ВС РК - Постановление от 01.04.2025 по делу 6001-25-00-3Г/251 (Гражданское)

№ 6001-25-00-3г/251

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 1-сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «АГК Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30қазандағы қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, Серіктестіктің мемлекеттік сатып алуға ашық конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру кезінде конкурстық баға ұсынысына әсер ететін жалған мәліметтер бергенімен негіздеген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 12-шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30-қазандағы қаулысымен шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатының сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сатының сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі ‑ АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Басқарма құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жариялап, ал Серіктестік әлеуетті өнім беруші ретінде конкурсқа қатысуға өтінімдер берген.

Серіктестік өтінім беру кезінде жұмыс тәжірибесін бекітетін құжат ретінде Атырау облысы, Исатай ауданында орналасқан объектісі бойынша

тапсырыс беруші ретінде Дара кәсіпкер (бұдан әрі - ДК) Утемис Калиевич Рспаевтың 2023 жылғы қараша айында жұмыс жасағаны көрсетіліп, оны растайтын құжат ретінде 2023 жылғы 15-қарашада орындалған жұмыстар актісін ұсынған.

Осы мәліметті нақтылау үшін Басқарма «Атырау облысы Исатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-не (бұдан әрі - Бөлім) хат жолдаған. Аталған мемлекеттік тапсырушының жауабына сәйкес мердігер ДК Утемис Калиевич Рспаевпен жасасқан келісім шарт бойынша орындаушы тарапынан қосалқы мердігерлердің тартылмағаны туралы ақпарат берілген.

Осылайша, талап қоюшы жауапкердің конкурстық құжаттамаға біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша өтінім бергенде анық емес ақпарат берген деген негізбен сотқа аталған талаппен жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдау кезінде, ДК У.К.Рспаевтың Исатай ауданында орналасқан объектіде тапсырыс беруші ретінде қосалқы мердігер тартуға жазбаша келісім алмағанымен және қосалқы мердігер туралы ақпарат ұсынбағанымен негіздеген.

Сонымен бірге сот, жауапкермен сот отырысында дәлелдеме ретінде ұсынылған ДК У.К.Рспаев пен Серіктестіктің арасында жасалған шартты негізге алмаған. Өйткені шарт бойынша жұмыс көлемі орындалғанымен, бірақ, оның ақысын төлеу бойынша шот-фактуралар немесе есеп-шоттарға аудару туралы құжаттар ұсынылмаған яғни, шарттың 2.3, 2.4 тармақтарында көзделген талаптар орындалмаған.

Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспеген. Апелляциялық сатыдағы сот, Серіктестікпен шарт бойынша мердігер ретінде 2023 жылы қараша айында Исатай ауданында орналасқан объектіде жұмыстарды орындағаны және шартта ДК У.К.Рспаевтың тапсырыс беруші ретінде көрсетілгені сотта анықталғандықтан, ДК У.К.Рспаев пен Серіктестіктің арасында жасалған шарт бойынша жұмыстар орындалған деген қорытындыға келген. Сондықтан Серіктестіктің ұсынған құжаттарын жалған және оларды дәлелдеме ретінде қабылдамауға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Ал, талап қоюшының келтірген уәждерін негізсіз деп тапқан.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, оның істі бір жақты қарағанын уәждеген.

Серіктестік әлеуетті өнім беруші ретінде конкурсқа қатысуға өтінімдер беріп, жұмыс тәжірибесін бекітетін құжат ретінде 2023 жылғы қараша айындағы орындалған жұмыстар туралы актіні ұсынған. Аталған актіде Серіктестік Исатай ауданында орналасқан объекті бойынша қызметін қосалқы мердігер ретінде орындағаны және тапсырыс беруші ретінде ДК К.К.Рспаев көрсетілген.

Осы мәліметті нақтылау үшін Басқарма «Атырау облысы Исатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі,

автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-не 2024 жылғы 13-наурызда хат жолдаған.

Бөлімнің 2024 жылғы 15-наурыздағы жауап хатында, 2023 жылғы 28тамызда ДК У.К.Рспаевпен жасалған шарт бойынша жұмыстарды орындау барысында қосалқы мердігер тартылмағаны туралы көрсетілген.

Серіктестік тапсырыс беруші ДК У.К.Рспаевтың объектісіндегі Исатай ауданында автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі жұмысты атқаруға шарт ұсынған.

Келісім шартта 2.3, 2.4 тармақтарында орындалған жұмыстар бойынша ақы мердігердің тапсырыс берушіге жіберген счет-фактурасы мен орындалған жұмыстар туралы актіге тапсырыс берушімен қол қойылғаннан кейін, мердігердің есеп-шотына аудару арқылы жүзеге асатыны туралы көрсетілген.

Алайда бірінші сатыдағы сот отырысында келісім шарттың 2.3,.2.4тармақтарында көзделген құжаттаманы сұратқанымен, жауапкер өкілі мердігер мекеме ДК У.К.Рспаевпен жасақталған келісім шарт және екі жақты қол қою актісін ұсынумен шектелген.

Басқарманың келтірген уәждеріне сәйкес, Серіктестікпен орындалған жұмысты сенімді түрде растайтын барлық дәлелдемелер ұсынылмаған.

Бөлім мен ДК У.К.Рспаевтың арасында жасалған № 63 шарттың жалпы құны 33 669 728,96 теңге. Осы шарттың 8.7-тармағында жеткізуші - мердігер ДК У.Қ.Рспаевқа жұмыс көлемін толық немесе ішінара үшінші тұлғаларға беруге тікелей тыйым салынатыны көзделген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (2023 жылғы редакциясында) 43-бабының 23-1-тармағына сәйкес, жұмыстарды орындау үшін қосалқы мердігерлерге берілуі мүмкін жұмыстардың шекті көлемі жиынтығында орындалатын жұмыстардың екіден бір көлемінен аспауға тиіс.

Алайда, жауапкердің қосалқы мердігер ретінде атқарылып, ұсынған жұмыстар актісі 33 669 728,96 теңгені құрап отыр.

Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенін және жоғарыда аталған заң талаптарын негізге ала отырып, бірақ оны апелляциялық сатыдағы сот дұрыс қолданбағанын өтінішхатта келтірілген.

Сонымен қатар, Серіктестік пен У.К.Рспаев арасындағы 2023 жылдың қараша айындағы жұмыстарды аяқтау актісі көлемі мен мерзімі бойынша ДК У.К.Рспаев пен Бөлім арасындағы (қазан, қараша, желтоқсан) актілерге сәйкес келмейді. Осылайша, апелляциялық соттың қорытындылары істегі дәлелдемелерге сәйкес келмейді деуге негіз бар.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот отырысына қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30-қазандағы қаулысын қайта қарау туралы «Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Т.Балкен

Көшірмесі дұрыс

Судья М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.