысын заң талаптарына сәйкес келмейді деп танып, негізге алмағаны да дұрыс.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Алайда іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы күшінде, арыз берушінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
М.Қадырова
Ж.Рүстембеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.