КСАД РК - Постановление от 13.01.2026 по делу 6003-25-00-4к/1722 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 13 қаңтар 6003-25-00-4к/1722 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Г.Б.Дүйсенбаев, Н.М.Кабдрахманова,

талап қоюшы Н.А.Бисенов пен оның өкілі Б.Ж.Молдажаровтың, жауапкер жеке сот орындаушысы Ж.Ж.Наурызбаевтың,

мүдделі тұлға Г.К.Бисенова мен оның өкілі М.А.Кушакованың, аудармашы Г.Н.Нұрланованың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Нұрқасым Айдосұлы Бисеновтың жауапкер жеке сот орындаушысы Жанболат Жардемович Наурызбаевқа 2025 жылғы 12 наурыздағы алимент төлемдері бойынша берешекті анықтау туралы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою және алимент төлемдері бойынша берешекті қайта есептеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысына жауапкер және мүдделі тұлғаның келтірген кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Талап қоюшы Н.А.Бисенов жеке сот орындаушысы Ж.Ж.Наурызбаевқа (бұдан әрі – сот орындаушысы) қатысты жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Алимент төлемдері бойынша берешекті анықтау туралы 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулының күші жойылып, жауапкерге алимент төлемдері бойынша берешекті қайта есептеу міндеті жүктелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымындарында жауапкер мен мүдделі тұлға Г.К.Бисенова соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымдардың уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, тараптардың, мұдделі тұлғаның өкілдерін, мамандарды тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай құқықбұзушылықтар орын алған.

Іс құжаттарына қарағанда, Н.А.Бисеновтен 2018 жылғы 12 қазандағы сот бұйрығымен Г.К.Бисенованың пайдасына 2006, 2012, 2013 және 2017 жылдары туылған балаларын асырап бағу үшін ай сайын табысының және (немесе) өзге де табысының ½ мөлшерінде алимент өндірілген.

Осы сот бұйрығы негізінде жеке сот орындаушысы Ж.А.Әбдірахманмен 2018 жылғы 3 желтоқсанда атқарушылық іс жүргізу қозғалған, кейін ол 2023 жылғы 6 желтоқсанда жеке сот орындаушысы Ш.Т.Самбаеваға, одан соң 2025 жылғы 27 қаңтарда жауапкерге берілген.

Жауапкердің 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен аудиторлық қорытынды негізінде талап қоюшының 2020 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 қазанға дейінгі 863611618 теңге ұтыстары және 600000 теңге жалақысының қосындысынан барлығы 432105809 теңге алимент берешегі анықталған.

Төменгі сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, ұтыстардан түсетін кірістерді есептеу бойынша заңнамада бекітілген әдістеменің болмауымен және жауапкер өндіріп алушының пайдасына талап қоюшының шотына түскен барлық қаражатты дәлелсіз түрде кіріс ретінде есепке алғанын, ал бұл Н.А.Бисеновтың қаржылық жағдайын бұрмалауға және оның міндеттемелерін жасанды түрде ұлғайтуға алып келеді деп негіздеген.

Кассациялық сот бұл тұжырымдармен келіспейді.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 99-бабының 1, 2- тармақтарына сәйкес алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.

Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады. Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды.

Сот орындаушысы берешек айқындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қаулыны танысу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарына жібереді. Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.

Сонымен қатар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 169-бабының 3- тармағында осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды делінген.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен кәмелетке толмаған балаларды асырапбағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі бекітілген. Одан басқа «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 72)-тармақшасына сай ұтыстар – салық төлеушілердің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздарға байланысты ұтыс ойындарын қоса алғанда, ұтыс ойындары бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегі кірістердің кез келген түрі, сондай-ақ құмар ойында және (немесе) бәс тігуде алынған мүліктік пайда түріндегі кірістер деп көрсетілген.

Салық кодексінің 321-бабының 10)-тармақшасы және 327-бабының 3)тармақшасына сай жеке тұлғаның жылдық кірісіне төленген (төлуге жататын) ұтыстар кіріс болып табылатыны айқындалған.

ӘРПК-нің 72-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мәнжайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысымен Н.А.Бисеновтың қосымша табыстарын анықтау және сол табыстар бойынша алименттік берешекті есептеу мәселесі бойынша жеке сот орындаушысы Ш.Т.Самбаеваның әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.

Осыдан кейін Н.А.Бисеновтың кірістерін анықтау мақсатында сот орындаушысы Ш.Т.Самбаева Заңның 24-бабына сүйене отырып, 2024 жылғы 20 қарашада «Qazaq Audit Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «Qazaq Audit Group» ЖШС) аудитор маманын тартқан.

Талап қоюшының түсініктемесінен анықталғаны, осы маманды тартуға ықпал еткен және оның ақысын төлеген Н.А.Бисенов өзі болған.

«Qazaq Audit Group» ЖШС-нің аудитор маманымен 2024 жылғы 20 желтоқсанда аудиторлық қорытынды әзірленіп, 2020 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 қазанға дейін Н.А.Бисеновтың ұтыстары 863611618 теңгені құрағаны, ал мөлшерлемелерге 968203670 теңге жұмсалғаны, нәтижесінде 104592052 теңге шығын болғаны анықталған.

Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің 2025 жылғы 11 ақпандағы жауабында Салық кодексінің 321 және 327-бабтарына сілтеме жасалып, жеке тұлғаға төленген (төлуге жататын) ұтыстар кіріс саналатыны және мөлшерлемелер назарға алынбайтыны туралы түсіндірілген.

Н.А.Бисенов ұтыстарының жалпы сомасы 863611618 теңге болғанын, тек қана «Fonbet» емес, «Olimpbet» букмекерлік кеңсесінен де ұтыстары болғанын және ақша «Kaspi Bank», «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамдарындағы есеп шоттарына түскенін растады. Аудитор маманның қорытындысына сәйкес талап қоюшының 2020 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 қазанға дейінгі аралықтағы кірістеріне 863611618 теңге ұтыстары және 600000 теңге жалақысы кіреді.

Кассациялық сот аудитор маманның қорытындысын негізді деп табады, өйткені есепке тек қана кірістер деп санауға жататын талап қоюшының табыстары алынған.

Кассациялық сотпен маман ретінде тартылған «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Д.К.Махметова да ұтыстар кіріс болып табылатынын, Салық кодексінің 358-бабы 2-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес, салық агенті табыс алушы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын әрбір жеке тұлға бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару туралы мәліметтерді жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияға қосымша ретінде ұсынатынын түсіндірді.

Талап қоюшы жалпы 104592052 теңге ұтылғаны, ал 600000 теңге жалақысын аванс ретінде алғаны, сондықтан маманның қорытындысында көрсетілген сомалар табыстарға жатпайтыны туралы уәждерді келтірді.

Алайда ұтыс та, аванс ретінде алынған жалақы да жеке тұлғаның кірістеріне жатады. Ол туралы талап қоюшы білуге тиісті, өйткені ол «Экомед Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде есепші болып жұмыс жасайды, жалақысынан төленетін алимент сомасын өзі есептейді.

Сондықтан талап қоюшының бұл уәждерін кассациялық сот негізсіз деп табады.

Заңның 16-бабының 2-тармағына сәйкес атқарушылық іс жүргізу тараптары өздеріне берілген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның талаптарын орындауға міндетті.

Борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты және орналасқан жерінің өзгергені, сондай-ақ жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті. Сонымен қатар Кодекстің 138-бабының 1-тармағына сай ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Талап қоюшы бұл міндеттерін тиісті түрде орындамаған.

Заңды күшіне енген Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысымен Н.А.Бисенов «HYUNDAI Palisade» автокөлігін, құны 472650 теңге мемлекеттік тіркеу нөмірін, жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсаған табыстарын жасырғаны анықталған.

Талап қоюшы балаларына алиментті жалақысынан ғана есептеп, Г.К.Бисеноваға 150000-200000 теңгеден төлеген, ал қаражатының басқа бөлігін құмар ойындарына жұмсап отырған.

Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот Н.А.Бисеновтың алимент төлемдері бойынша берешегін анықтау туралы сот орындаушысының қаулысын заңды деп табады, жауапкерге алимент төлемдері бойынша берешекті қайта есептеуді міндеттеуге негіз жоқ.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдануға, ал кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімінің, Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жауапкер жеке сот орындаушысы Ж.Ж.Наурызбаев пен мүдделі тұлғаның өкілі М.А.Кушакованың кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Г. Дүйсенбаев

Судьялар: Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.